ҚАЗАҚ САЙТТАРЫНЫҢ САПАСЫ НЕГЕ ТӨМЕН?
ҚАЗАҚ САЙТТАРЫНЫҢ САПАСЫ НЕГЕ ТӨМЕН?
“Стратегия” әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы” ҚҚ ұйымдастыруымен, “Қоғамдық-саяси бағыттағы қазақтілді интернет бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі жағдайы, мәселелері және даму үдерістері” тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелде Қазақ интернетіне қатысты мәселелер сөз болды.
Шараның басты мақсаты – қазақ сайттары мен интернетінің бүгінгі жағдайы мен даму үдерістері, оның саяси, әлеуметтік, рухани өмірдегі рөлі т.б. “Қазақтілді интернетті қолданушылардың келбеті” тақырыбына баяндама жасаған мультимедиа маманы Асхат Еркімбайдың айтуынша, бүгінде интернетке мобильді құрылғымен (ұялы телефон, планшет, IPad т.б.) кіру жеңілдеп, оқу-ағарту саласында қазақ тіліндегі ақпаратқа сұраныс артқан: “2009 жылы Zero деректерінде) үш пайыз деген, бұл күмәнді. Әрі бұл көрсеткішке Моңғолия, Қытай т.б. елдердегі қазақша сайттар енбеген”.
Дөңгелек үстелде сарапшылардың баса назар аударған проблемасы – жаңа медианы, ақпараттық технологияларды меңгеруде сауат ашу жұмыстары жүйелі жүргізілмегендіктен, контент жасаушылар контент тұтынушыны тәрбиелеу үстінде. Қазіргі қазақ сайттары арасында бейнелі, яғни, визуалды дүниелер аз кездеседі. Ал сайттар көмегіне ең көп жүгінетін топ – мектеп оқушылары тарапынан денсаулық саласына, әсіресе, психологиялық тұрғыда көмекке зәру жастар сұрайтындар қатары артқан. Олардың көпшілігі оңтүстік аймақтан көрінеді. Ата-ана арасындағы түсінбеушілік, ұрыс-керістен шаршағандар, психологиялық күйзеліске түскендер т.б. сайттарға хат жазып: “Маған кеңес беріңіздерші, кейде тіпті, өз өзіме қол салғым келеді. Өмірден шаршадым”, деп шағымданады екен. Бүгінде Қазақстан бойынша жасөспірімдер арасында суицид жоғары. Демек, мұның алдын алу үшін арнайы мемлекет пен құзырлы органдар тарапынан жүйелі түрде жұмыс жүргізілуі тиіс. Мәселен, кәсіби мамандар кеңес беретін сайттар ашу аса маңызды. Сонымен қатар ағартушылық бағыттағы қазақ сайттарына ұстаздар қауымы да жиі жүгінеді екен. Өйткені, мұғалімдердің бос уақыты аз, керек нәрсесін Интернеттен қазақша іздейді. Бірақ Google желісінде алгоритм қазақша сөздерді түсінбейтіндіктен, қазақша іздеген керегіңді табуда қиындық туғызады. Тағы бір қиындық, контент тұтынушылардың сапасы төмен. Оларды тәрбиелеуге, анығында, аймақтарды түгел интернетпен қамтуға мемлекеттен қыруар қаржы бөлінуде. Өкініштісі, нәтиже аз. Мысалы, ауылдағы ағайынға ай сайын интернет үшін 3 мың теңге төлеп отыру қиын.
«Жарнаманы орыстілді сайттарға береді»
“Қазақтілді интернет бұқаралық ақпарат құралдарындағы әлуметтік және саяси мәселелерінің көрінісі” тақырыбына жасаған баяндамасында qaznews.kz интернет сайтының редакторы Дәурен Омаров: “Қазақтілді сайттардың деңгейі төмендеп кеткен себебі, әлеуметтік желілерде сөз бостандығы көбірек әрі жылдам ақпарат алмасуға мүмкіндік бар. Мәселен, жаңа босанған жас келіншек баласын қолына алды ма, алмады да білмеймін. Бірақ әлеуметтік желіге “Мен жаңа ғана босандым” деп сүйінші сұрапты. Тағы бір мәселе, қаражат аз. Инвесторлар орыстілділерге көбірек ақша құйғанды қалайды. Олар орысша жарнама берсек, саясатымыз, насихатымыз өтімдірек болады деген көзқараста сияқты. Өкінішке қарай, қазақтілді сайттарғға сенбеушілік те бар”.
Шараға қатысушыларға “Стратегия” әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы” ҚҚ президенті Гүлмира Илеуова: “Қазақтілді контент саясатқа қызығады деген деректерді оқыған едім. Сіздер керісінше, өзге салаларға бүйрегі бұратынын айттыңыздар. Оның себебі неде? Жастар Қазақстанда жүргізіліп отырған саясатқа қызықпай ма, әлде жалпы әлемдегі саясатқа ма?” деп ортаға сауал тастаған. Жауап берушілердің пікірі екіге бөлінді.
Дөңгелек үстелде мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы сөз болды. Мәселен, “қазақ сайттарының дамуына мемлекеттік тілдің әлсіздігі кедергі болуда” деген пікірді жақтаушы топтың пікірінше, қазақ сайттарының қаржылық тұрғыда мемлекетке тәуелді болуына әкеп соққан көрінеді: “Жарнама берушілер орыстілді БАҚ-қа қаражат құюға мүдделі. Осының салдарынан қазақ баспасөзі мен қазақ сайттары бәсең дамуда”.
«Ауылдағылар ас мәзірін де интернеттен алады»
Қазақстан үкіметі ақпараттық технологияларды жетік меңгерту саласында жұмыс жасауда. Бірақ жаңа медианың құлағында ойнайтын – негізінен жастар. Журналист әрі саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, қазір қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмау, ысырапшылдыққа ұрыну қазақ интернетінің дамуына кедергі: “Былтыр Елбасының өзі бір миллиард доллар игерілмей қалғанын айтты. 1990 жылдары мемлекеттік бюджеттің көлемі екі миллиард еді, қазір бір миллиард игерілмей қалған. Барлық мәселеде жоғары жақ мүдделі болуы тиіс. Интернет мәселесінде де солай. Көз алдыңызға елестетіңізші, қымбат көлікті ауылға әкеліп, кілтін табыстайды да кетіп қалады. Оны қалай жүргізетінін үйретпейді. Интернетті сауатты меңгеру де сол сияқты. Қазір қазақтардың көпшілігі оразасын қазақ сайттарымен ашатын болды. Ауылдағылардың да құлшынысы жоғары. Бұрын ауылдағы жеңгелеріміз тойға тек бір салат дайындайтын, қазір салаттың түрлісін жасайды. Мәзірін Интернеттен алдым дейді. Ресейдегі сайттар деңгейіне қазақ сайттары да технологиялық тұрғыда өссе деймін. Жарнамалары аз. Орыстілді сайттар бір бірін мақтайды, насихаттайды. Бізде керісінше, сынап, етектен, балақтан тарту бар. Жетпіс жыл бұрынғы геноцид, ауылдағы нашар ахуал туралы айтады да, дәл қазіргі жағдайға бара бермейді. Экономикалық, іскерлік тақырыптағы сайттар аз”.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған қатысушылар қазақ сайттарының сапасын арттыруға, контент жасаушылар мен тұтынушылардың сауаттылығын арттыруға, мемлекеттен ақпараттық технологияны, интернетті аймақтарда меңгерту үшін бөлінетін қаражаттың тиісті нысанға шашаусыз жетуін қадағалауды күшейтуге қатысты ұсыныстар айтты.
Нәзия Жоямергенқызы