Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ ЖҮРГЕН ЖОЛМЕНЕН...

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ ЖҮРГЕН ЖОЛМЕНЕН...

«Елбасы жолы» деп аталғанымен, фильмнің негізгі атауы олай емес. Авторлар шығарманың бір тарауының атын «Отты өзен», екіншісін «Теміртау» деп атауды жөн көріпті. Ал «Елбасы жолы» Президент өмірін кестелейтін кең тынысты, кезең-кезеңді қамтитын күрделі картинаның ортақ тақырыбы.

Тұсаукесер рәсімінде, киноэпопеяның режиссері Рүстем Әбдірашев: «Елбасының 1958 – 68 жылдар аралығындағы еңбек жолымен жүріп өттік. Түсірілім барысында небір қызықты оқиғаларға ұшырастық. Мәселен,  Днепродзержинскіде қоштасып жатқан кезде жаңбыр жауады. Әрине, нөсер жаңбыр қолдан жасалды, бірақ кадрдің ішінде жарқ етіп шыға келген кемпірқосақ компьютермен салынған жоқ, ол шынында да солай болды. Керек десеңіз, өз көзімізге өзіміз сенбеген кәдімгідей ғажап оқиға орын алды. Ең қиыны, 200 сағаттық түсірілімнен 3 сағаттық киноны дайындап шығару аса ауыр соқты. Бір жарым жылғы еңбектің барлығын сыйғызу мүмкін емес, соншалықты шеберлік пен күшті сарқып түсірген кадрларды қиып тастау да қиын. Дегенмен 100-ден астам нағыз кәсіби мамандарды біріктірген шығармашылық топ барынша жоғары деңгейде жұмыс атқарды», – дейді. Киноэпопеяны түсіру бір жарым жылға созылған. Түсірілім тобы Қазақстан, Ресей, Украина, Латвия, Эстония, Белоруссия жерлерінде болып, жалпы көлемі 200 сағаттық бейнетаспа басылып шығады. Фильмге негізгі арқау болған Елбасының «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптары. Белгілі драматург-сценарист Шахимарден Құсайынов пен режиссер Рүстем Әбдірашев осы кітаптардың желісі бойынша, сценарийді дайындайды. Фильмдегі оқиға жас Сұлтанның есейіп ержеткен соң, ауылынан алыс сапарға шығып, комсомолдың бағыттауымен 1958 жылы Магнит­каның орталығы Теміртау қаласына жұмысқа келген сәтін бейнелейді. Теміртауда қызмет атқарып жүрген жалынды жасқа Днепродзержинск қаласында оқуға мүмкіндік туады. Жігерлі жас жолдамамен, Днепрге аттанады. Украинаның сұлу қаласында білімін ұштаған Сұлтан алғашқы махаббатын да осында жолықтырады. Картинаның шынайылығы, тар­тымдылығы да осында. Сұлтанның бейнесін дарынды актер Нұрлан Әлімжанов ойнайды. Нұрлан бұған дейін де Президенттің жастық шағын сомдаған болатын. «Фильмді түсіруді Еуропадан бастадық. Мәскеу мен Рига қалаларында болдық. Украина, Беларусь республикасы және Эстония елдерінде түсірілім жұмыстары жүрді. Әрбір эпизоды беруге жан-тәнімізбен кірістік. Бұл жолы мен Президенттің ролін ойнаған жоқпын. Себебі, ол жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Президент емес, үлкен арманның қанатында жүрген жас жігіт еді ғой. Сол кезеңдегі оқиғалар арқылы Елбасының жігіттік жалындаған шағын, досқа деген адалдығы мен қамқорлығын, ата-анаға құрметін көрсетуге тырыстым. Көшбасшы болған соң, жан-жақты болу керек. Ол кісі сол жылдардың өзінде ақылды, парасатты, жігерлі, сабырлы, алыстан меңзейтін көреген. Достарына адал, ұлтын сүйеді. Мұның барлығы фильмде жан-жақты көрініс тапты», – дейді актер ағынан жарылып. Картинада елімізге белгілі актерлеріміз Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Орынбасарова, Бақытжан Әлпейісов, Жан Байжанбаев ойнайды. Бұл кино бір ғана кейіпкердің өмірі арқылы тұтас бір кезеңдегі ел өміріндегі елеулі өзгерістерді кеңінен көрсетуге тырысқан. Мұның да өзіндік сыры бар. Өйткені Теміртау магниткасы шын мәнінде қазақ даласындағы кен өндірісін қыз-қыз қайнатқан алып орталық еді. Бұл фильмнен үміті үзілмеген, арманы жалғасқан, сезім моншақтары төгілген жылы көріністерді көресіз. Көркем фильмді көрген әрбір көрермен оның шынайы өмірден алынғандығын сезінгенін айтады. Бұл фильмде Елбасының арманға ұмтылу, сол арқылы мақсатына жете білу қабілеті айқын көрсетілген. Тарихи тұлғаның ұлтын сүйген жүрегі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі жастарымызды да болашаққа нық сеніммен қадам басуына жетелемек.Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Бюрократиямен күресу, демократияны қалыптастыруға күш салу – сол кездің идеологиясын айқындайтын шынайы көріністер. Соның ортасында жүрген кейіпкердің, яғни Нұрсұлтан Әбішұлының өмірі қазіргі жастарға өнеге, үлгі болмақ» деуі тегін емес. Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткері:– Ол мемлекетті қалыптастырды, іргесін бекітті. Оның жанкешті еңбегі мен даналығының, күш-қуатының, қайраткерлігінің арқасында бұл елді бүкіл әлем мойындады.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:– Фильмде шынайы оқиғалар байланыстырылғаны сезіледі. Көркемдігі жағынан тарихи фильм деп те атауға болады. Өйткені Теміртаудағы жастардың аяғынан тұрып, сүрінбей кетуінің өзі – сынақ. Сол сынақтан сүрінбегендер үлкен дәрежеге жетті.

Мағжан Әуезов, президенттік «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің Ассоциация Кеңесінің мүшесі: – Ойландыратын фильм. Өйткені тарихтағы Көшбасшының ролі деген не, Көшбасшы қалай қалыптасады, адамның мінезінің қалыптасу негіздері қандай? Бұл киноның көтеретін жүгі де, сұрағы да осы.

Бахтияр Мәкен, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:– Бұл фильм жастарымызға ерекше әсер берді деп ойлаймын. Елбасымыздың батылдығы мен табандылығы көптеген жастарға үлгі болары сөзсіз.

Гүлзина БЕКТАС