Еуразияны дүбірлеткен ер Абылай

Еуразияны дүбірлеткен ер Абылай

Еуразияны дүбірлеткен ер Абылай
ашық дереккөзі

Көлемі 15,5 баспа табақтан тұратын бұл монографияның авторлары – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов және филология ғылымдарының докторы, профессор Алмас Әбсадықов.
Ел билеген хандар мен сұлтандар, батырлар мен билердің көбі халықты ұйыстыруда, қазақ жұртын сыртқы жаудан қорғау, елдің тәуелсіздігі мен жердің тұтастығын, бірлігін сақтау жолында қайраткерлік таныта білді. Сондай ірі қайраткердің бірі – Абылай хан.
Авторлар кітаптың кіріспе сөзінде мемлекет тарихында ірі қайраткер ретінде ерекше орны бар, есімі Еуразия кеңістігіндегі ықпалды елдерге мәшһүр болған Абылай ханның, өкінішке қарай, өзінің немесе замандасының қолымен жазылған толыққанды өмірбаяны, атқарған қызметі туралы жазба деректерде сақталған нақты мәліметтер жоқтың қасы екенін атап өтеді. Қазақтың даңқты билеушісі туралы деректер көрші Ресей құжаттарында, Қытай жылнамаларында, Орта Азия хандықтарының жазбаларында сақталған. Аталған қос ғалымның зерттеуінше, сол кездегі орыс жазба деректеріне Абылайға қатысты мәліметтер 1740 жылдан, ал Қытай жылнамаларына 1755 жылдар шамасынан бастап ілініп, хан дүниеден озған 1781 жылға дейін түрлі мазмұнда сақталып жетті. Онда, көбінесе, сол кезде болған оқиғаларды, орын алған фактілерді, алыс-беріс, елшілік қарым-қатынастарды тіркеу секілді кеңселік қызметке тән жазбалар орын алған. Оның есесіне Абылайдың өмір жолын бейнелейтін фольклорлық шығармалар – сан ал-уан аңыздар, жырлар, толғаулар мен дастандар, күйлер, мәтел сөздер көп. Олардың біразы біздің бүгінгі дәуірімізге жетіп отыр. Солардың ішінде халық жадында молынан сақталғаны – аңыздар мен жырлар, жекелеген ақын-жыраулардың мадақ өлеңдері, толғаулары мен дастандары. Бұларды қазақтың төл деректері деп қарастыру да орныққан. Басқаша айтқанда, Абылай есіміне қатысты халықтық рухани қазынаның көрікті көші түзелген. Ол рухани қазынадан қазақтың талай ұрпағы нәр алды: намысын қайрады, ерік-жігерін, ақыл-ойын шыңдады, таным мен тағылым түйді.
«Атақты ханның өмірбаянына, қайраткерлігіне жеке зерттеушілер мен білімді тарихшылардың арнайы көңіл бөліп, алғашқы баға беру жұмыстары ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап там-тұмдап қолға алына бастайды. Бұл үрдістің басында орыс зерттеушілері және орыс білімі мен ғылымынан нәр алған қазақ оқығандары болды. Абылай заманына қалам тарту – ұлттық санаға, ұлт тарихына көз салу. Ұлт тарихы дегеніміз, кең мағынада, ұлттық мемлекет болып қалыптасуының жолы. Ұлттық сананың толық қалыптасуы мемлекеттілікпен қабысып, қабаттасып дамиды»,– дейді кітап авторлары.
Көрнекті мемлекет қайраткері, аты аңызға айналған Абылай ханның ғұмырнамасы мен атқарған істері туралы халық деректері молынан сақталып жеткен. Халық танымында Абылай қазақ жерін жаудан қорғау, оның азаттығын сақтау жолында ерекше ерлік көрсеткен батыр, елдің бірлігін жарастырған дана билеуші ретінде ардақталады. Кітапта атақты ханның ел жүрегінде сақталған бейнесі мен халықтың билеуші туралы таным-тағылымы талданады.
Көлемді жинақта Абылай ханның балалық шағынан бастап ел басқарған кезеңі, қайраткерлік қызметі, даналығы, кейінгі ұрпаққа қалдырған үлгі-өнегесі, тарихтағы орны мен ролі жан-жақты көрініс тапқан.
Кітаптың келесі бір қосымша бөлігі Абылай хан туралы аңыздардан құралған. Мұның ішінде көптеген аңыз әңгімелер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан алынған. Сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларынан да үзінділер берілген.
Бұқар жырау, Үмбетей жырау және Тәтіқара ақынның Абылайға айтқан жыр-толғаулары да жинаққа еніп отыр.
Осы еңбекті жазу барысында пайдаланылған әдебиеттердің өзі 140-тан асады. Оның ішінде шетел және қазақ ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасалған, жыр-дастандар көрсетілген.
Жаңа жинақты шығарушылар Абылай хан қазақ тарихының аса күрделі, ел тағдыры қиын-қыстау күй кешкен ХVІІІ ғасырда өмір сүргенін, ұлт, ел болашағына қатер туғызған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде саяси сахнаға көтерілген Абылай қазақ хандығында мемлекет нышандарын сақтап қалған қайраткер ретінде танылғанын атап өткен. Оның билеуші қайраткерлік қызметі ел жүрегіне ұялап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленгенін жазады.
«Ұлт тарихын қайта зерделеу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынып жатқан істердің бір парасы – тарихи тұлғалардың ел, мемлекет болашағы үшін атқарған қызметтерінің тағылымын қалың жұртшылықтың танымына жеткізу. Сондықтан халық танымындағы көркем тарих (мифологиялық тарих) пен шынайы тарихты ажыратып жазу – бүгінгі күннің міндеті. Ол міндет жаңа Қазақстанның демократиялық даму үдерісіндегі мақсатымен жымдаса байланысып, астасып жатыр. Абылай тарихына сол тарихты қалыптастырған халықтың таным-түсінгін талдау арқылы жаңа пайымдар жасау – аталмыш кітаптың басты мақсаты»,– деп қорытынды ой түйеді кітап авторлары.

А. Самиғоллаұлы
Астана