3 жыл Ресеймен алысқан Янукович

3 жыл Ресеймен алысқан Янукович

3 жыл Ресеймен алысқан Янукович
ашық дереккөзі

Украина билігі
соңғы сәтке дейін Еуроодақ келісіміне қол қоюға үмітті еді. Тіпті, Янукович
Белоруссияда бас қосқан ТМД мемлекеттері басшыларының алдында да «Украина
Еуроодақты таңдайды. Бұл біздің соңғы шешіміміз!» деп сенімді түрде сөйлегенде
де, істің нәтижелі болатынына ешкім күмән келтірмеген. Бұдан соң түн ұйқысы
төрт бөлінген ресейлік тарап ресми Киевтің шешіміне тісін қайрап, Еуроодақтан
бұрын Кедендік одаққа ену керектігі жөнінде қайта-қайта мәлімдеме жасаумен
болды.

Ресей газ соғысын жариялады


8cabf8faa3fbaf898f2118feaffa2a6b.jpg

Ол ол ма,
Вильнюсте өтетін «Шығыс серіктестігі» саммитіне азғантай уақыт қалғанда, Ресей
баяғы әдетіне қайта басты. Қит етсе, көгілдір отын мәселесін алға тартатын
ресми Мәскеу бұл жолы қалай да Киевтің бетін Еуроодақтан қайтаруға күш салды.
Іле-шала «Газпром» басшысы Алексей Миллер Медведевпен шұғыл кездесіп,
«Нафтогаздың» тамыз айынан бергі қарызы 882 млн. АҚШ долларына жеткенін
мәлімдей келе, олардан аванс талап ету мәселесін тілге тиек етті. Алайда, онсыз
да газдан теперіш көріп отырған Украинаға «қарыздың қайтарымы» үлкен соққы
болып тиген сияқты.

2009 жылы
Путин мен Тимошенконы мәмілеге келтірген құжат алдағы он жылдағы көгілдір
отынның мәселесін шешуі керек болатын. Бұл құжат арадағы делдалдық құрылымдарға
шектеу қойып, Украинаға 20 пайыздық жеңілдікпен газ жеткізуді де қарастырған.
Бірақ Украинаның таңдауы Еуроодаққа түсіп еді, Ресейдің де көзқарасы әп-сәтте өзгеріп,
«газ соғысын» саяси күрестің қаруына айналдырып әкетті.

536e73c19af41b465f5e016f38be5bbb.jpg

Ал бұдан
кейін тығырыққа тірелген Украина премьері Николай Азаров Рада депутаттарының
алдында: «Әзірге Еуродақтан бас тартамыз. Себебі, Ресей Украинаға келіссөзді
кейінге шегеру жөнінде кеңес беріп, екі елдің арасындағы сауда қарым-қатынасын
жақсартуды көздейтінін білдірді. Бұл келісім желтоқсан айында жүзеге
аспақшы…» деген сарындағы мәлімдеме жасағанда депутаттар да наразылығын
танытқан болатын. Олардың қойған талабы – президент Янукович ЕО-мен саяси және
сауда келісіміне қол қоюы тиіс. Алайда, халық биліктің беталысын байқады ма,
сол күннен бастап алаңда бейбіт шеру ұйымдастырды. Бекер күдіктенбеген екен, 28
қараша күні Вильнюстегі басқосуда Украина президенті В.Янукович Еуроодақпен
келісімге қол қоюдан бас тартты. Ресейдің қайсыбір қитұрқы айла-әрекетін
қаперге алмай, қалай да украин халқын Еуропаға жақындастырғысы келген басшының
бетін кім қайтарды?

«Шығыс
серіктестігі» саммиті аясындағы мемлекет басшыларының бейресми кездесуі кезінде
Литва президенті Даля Грибаускайте, Еурокомиссияның президенті Жозе Мануэль
Баррозу мен Украина президенті Виктор Януковичтің оңаша тұрып, әңгімелескені
таспаға түсіріліпті. Ондағы Литва президентінің: «Әттең, қол қойғаныңызда
ғой…» деген назды даусы анық естіліп тұр. Ал үшеуіне жақындап келген Германия
канцлері Ангела Меркельдің: «Біз бүгін жағымды жаңалық күтіп едік» дегеніне:
«Украинада экономикалық жағдай өте қиын. Бізге үлкен қауіп-қатер төніп тұр. Мен
тым болмаса, сіздің құлақ түргеніңізді қалар едім. Мен үш жарым жылдан бері
жалғызбын. Былайша айтқанда, осы қауқарыммен алып Ресеймен жалғыз алысып
келемін» деп жауап берген Януковичтің даусы зілді шыққан. Алайда, Литва
президенті қанша жерден жанашырлық танытса да: «Украина өзінің мәселелерін ЕО
пен Ресейдің иығына артуда. Қазір мемлекет ЕО келісімінен бас тарту арқылы
артқа шегініп кетті. Осы жерде Украинаның ұтылғанын көріп тұрмын», – деген ойын
жасырмай жеткізді.

02365951287bfbbfb17c2dc4e9e3c4f7.jpg

Сонымен,
Ресей Украинаға экономикалық қысым көрсетті ме? Дәл қазір Еуроодақ мемлекеттері
Януковичтің күтпеген жерден тосын қадам жасауын сан-саққа жүгіртуде. Олар қалай
да ресейлік биліктің немен алдарқатқанын білуге асық. Еуропарламенттің
Украинадағы мониторингтік миссиясының жетекшісі Пэт Кокс: «Ресей Киевке қандай
экономикалық көмек беруге дайын? Газын төмендетілген бағамен бере ме, жоқ па,
мұның бәрін білу маңызды. Себебі, біз әлі де келіссөзді басы ашық күйде
қалдырып отырмыз» деген пікірімен бөліссе, Швеция Сыртқы істер министрі:
«Кездесу кезінде Украина Сыртқы істер министрі Леонид Кожараның өзі ресейлік
билік тарапынан экономикалық қысым жасалғанын ашық мойындады» дегенді жайып
салды.

Иә, Путин
мен Медведевтің жандәрмен болатын жөні бар. Ертеңгі күні Украина Еуроодақтың
төрінде жүрсе, екі арадағы сауда-саттық та қыза түспек. Еуропадан
тасымалданатын арзан тауарлар ішкі нарықты жаулап алса, Кедендік одақ аясындағы
саясатқа да салқыны тиеді. Сол себептен әуелі Кедендік одақты тықпалаған Ресей
Украина мен Еуропа арасындағы баж салығынсызсаудадан қашқақтап отыр. Бұл алдымен Ресей экономикасының
құлдырауына әкелуі ықтимал. Қолда бар статистикалық деректің өзі Ресей үшін
жағымды емес. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында украиндық эскпорттың 27 пайызы Еуроодаққа
жол тартса, Ресейге тек 25 пайызы ғана жөнелтілген. Ал украиндық импорттағы
ЕО-тың үлесі 37 пайыз, Ресейдікі 29 пайыз. Демек, еуропалық-украиндық тауар
айналымының көлемі айтарлықтай артық екені көрініп тұр.

Сонда соңғы
сәтте Украинаның бір аяғын Еуроодақ табалдырығынан тартып алған Ресейдің ұтқаны
не? Осы сұраққа жауап іздеген мамандар Ресейге келіп-кетер пайданың шамалы
екенін айтады. Себебі, Украинаның жақын маңайда Кедендік одаққа кіретін түрі
жоқ. Оған елдің саяси және экономикалық әлеуеті жібермейді. Керісінше, екі
елдің арасы бұрынғыдан да ушыға түсуі мүмкін.


Екі аптаға созылған Еуромайдан


4363be58ce1e57a3ac721559deb7fd1d.jpg

Украина
премьері Азаровтың көңілжықпастық пікірінен соң, Рада депутаттары мен қарапайым
халық та бейжай қала алмады. Киевтің ашық алаңдарына жиналған көпшілік
уәдесінен тайқып, Еуроодақтан бас тартқан билікке қарсылық танытты. Әу баста
қала әкімдігі 50 мың адам қатысатын наразылық шеруіне рұқсат берген көрінеді.
Соңғы деректерге қарағанда, «Еуропаны Украинада құрамыз!», «Украина дегеніміз –
бұл Еуропа», – деп ұрандатқан еуротинтеграцияны қолдаушылардың саны 700 мыңға
жуықтаған. Олар бірауыздан Украинаның Ресеймен қарым-қатынасын қайта жаңғыртуын
қаламайтынын жеткізді. Ал саяси сарапшылардың пайымдауынша, президент Виктор
Янукович аталған қадамға әдейі барып отыр. «Оның мақсаты – экс-премьер Юлия
Тимошенконы қамаудан босатпай-ақ, Еуроодақпен жақындасу». Естеріңізге сала
кетсек, Еуроодақ «Украина аталған келіссөзге келу үшін Тимошенконы шетелге
емделуге жіберуі тиіс», – деген шарт қойған болатын. Бірақ Украина үкіметі оның
шетелде ем алуына рұқсат беретін заң жобасын қолдаған жоқ. Сол себепті
Тимошенко әзірге қамаудан босатылмайтын болды. Бірақ түрмеде отырған
экс-премьер Юлия Тимошенко халықпен бірге елдің Еуроодаққа қосылуын талап етіп,
митингі өткізіп жатқандарға қолдау білдіріп, аштық жариялады. Ол өз үндеуінде:
«Сіздерді қолдау мақсатында Януковичтің қауымдастық туралы келісімге қол қоюын
талап етемін» деген жалынды сөзін де арнаған. Сондай-ақ, Тимошенко «билік пен
халық екіге жарылғанда Украина авторитарлық жүйемен бетпе-бет қалмауы керек.
Сондықтан президент ЕО-қа қол қоймаса, Украина тағдыры шешілмейінше наразылық
шараларды да тоқтатпау қажет» депті.

0904a385c8fdf176596a4a2b9a2d5e79.jpg

Украина
президенті Еуроодақ келісіміне қол қоюдан бас тартқаны сол еді, Киевтің
алаңдары халыққа лық толды. «Украина Еуропаға кіруі керек!» деген үнпарақтарды
қолдарына ұстап, оны дауыстап айтқан жастар жағында белсенділік жоғары. «Янукович
мемлекеттің болашағын бұлыңғыр етті» деген ойларын ашық айтқан студенттер елдің
ертеңі үшін Ресейден гөрі, Еуроодақтың рөлі зор екендігіне сенімді. Ал алаңда
төбе көрсеткен оппозициялық партия өкілдері Януковичке импичмент жариялау керек
десе, енді бірі премьер-министр Николай Азаров пен министрлер кабинетінің
отставкаға кетуін талап етті. Олар бір мезгілде президент және парламент
сайлауының өтуін құптайды. Әр жерден пікірін дауыс зорайтқыштар арқылы жария
етушілердің қатары көбейген сайын, алаңда бейберекетсіздіктер орын ала
бастаған. Тасадан оқ атқан бәзбіреулердің арандатушылық әрекетінен зардап
шеккендердің саны жүзден асты. Оның 50-ге жуығы жақын маңайдағы ауруханаларға
жатқызылса, кейбірі құқық қорғаушылардың құрығына ілінді. Ал алаңға лап қойған
«Бүркіт» арнайы жасағының бас-көз демей алдынан шыққанын соққыға жығып, сабап
жатқаны баршаға мәлім. Тағы бір дерек көздерінде, Аймақтар партиясының
севастопольдік депутаты Сергей Смольяниновтің қол жинап, Ресей президенті
Путинге Украинаға әскер жіберу туралы өтініш жариялағаны жайында айтылады. «Туысқан халқыңызға әскери көмек беріңіз. Украинаның тәуелсіздігін сақтауға,
мемлекеттің Қырым, т.б. өңірінде тұратын орыс тұрғындарын қорғауға қолұшыңызды беруіңізді
сұраймын» деп жалыныпты депутат. Әрине, бұл ақпаратты астамшылық тұрғыдан
жариялайтын ресейлік БАҚ үшін тиімді болды. Олар «Украина Ресейден басқа кімнің
қолтығына тығылады? Украина тауарын Ресейден басқа қайда өткізіп жүр еді?»
деген сарында өз жанынан жанама пікір қосып, тұқыртып жазуға құлшына кірісіп
кетті. Өз еліне шетелдік әскер кіргізуді жалынып сұраған Сергей Смольянинов
әрекетінің тасасында да өзгелерге түсініксіз құпиялар бар. Мұны Кремль қолдан
ұйымдастырмады ма? Әскер кіргізуіміз мүмкін дегенді ұқтырғаны шығар. Рада
депутаты болса да, осынау орыс ұлты өкілінің сатқындық әрекеті «Орыстан досың
болса, қойныңда айбалтаң болсын» деген қазақтың нақылын тағы да еске салады.

4f8062b7193517f786791c6dbd2b36bf.jpg

1 желтоқсан күні Еуромайданның
5-6 мың қатысушысы Украина үкіметінің ғимаратын басып алған болатын. Белсенді
топ мұнымен қоса министрлер кабинеті мен Ұлттық банк кеңсесіне де уақытша иелік
етті. Алайда, алаңдағы 8 автобус толы «Бүркіт» арнайы жасағы қандай да бір
бұзақылық әрекет орын алса, тап беруге дайын. Қазіргі кезде билік елде бейбіт
шерудің кезекті төңкеріске айналып кетуінен шошып отыр. Себебі, саясаттанушылар
бұл жолғы наразылық шараны 2004 жылы «жалқын сары» төңкерістен асып түсті
дегенді айтуда.


Украина үштік келісімге қол жеткізе ме?


0904a385c8fdf176596a4a2b9a2d5e79.jpg

Украина халқы бәрібір Еуроодақты
таңдайтынын дәлелдеді. Ал жұрттың пікіріне құлақ түргісі келмеген билік кереғар
шешімі үшін жауап бермек. Жергілікті тұрғындар жастарды аяусыз ұрып-соққан
«Бүркіт» арнайы жасағаның бассыздық әрекетін сынап, биліктің кешірім сұрауын
баса айтса, оппозиция жақтастары Премьер-министр мен министрлердің орнын босату
керектігін алға тартудан жалықпады.

Көп ұзамай президент Янукович
украин халқына жолдау жасап, онда: «Болып жатқан оқиғаларға қатты өкініш
білдіремін. Бірақ елдің Конституциясы мен президентін тыңдамаған адамдар
жауапқа тартылады. Бас прокуратура мен құқық қорғау орындары нақты тексеру
жүргізіп, нәтижесін ұсынсын» десе, премьер-министр Азаров Жоғарғы Радаға келіп
мәселені бірлесіп шешуге шақырды. Ол өз пікірін Еуромайдандағы халықты
тырқырата қуған полицейлердің әрекеті үшін кешірім сұраудан бастағаны сол еді, депутаттар
«Отставкаға кет!» деп әрі қарай сөйлеуге мұрсат бермеді. Алайда, Азаров
президенттің Еурокомиссия президенті Жозе Мануэл Баррозумен телефон арқылы ұзақ
сөйлескенін және ЕО қауымдастығымен келіссөз шартын талқылап, еркін сауда аймағы
жайындағы мәселені тілге тиек еткенін жеткізді. «Біз нақты түрде Ресеймен
Еуроодақпен үш жақты келесім жасау жөнінде сөйлестік. Бізге үш жақты келісімнің
керегі не? Себебі, Еуроодақ Ресейдің де алға тартқан шарттарына көңіл бөлуі
қажет. Біз де ортақ тіл табысуымыз керек», – деген уәжі де депутаттардың бетін
қайтара алмаған сияқты.

Айта кету керек, Еуромайдан
басталған кезде-ақ Украина президенті әкімшілігі басшысы Сергей Левочкин
отставкаға кетіп үлгерді. Ал кеше интернет сайттарында премьер-министрдің де
биліктен кеткендігі жөнінде бейнеақпараттар жарияланды. Алайда, ТСН сайтындағы
сюжет пен бейнетүсірілімнен басқа ресми ақпарат жоқ. Сайт таратқан мәліметке
сәйкес, «Азаровтың отсавкаға кету жөніндегі арызын Президент мақұлдаған. Бұл
көп ұзамай барлық министрлердің де қызметтен кетуіне жол бастауы әбден мүмкін».


2014 – Украинаның Еуроодаққа кіру жылы


Еуропарламент басшысы Мартин
Шульц Украина Еуроодаққа Янукович кеткеннен кейін жақындайды деген болжам
жасауда. «Еуропа мәселенің қаржылық жағын қайта қарастыруы мүмкін. Бірақ ресми
Киев қаржылық ғана емес, саяси жағдайға да байланысты кері шегініп отыр.
Бәлкім, бұл жағдай басқа президент пен парламенттің тұсында өзгеретін шығар», –
дейді Еуропарламент басшысы.

Еуроодақ пен Ресейдің арасында
қалған Украина кімнің сойылын соқпақ? Украина кімнен және неден жасқанады?
Ресейдің газын басқа елдерге жөнелтуші транзиттік мемлекет болып қала бермек
пе, әлде Еуроодақпен еркін сауда айналымына жан бітіре ме? Қазірдің өзінде
Украина ресейлік газды төмен бағамен алу шартын қайта қарауға ұсыныс жасаса,
Ресей тарапы елдегі украиндық тұтыну нарығын ретке келтіру керектігін айтып
бәйек болуда. Ал, есесіне Украина: «Егер газ бағасын төмендетсеңіздер, біз де
бірыңғай шартқа келісім береміз» деп жауап берді. Былай қарағанда, екі мемлекет
те дегеніне жеткендей көрінеді. Бірақ мұның бәрінің уақытша екенін екеуі де
жақсы біледі.

Сонымен, Украина халқы Еуроодаққа
2014 жылдың ақпан-наурыз айында толықтай енетіндігіне сенімді. Олардың бұл
екпінін бірінші вице-премьер Сергей Арбузов та: «Украина еуроинтеграция жолынан
аттап өте алмайды. Мұндағы біраз мәселе шешімін тапқан соң, келіссөзге қол
қойылатыны анық», – деп көтеріп тастады. Бірақ билік бұл қадамға бара ма, жоқ
па, бұл жағы күдік ұялатады.

Қалай десек те, доңайбат
көрсеткен Ресей Украинаның «болашағына» балта шапты. Бұл жергілікті
халықтың пікірі. Ресей діттеген мақсатына қалай жетті? Күні кешегіге дейін
Еуроодаққа ұмтылған Украинаның келісімнен бас тартуына не себеп?Кейбір сарапшылар Киев Мәскеудің қысымына төтеп бере алмайтынын
нақты көрсетті десе, ал украиндық патриоттар «Украинаның жарты жолдан қайтуына
Ресейдің ықпалы бар. Бір аяғымен Еуроодақ табалдырығын басқан Янукович екінші
аяғын Ресейдің батпағынан суырып ала алмаған сияқты» деп ашынды. Бұл сөздердің жаны
бар. Бірақ та билік украин халқының бүгінгі наразылық танытуын бағамдай келе,
«Бізге керегі Еуроодақ екен!» деген тоқтамға келген сыңай танытты.

Ақпарат құралдары Януковичтің елдегі саяси
ахуалға қарамастан, Қытай мемлекетінен 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде несие
алуға баратынын жарыса жазуда. Себебі, Қытай 2 млрд. АҚШ доллары көлемінде
инвестиция құйып, украиндық жерді жалға алып отырған көрінеді. Ал бұдан соң
Янукович Путинмен асықпай-аптықпай әңгімелесу үшін Ресейге сапар жасамақ. Сонда
біраз мәселенің беті ашылып, жауабы да табылатын сияқты.

Динара Мыңжасарқызы