"Түркістанның" кітапханасы

"Түркістанның" кітапханасы

"Түркістанның" кітапханасы
ашық дереккөзі

«Түркістанның» өз кітапханасы бар. Бүгіннен бастап, ол кітапханада
қазақтың маңдайына біткен қайраткерлері мен қаламгерлерінің әр жылдары жазылған
естеліктері, күнделіктері тұрақты түрде беріліп  отырады. Бұл кітапхананың
алғашқы тұсаукесерін Бауыржан Момышұлының «Көз алдымда бәріңсің» атты
естеліктері мен күнделіктері топтасқан жинағынан бастауды жөн көріп отырмыз.


Шаштараз


Ғабиттің Жазушылар Одағына бастық кезі. Шаруам болып кабинетіне
кіріп барсам, Ғабекең долданып, алдындағы консультантына ұрсып тұр екен.
Кірерімді кірсем де, шығарымды білместен дағдарып қалдым.

–Барғын! – деп консультантына дауыстады да, маған назары түсіп:

–Е, жоғары шық, отыр, – деді.

Мен отырдым. Ғабит үн қатпай қанын ішіне тартып біраз отырды.

–Ақсақал, бір болар-болмас шаруамен келіп едім. Бүгін ашулы
екенсіз. Айтпай-ақ қояйын. Тағы да бір сәті түсіп, жадырап отырғаныңызда
келермін…

–Жоқ. Отыр… Ашуланып отырғаным рас. Қалай ашуланбассың. Мен
 шет елге жүрмекпін жақында… Біз Қазақстанда жиырма миллион гектар тың
жыртыппыз… Осы қазақтан жиырма-отыз озат механизатор-тыңшылардың тізімін
бергін деп тапсырсам, жаңағы құр қол келіп отыр… Бұған қалай ашуланбайсың,
өзің айтшы?

– Оның несіне ашуланасыз? Одан басқа да қолдағы мағлұмат бар емес
пе?

– Қандай?

– Біздің қазақта отыз мың милиционер, жиырма министрлер бар екені
өтірік пе? Соны ғана айтсаңыз болып жатыр ғой…

–Ей, сен де оңбағанның біреуі екенсің ғой, – деді Ғабит тағы да
ашуланып, кейіннен барып күліп.

–Иә, милиционерлер мен министрлеріміздің көп екені рас… К
сожалению, у нас две крайности, середину мы не знаем… У нас нет
электромонтеров, часовых мастеров, поваров, портных, парихмахеров…, – деп
күрсінді.

Арада бір ай өтті.

Мен жең жағасы оқалы генеральный штабтың мундирін киіп, Фурманов
көшесіндегі шаштаразға бардым. Кезегімді күтіп алдыңғы бөлмеде отырмын.

– Следющий!

Залға еніп, бос креслоға отырдым.

–Не істелік, жолдас полковник? – деді иығымнан біреу. Бұрылып
қарасам: үстінде ақ халаты бар, орта бойлы, тәмпіш мұрынды, кірпік шешен
түксиген қою қара шашты қазақ жігіті екен.

«Астапыралла! Елуге келгенде қазақтан бірінші шаштараз көріп
отырмын» деп ішімнен таң қалдым.

– Желкем, мен самай шаштарымды реттегін, қарағым, – дедім.

– Қазір, ағасы, – деді мастер мойынымды сейсеппен орап, іске
кірісе бастады. Өте пысық, қолы-қолына тиер емес… Машинкені тастап қайшымен
тегістей бастады…

–Жолдас полковник, сізге сұрақ берсем айыпқа бұйырмайсыз ба?

– Сұрағын, қарағым.

–Сіз Мәлік Ғабдуллинді білесіз бе?

– Білемін. Майданда бірге болғанбыз.

–Талғат Бигелдиновты білесіз бе?

– Білемін. Бірақ ол жігітпен онша таныс емеспін.

–Мен жақында станцияға бір апамды шығарғалы барып едім. Перронда
бір қазақ морякті көріп, қасына барсам, әлгінің формасы морской
болғанмен,  погоны интендантский екен… Мен алдымен «ойпырмай, біздің
қазақтан да капитан первого ранга бар екен ау» деп ішімнен қуанып әдейі қасына
барып едім…

Мен күлдім де:

–Мүмкін бар да шығар. Алматыда теңіз жоқ қой, – дедім.

– Жолдас полковник, қазақтан генерал бар ма?

–Бар. Жексенбаев деген генерал бар.

–Ол кісі әлгі технический войскінің генералы ғой. Әлгі әскерді шын
басқарған строевой, настощий генерал бар ма?

– Генералдың бәрі генерал ғой, қарағым…

– Жоқ, жолдас полковник. Мен әскерде болғанмын. Генерал мен
генералдың айырмасына түсінемін.

–Оның дұрыс екен, – деп тағы да күлдім.

Қайшысын жалаңдатып шашымды алып жатқан жігіт:

– Тағы сізге бір сұрақ, – деді.

–Сұрағын.

–Әлгі Бауыржан Момышұлы дейтін Отан соғысында ерлік көрсетіп, әскер
тобын бастап, командир полка, командир дивизии болған екен, бірақ та өзі мінезі
жаман құдай атқан кісі екен. Сол мінезінен бастықтарға жақпай көп нәрседен құр
қалыпты… Егер де сол оңбағандығы болмаса, ол кісіге батыр атағын да, генерал
атағын да бермек екен, бірақ өркөкірек, оңбаған мінезі бүлдіріпті. Жолдас
полковник, сіз Бауыржан Момышұлын білесіз бе?

Мен не айтарымды білместен біраз үн қатпадым.

–Ол кісінің қайда екенін білесіз бе? Меніңше, сол кісі сіздің
алдыңызда отыруы керек, – дегенімде, шаштараз жігіт шошынып секіре шегінді.

– Ағатай, ағатай, сізбісіз? Кешіріңіз.

Қайта жақындады. Мен күлдім. Ол сасқалақтап қайшысын сумаңдатып,
самай шашымды ала бастады. Түріне қарасам, шып-шып терлеп кетіпті.

– Сен мені ненормальный қазақ дедің ғой.

–Жоқ! Құдай сақтасын.

–Сен де ненормальный қазақсың.

– Неге?

–Нормальный қазақ должен быть или милиционером или министром, а ты
парикмахер, – дегенімнің әзіл екенін түсініп, күліп:

–Ақсақал, шаш алып, сақал мұртты басатын да біреу керек шығар, –
деді ол.

– Кемітіп айтып отырғаным жоқ. Қуанып айтып отырмын, шырағым.

–Түсіндім, ағасы.

–Рахмет, қарағым, – деп қоштастым.

Дайындаған Гүлзина Бектасова