Украина кімнен жасқанды?
Украина кімнен жасқанды?
Украина Еуроодақпен келісімге қол қою жөнінде мәселеге шындап кіріскенде Ресейдің абдырап қалғаны бар. Олар бірден іске көшіп, Украинаны жан-жақтан қыспаққа ала бастады. Біресе Путин, біресе Медведев мәлімдеме жасап, Еуроодақтан бұрын Кедендік одаққа кіру керектігін ашық айтты.
Бастапқыда Янукович алған бетінен қайтпайтындай көрінген. Алайда, Ресей мен Украинаның арасы газ мәселесіне байланысты ушыға түсті. Қит етсе, көгілдір отынды алға тартатын ресми Мәскеу бұл жолы қалай да, Киевтің бетін Еуроодақтан қайтаруға күш салды. Өткенде «Газпром» басшысы Алексей Миллер Медведевпен кездесуінде Украинаның газға төлейтін қарызының шаш етектен екенін айта келе, «Нафтогаздың» тамыз айынан бергі қарызы 882 млн. АҚШ долларына жеткенін мәлім етті.
2009 жылы Путин мен Тимошенконы мәмілеге келтірген құжат алдағы он жылдағы көгілдір отынның мәселесін шешуі керек болатын. Бұл құжат арадағы делдалдық құрылымдарға шектеу қойып, Украинаға 20 пайыздық жеңілдікпен газ жеткізуді де қарастырған. Алайда, Украинаның таңдауы Еуроодаққа түсіп еді, Ресейдің де көзқарасы өзгеріп сала берді. Сөйтті де, Ресей «газ соғысын» саяси күрестің қаруына айналдырып әкетті.
Ал бұдан кейін тығырыққа тірелген Украина премьері Николай Азаров Рададағы депутаттардың алдында: «Біз әзірге Еуродақтан бас тартамыз. Бізге әлі уақыт керек…» деген сарында мәлімдеме жасады. Украина үкіметінің бұл шешіміне халық наразылық танытып, жүзден аса адам ел үкіметінің Еуроодақпен келісімге қол қоюының тоқтатылуына қарсы шеруге шықты. Олар өз сөзінде Украинаның Ресеймен қарым-қатынасын жаңғыртуын қаламайтынын жеткізді. Ереуіл кезінде наразы топ: “Украина дегеніміз – бұл Еуропа», – деп ұрандатты. Ал саяси сарапшылардың пайымдауынша, президент Виктор Янукович аталған қадамға әдейі барып отыр. Оның мақсаты – экс-премьер Юлия Тимошенконы қамаудан босатпай-ақ, Еуроодақпен жақындасу. Естеріңізге сала кетсек, Еуроодақ «Украина аталған келіссөзге келу үшін Тимошенконы шетелге емделуге жіберуі тиіс», – деп шарт қойған болатын. Бірақ Украина үкіметі оның шетелде ем алуына рұқсат беретін заң жобасын қолдаған жоқ. Сол себепті Тимошенко қамаудан босатылмайтын болды.
Дәл осылай айбат көрсеткен Ресей Украинаның «болашағына» балта шапты. 28 қараша күні Вильнюсте өткен Шығыс серіктестігінде Янукович Еуродақпен келісімге қол қоймады. Неге? Ресей өз дегеніне қалай жетті? Күні кешегіге дейін Еуроодаққа ұмтылған Украинаның келісімнен бас тартуына не себеп?
Кейбір сарапшылар Киев Мәскеудің қысымына төтеп бере алмайтынын нақты көрсетті десе, ал украиндық патриоттар: «Біз биыл болмаса, жаңа 2014 жылы Еуроодақтың төрінен шығамыз» дегенді айтуда. Қалай болғанда да, Украинаның жарты жолдан қайтуына Ресейдің ықпалы бар. Бір аяғымен Еуроодақ табалдырығын басқан Янукович екінші аяғын Ресейдің батпағынан суырып ала алмаған сияқты.
Украинаның Еуроодақпен келісімге келуден неге бас тартқандығы жөніндегі сараптаманы газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Динара Мыңжасарқызы