Жаңалықтар

Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар

ашық дереккөзі

Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бауырлас қырғыз елі ерекше сыйлайтынын қырғыз жерінде басқан әр қадамымыз сайын байқаймыз. Қырғыз азаматтарының «Нұраке зейнетке шыққандай болса, біздің Қырғызстанға келіп Президент болып, бізді оңалдырып берсінші» деп шынайы лебізбен әзіл-шынды араластырғанын, сондай-ақ «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтай кісі болғанда, біз де әлдеқашан алдыңғы мемлекеттердің қатарында болатын едік» деген сөздерін жиі естіп те жүрміз.

«Түркістанның» өткен нөмірінде жазылғандай, Қырғызстанның Жоғарғы Кеңешінің депутаты Қаныбек Иманәлиевтің «Әр ауылда бір Нұрсұлтан бар» дегені рас. Қырғыз Нұрсұлтандары туралы жазу ойымда жүргендіктен, Қырғызстанда бұдан екі жыл бұрын болған сайлауда Орталық сайлау комиссиясының электрондық сайлау тізімінің жүйесінен іздеуге «Нұрсұлтан» деген сөзді жазғанымда, Қырғызстанда жүздеген Нұрсұлтандардың барын біліп, олардың өте көптігіне таңғалған едім (бұлар он сегіз жасқа толғандары ғана, өкінішке орай, комиссия сайлау өтісімен фамилияны қалдырып, есім арқылы іздеуді алып тастады).Сонымен, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі «Тұңғыш Президент күні» мерекесіне орай, 29 қарашада өткізген ресми қабылдауға қатысқанымызда қырғыз жұртшылығының Елбасымызға деген жылы ілтипатына тағы да куә болдық. Мереке басталғанда екі мемлекеттің әнұрандары шырқалып, рәсімді Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев ашып берді.Алдымен мерекенің белгілену тарихына, республиканың соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталған елші биыл Қазақстан әлемнің өркені өскен алдыңғы елу өлкесінің қатарына кіргенін мәлімдеді. «Қазақстанның лидері адам тағдыры шешіліп жатқан алмағайып кезеңде еліміздің келешегі үшін барлық жауапкершілікті өзі көтерді және Қазақстанның даму стратегиясын тура анықтап, елімізді бақуатты мемлекеттердің қатарына қоса алды», – деді елші. Сондай ақ, Бейбіт Исабаев қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының жыл өткен сайын әр тарапты кеңейіп жатқанына тоқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, екі елдің арасындағы тауар айналымы доллармен есептегенде бір миллиардтан асып, бірінші рет осындай биік межеге жеткен. Биылғы жылдың көрсеткіші бұдан да асып түсейін деп отыр. Бүгінгі күнде Қазақстан мен Қырғызстанның 200-ден астам біріккен кәсіпорны жұмыс істеуде, олардың отызға жуығы ірі компаниялар болып есептеледі. Елші Қазақстанның Қырғызстан экономикасына 1,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған ірі инвестор екенін де атап өтті. «Алдымызда жаңа міндеттер бар, бұл – «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру, негізгі мақсатымыз енді әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарынан табылу», – деді елші мырза сөзін түйіндеп.Ресми салтанатта Қазақстан халқын, елші мырзаны және елшіліктің қызметкерлерін осы айтулы мерекемен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың тапсыруы­мен Президенттің аппарат жетекшісі Данияр Нарымбаев құттықтады. Қазақстанның бүгінгі игіліктері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланыс­ты екендігіне тоқталған Данияр Нарымбаев «Қазақстан халқы 1991 жылдың 1 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік қызметке сайлап, тәуелсіз Қазақстанның тағдырын анықтаған және анықтап жатқан тарихи шешім жасады. Қазіргі замандағы Қазақстанның керемет игіліктері көп жағынан Нұрсұлтан Назарбаевтың батылдығының, қажымас күш-жігерінің және рухының күштілігінің арқасында болды десем, осы салтанатқа қатысып отырғандардың бәрі мұны мақұл көреді деп ойлаймын», – деп кідіріс жасағанда, залдағылар ду қол соғып, қостайтындықтарын танытты. Содан соң Данияр Нарымбаев мырза Елбасымыздың қырғыз халқына қашанда ыстық ықылас білдіріп, қолдау көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті. Сөзінің соңында Қырғызстан Президентінің аппарат жетекшісі Данияр Нарымбаев Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаевқа қырғыз-қазақ арасындағы мәмілелердің оң шешімін тауып жатқанына қолқабыс жасап жүргені үшін ризашылығын білдірді.Емен-жарқын өткен іс-шараның бары­сын­да бірқатар қырғыз азаматтарымен әңгіме-дүкен құрдық. Әңгіменің өзегі Елбасы жөнінде өрбіп жатты. Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры, саяси ғылымдардың докторы Жолбарыс Жорабеков «Қазақстанның орталығын Астанаға көшіріп, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қырағы, көреген, білермен кісі екенін дәлелдеген. Мұндай шешім ел атасы, қазақша айтқанда, нағыз елбасы болатын адамның қолынан келетін іс. Солай болды да. Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір зор еңбегі – бұрын басынуда дымығып жатқан қазақ рухын көтерді, айтты, айтпады, қазақ тілінің тұғырын биіктетіп жатқанын бұл жақта біз сезіп жатырмыз», – деп ағынан жарылса, өткен қараша айында алпыс жасқа толған қырғыздың әйгілі спорт қайраткері, зіл темір көтеруден әлемнің төрт дүркін, Еуропаның екі дүркін, 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының чемпио­ны Қаныбек Османалиев «Бүгін қазақ және қырғыз халқы қазақтың Тұңғыш президентін ұлықтаған күнді ортақтасып бірге тойлап жатамыз», – деп, «біртуғандығымызға» екпін жасап, тонның ішкі бауын өзіне тартып, сөзге араласты. Спорт жаңалықтарын теледидардан ұдайы көріп отыратын Қаныбек ағамыз Қырғызстанға үздіксіз таралатын бірнеше қазақ телеарналарынан «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойын көрсе керек, дарабоз спортшы өз сөзінде қазақ жастарын жарқын болашақ күтіп тұрғанын бірнеше рет қайталап, Елбасының жастарға жасап отырған әкелік қамқорлығына дән риза екендігін сүйсінумен жеткізді.Осы ресми іс-шарадан бір күн бұрын, 28 қарашада Қазақстан елшілігінде «Президенттік институттың қазақстандық қоғамның дамуындағы рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Талқыға қатысқан Қырғызстанның белгілі саясатшылары және сарапшыларының ойлары бір жерден тоғысты. Олардың пікірінше, Қазақстанда мемлекетті басқарудың президенттік тәсілі жақсы жемісін беріп отыр.Қазақстанның Тұңғыш президентінің күнін атап өтуге Қырғызстанның студенттері де атсалысты. Б. Ельцин атындағы Қырғыз-Орыс-Славян университетінің екінші шет тілі пәні бойынша қазақ тілінде дәріс тыңдаған студенттері университеттің фойесінде 25-30 қараша аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолының әр кезеңін бейнелеген сурет көрмесін ұйымдастырды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,  «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі