Жаңалықтар

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ АСТАНА

ашық дереккөзі

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ АСТАНА

Елорданың бүгінгі тынысы, келешек дамуы Елбасының жіті назарында. Жақында Ақордада өткен жиында Астананың даму жоспары тағы талқыланды. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Президентке берген есебінде қала архитектурасы мен құрылысының жай-жапсарын баяндады. 

                                                       ҰЛТТЫҚ ИДЕЯҒА АЙНАЛҒАН АСТАНА

Қазақтың арғы-бергі тарихында астаналардың мемлекеттіліктің қалыптасуында орны ерек болғаны мәлім. Бүгінгі Астана бұл міндетін ойдағыдай атқарып келеді.Осыдан он шақты жыл бұрын Астанаға анда-санда сапарлатып келгенде, Елорданың орысшалау, суықтығына қарын ашатын еді. Қазіргі жағдай бөлек. Астана күннен-күнге Қазақтың астанасы деген атқа лайық ұлттық сипатқа ие болып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары Елорданың басты алаңдары мен даңғыл көшелерінің бойында тұрған ұлттық нақыштағы ескерткіштер, қадам басқан сайын кездесетін қазақы

ою-өрнектер, мемлекеттің арғы тарихынан хабар беретін Керей мен Жәнібек, Орынбор, Түркістан, Тұран, Сауран, Сығанақ, т.б. көше аттары бұл қаланың бет-бейнесін қалыптастырып келеді.                                                 ОЛАР АСТАНАСЫН МАҚТАН ТҰТАДЫ

Бүгінгі Астананың бойынан менмұндалаған ұлттық мақтанышты көрмеу, сезінбеу мүмкін емес. Бұрынғыдай емес, көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде, мемлекеттік мекемелерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік тілде жөн сұрасып, тіл қатысып, дерек алмасып, танысып-табысып жатқан жұрт. Елордадағы озық мектептердің дені қазақ мектептері екеніне дау жоқ. Биылғы күзде 11 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады, бірінші сынып оқушысы атанды. Бала бақшаларда, мектептерде, аулаларда, ойын алаңдарында улап-шулаған, жүгірген, асыр салған, аптыққан кішкентай астаналықтар – қаланың келешек бейнесі. Олар – ұлттық уызды ауылдағы ата-әжеден алған, тілі қазақша шыққан, бүгінде бас қалада білім нәрінен сусындап, Бәйтеректі ұлттық рәміз санайтын ұрпақ. Олар Астанасын мақтан тұтады. Елорда мектептерінде, білім беру мекемелерінде ұдайы өткізілетін түрлі байқауларда жүлде алған суреттер, шығармашылық жүлдеге ие болған көркем туындылар осы сөзімізге дәлел. Жас сазгерлер мен суретшілердің басты тақырыбы – Астана, Бәйтерек, Қазақстан. Бұлар бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар.

                                                   МИЛЛИОНЕР ҚАЛА БОЛУҒА ҰМТЫЛЫС

Он бес жылда Астана тұрғын­дарының саны бес есе артты. 900 мыңға жуық халық тұрады. Шындығында, астана салынғалы алғашқы кездегі бас жоспар бойынша қала 2020 жылдарға дейін ғана бір миллионға жетуі мүмкін деп болжанған еді. Бірақ қазіргі қарқынмен елорда аз жылда-ақ миллионер қалаға айналуы мүмкін.Әлемдік тәжірибеге сай, қала қарқынды әрі тұрақты дамуы үшін онда 1-1,2 миллион адам тұруы керек екен.Қаланың ұлттық экономикағы үлесі де жылдан жылға артып келеді. Ресми мәліметтерге жүгінсек, әрбір бесінші астаналық жеке кәсіппен айналысады екен. Астанадағы жан баласына шаққандағы аймақтық жалпы өнім көлемі 20 есе өсті.Соңғы жылдары елді Индустриаландыру бағдарламасы аясында локомотив зауыты, темір бетон өнімдерін шығаратын зауыт, полимер құбырларын шығаратын зауыт, тікұшақ жинайтын зауыт сияқты ірі кәсіпорындар іске қосылды. Астана бүгінде білім-ғылым орта­лығына айналды. Бұл орайда, республикалық емес, ортаазиялық, тіпті еуразиялық масштабтағы биіктерді бағындыру амбициясы да бар. Тұңғыш Президент күніне орай Елбасы Назарбаев орталығына бас сұқты. Астананың көркін ашқан жаңа ғимарат 28 мың шаршы метрді алып жатыр. Мұнда 460 мың кітап сақтайтын кітапхана орналасады. Бұл орталықта тәуелсіздігіміздің тарихы сараланып, әлемдік экономика мен халықаралық саясат мәселелеріне зерттеулер жүргізіледі.

                                                 ӘКІМШІЛІК ОРТАЛЫҚ ҚАНА БОЛАДЫ

Қараша айының соңында өткен жиналыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада арзан бағаға сатылған жер телімдерін қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Елбасының айтуынша, бір кезде жекелеген азаматтар қала ішіндегі жер телімдерін арзан бағаға сатып алып, игермей отыр. Олар бұл жерлерді болашақта қымбатқа сатып, шаш-етектен пайдаға кенелуді көздейді. Сондықтан да бұл жерлердің иелерінің шеніне, лауазымына қарамастан, мемлекет меншігіне қайтару туралы Бас прокуратураға нұсқау берілді. Елорданың бас жоспарымен танысқан Президент Астананың халқы екі-үш миллионға жетер болса, оған қаланың материалдық-тұрмыстық тұрғыда дайын еместігін айтты. Алдағы уақытта Елордаға ағылған ішкі көші-қон үдемесе, толастайтын түрі жоқ. Алайда қаланың инфрақұрылымы мұншама нөпірді көтермейді. Елбасы Астананың әкімшілік орталық екенін баса айтты. Президенттің айтуынша, «біз мәңгі-бақи құрылыс жүргізе бермейміз». «Астана – мемле­кетіміздің әкімшілік орталығы, ол жинақы әрі жайлы, өмір сүруге ыңғайлы болуы тиіс» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жалпы, мемлекет басшысы Астана айналасында отыз шақырым қашықтықтағы жерлерді тұрғын үй салуға беруге уақытша тыйым салды,                                         ЕЛБАСЫ – ЭКОТАКСИДІҢ АЛҒАШҚЫ ЖОЛАУШЫСЫ

Тұңғыш президент күні «Қазақ Елі» ескерткішінің алдында «Экотакси» жүйесі таныстырылды. Экотак­си­дің алғашқы жолаушысы Елбасының өзі болды. Экологиялық таза отынмен жүре­тін таксилер Астана тынысын кеңей­те түспек. Бұл жоба – ЭКСПО-ға дайындықтың басы ғана. Экотаксидің 100 көлігі қазірдің өзінде пайдалануға беріледі. Ал ЭКСПО өткізілетін жылға дейін олардың саны 500-ге жеткізіледі. Қазір қалада үш жүз мыңға тарта жеңіл көлік бар екен. Әкім Иманғали Тасмағамбетовтің айтуынша, алдағы үш-төрт жылда Астанада интеллектуал­ды көлік жүйесі енгізіледі. Көлік кептелістерінің алдын алуды көздеген Астана басшылығы электронды көлік моделін енгізуді қолға алды. Келесі жылы сәуір айында іске қосылатын жүйе елордадағы көлік кешенінің болашақтағы дамуын бағдарлайды. Жол қозғалысын реттейтін жүйе ең әуелі көшедегі қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етеді. Соңғы үш жылда қалада 330 шақырымдай көше жаңартылып, қайта төселген. Көпірлер, жол айрықтары, аялдамалар ұдайы жөнделіп, айналма жолдар салынып жатыр.

                                                             БӘРІ ДЕ ЭКСПО ҮШІН!

Бұған дейін халықаралық деңгей­дегі талай шараларды өткізген Астана үшін алдағы сынақ – 2017 жылы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйым­дастыру. 178 гектар жерге орналасатын ЭКСПО қалашығының құрылысы келесі жылы көктемде басталады. Халықаралық көрменің дайындығымен бірге қала да өзгеріп, тың серпінмен дамып келеді.Астана замана талабына орай экологиялық таза, қуат көздерін үнемді пайдаланатын, «ақылды» жүйе құрылған заманауи қалаға айналады. ЭКСПО қалашықта қызмет ететін көліктер де түрленеді: жеңіл рельсті трамвайлар, жылдам жүретін автобустар, сутегімен жүретін көліктер көшеге шығады. Бұдан басқа «Astana mobility» көлік инфрақұрылымы мен қала логистикасын жаңарту жүйесі, Astana Green City қуат көздерін тиімді үнемді пайдалану және қайталанбалы қуат көздерін тұтынуды жүзеге асыру жүйесі іске қосылу керек.Жаңа жобалардың ішінде «Смарт Астана» жобасының орны ерекше. Ақылды қала технологиясы әлемдік деңгейдегі қалаларда бар. Қазірдің өзінде қалада қуат көздерін үнемдейтін шамдар орнатылды. Енді коммуналдық жүйеде, яғни сумен қамтамасыз ету, лифт басқару сияқты жүйе пайдаланылады. Ең бастысы, қолда барды ұқсата пайдалану. Астана бүгінде бір мүшелін толтырып, енді он бесінде толған айдай болып, бой түзей бастады. Алдағы мерейлі шара – ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізер тұста 20 жасын тойлайды.Ең бастысы, бүгінгі Астана – тәуелсіз елдің таңдауы. Осылайша, өткенге құрметпен қараған, ұлттық өзекті сақтаған, әсіресе ғылыми инновациялық жаңалықтарға сергек, әлемдік деңгейдегі Астана өсіп келеді.

                                                                                                                                                 Гүлбиғаш Омар,                                                                                                                                                                 Астана