Жаңалықтар

ҚАЗАҚША ӘН САЛҒАН ПАСКАЛЬ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚША ӘН САЛҒАН ПАСКАЛЬ

Соңғы кездері Қазақ қоғамына мемлекеттік тілде ән айту арқылы танылған әрі көпшіліктің көңіліне жаққан итальяндық әнші Паскаль тағы бір қазақша әннің тұсауын кесті. «Махаббат» атты жаңа әннің өзгелерінен ерекшелігі сол, реалити-шоу жанрында бейнебаян түсіріліпті.

  Діні мен ділі, тілі мен мекені жат болса да, қазақтың салтын, рухани өмірін интернет арқылы насихаттауға тырысып жүрген Паскаль мырзаның бастамасына разымыз. 27 жастағы Паскаль Италияның оңтүстігіндегі Пестумда туған. “Wasted time” аталатын алғашқы альбомын 18 жасында Римде жазыпты. Оны британдық музыкаға деген махаббаты Лондонға әкелді. Ал осыдан екі жыл бұрын қазақ қызына деген сүйіспеншілік сезімі Астанаға жетелеген. Былтыр YouTube арқылы Стингтің “Englishman in New York” әніне пародия ретінде “Englishman in Shymkent” әнін жариялады. Содан кейін-ақ Қазақ қоғамына танымал бола бастаған ол Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін үнді-рок стилінде орындап шықты. «Сенің қазақша үйренгенің жөн» (“You should speak Kazaksha”) деген әні арқылы Қазақстандағы мемлекеттік тілді білмейтіндерге кеңес берген Паскальдің келесі әні – «Жаным сол»

«Махаббат» әнін түсіру үшін әнші өзі қолына камера алып, Астана қаласын шарлаға. Ол қақаған аязда астаналықтармен бірге би билеп, ән салған. Әуежайда, мектептерде, сауда орталықтарында әнші әнін айта жүріп, бейнеклипін түсіре жүріп, халықтың көңілін көтерген Паскаль енді әншілікпен қатар оператор әрі режиссер ретінде де бақ сынапты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «бейнебаянның басты жаңалығы – мұнда жасандылық жоқ, бәрі қаз-қалпында түсірілген. Сон Паскальдың қарапайымдылығы мен елден ерекше таланттылығы да осында».

Нәзия Жоямергенқызы