Жаңалықтар

Оймақтай ой!

ашық дереккөзі

Оймақтай ой!

 

Дәурен Қуат:

  ЖЫН ДА ИКЕМІ БАРДЫ ИЕКТЕЙДІ

“Арамызда өзге ұлт өкілдері болмаса, біз – қазақ өзді-өзіміз қырылысып қаламыз” дейтіндердің доғал түсінігі әлі өзгере қоймапты. Тіпті тың тегеурін, соны бағыт тауып өрістей түскендей, беки түскендей. Қайбір күні былайынша аман-сәлеміміз түзу, сыйластықтағы кісімен тап осы тақырып бойынша расында “қырылысып” қалдық. Өй, өзі де бір даукес неме екен, өңешін созып қоймады. Сондағы айтатыны: қазақтың арызқойлығы (?), рушылдығы (?), парақорлығы, т.б. толып жатыр. Несі бар, ел болған соң бәрі де болады: арыз жазып, біреуді сыртынан көрсетпесе, жамандамаса, бойына ас батпайтын іші дертті пенделер біздің жұрттың ішінен табылмайды емес, табылады.

Тұтас ұлт, төрткүл дүниеде шаруасы жоқ, білетіні өз туғаны, өз қотаны, қысқасы меркантильді сананың мешеу күйінде қалған қара-құрадан құр алақанбыз деуге ауызымыз бармайды. Қандасының қысылған халін, кейбір мәселедегі қараңғылығын, сауатсыздығын пайдаланып, қызметін сауынды сиырға айналдырып алғандар да жетіп-артылады. Алайда, тұяққапты тірліктен ұзамайтын мұндай жандар өзге ұлттың өзегінде мүлде жоқ па екен? Бар. Бар болғанда қандай? Қазақ осы күнгі кейбір жаман мінезін жұқтырған. Анадан-мынадан… оның қайсібірін тізіп отырамыз.

Айтпақшы, “албасты да қабаққа қарап басады”, “жын да иектейтінін иектейді” – соғыстар, аштықтар, үрей мен қорқыныш табиғатын бұзып бастаған соң біздің елдің де елдікке қайшы ісі көп кейде көрініп жатады. Бірақ осының бәрі жиналып келгенде қазақтың “қырылысуына” себеп те, салдар да емес! Бұл – қолдан жасалып біздің миымызға қойылған программа. Ол программаны алып тастап, жаңа идеямен, биік мақсаттармен, мұратшылдықпен өмір сүретін уақыт келді. Сондай заманның туғанын менің әлгі танысымды қоя қойшы, биліктің өзі бек түсініп қимылдауы керек қой. Жоқ, біздің билік әлі мызғымай жатыр. Билік Қазақстанның қазақсыз болғанын қалайтын сияқты. Сондай бағыт, сондай ұстаным бар жоғары жақта. Сосын ғой кейбіреулер өзі мән-мағынасын білмесе де жаңағындай сөз айтып лағып жүреді.

Солай емес пе?