Түрікше түрлендіріп ән салған...
Түрікше түрлендіріп ән салған...
Араға жарты ғасыр салып, «Біржан мен Сара» кейіпкерлері түрікше сөйледі. Махаббат! Поэзия! Ерекше көңіл-күй! Қазақтың кең сахара даласы! Ең бастысы, ұланғайыр алқапты жайлаған бабаларымыздың үні! Мұның бәрі бір операның өн бойына жиылып келіп, ән болып өрілді.
Операға жиылған қауым «Біржан мен Сарадан» осыны сезінді. Самсун қаласының сахнасында қойылған операны түрік жұртшылығы түрік тілінде естіді. Ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сарасы» осылайша түрікше сайрады. егде тартқан Біржан Жетісу өлкесіндегі атақты ақын Сарамен кездесті. Ахмет Жұбановтың болжамына қарағанда, олардың поэтикалық және әншілік айтысы Ешкіөлмес деген жерде өтеді. Біздің заманымызға жеткен «Біржан мен Сара айтысы» поэмасын Сараның өзі шығарған деген аңыз-әңгіме де жетерлік. Ең бастысы, бұл айтыс ақынның атағын бұрынғыдан да арттыра түсті. «Біржан сал» өлеңінде әлеуметтік, азаматтық тақырып тамаша көрініс тапқан. Біржанның дарынды шығармашылығынан көрініс тапқан албырт поэтикалық тұлғасы «халық таңдаулысы» деген мағына беретін «сал» ұғымымен ұштасқан. Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын. Адамға анау-мынау бас имеймін, Өзім сал, өзім сылқым кімге зармын! дейді Біржан сал өзі туралы. Бұл өлеңде әнші өзінің қоғамдық орнын түсінгендігін айтады. Біржанның азаматтық өлеңдерінің тууына ХІХ ғасырдың екінші жартысында Абай Құнанбаевпен кездесуі де әсер етті деп жазады кейбір деректерде. Ұлы ақын, ағартушымен танысу Біржан шығармашылығына өзіндік әсерін тигізбей қоймады. Біржан өлеңдерінде Абай лирикасының әсері байқалады, онда ақынның адамзаттық қасиеті, оның азаматтық парызы пен кедейдің уайымы көрініс тапқан. Біржан сал өмірінің соңғы жылдары өте ауыр жағдайда өтті: кедейлік ғұмыр кешкен ақын ауру мен жалғыздықты бастан кешті. Кәрілік пен кедейлікке жаны төзсе де, жалғыздық пен жұртшылықтың оны түсінбеуі ақынның жанына жара салды. Өмірінің соңында үш жыл бойы үйінен шықпай, жалғыз өткізді. Өлерінің алдында балаларына арнап, «Асыл-Ақық» және «Теміртасын» жазды. Ақынның бостандықты сүйетін бейнесін Мұқан Төлебаев өзінің «Біржан мен Сара» операсында көрсетуге тырысты. Көрсетті де. Ұлы композитордың ұлы шығармасында қастықпен, кеселмен, әділетсіздікпен күрескен Біржан ақынның мұңы, тағдыры жатыр. Биыл Мұқан Төлебаевтың туғанына – 100 жыл толуына орай, ТҮРКСОЙ ұйымы ағымдағы жылды ұлы композитордың жылы деп атады. Осы орайда, композитордың шығармалары түркі тілдес елдердің сахналарында жиі қойылып жүр. Бұл халықаралық жобаның жүзеге асуына Дүйсен Қасейінов бастамашы болып отыр. «Уақыт өте тығыз болды. Дайындыққа да көп уақыт жұмсала қойған жоқ. Алайда, тәжірибелі режиссер, профессор Эфлатун Ниметзаде басқарған творчестволық топ операны әдемі дайындап үлгеріпті. Басты партияны Қазаннан келген жас әнші Регина Валиева орындады. Регинаның талантына шүбәміз жоқ. Басты айта кететін нәрсе, «Біржан мен сара» көптеген талантты жастардың жолын ашты. Мәселен, жас дирижер, жас суретші және жас орындаушылар», – дейді ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырза. Ниметзаденің бұл алғашқы қойылымы емес. Бұған дейін де дарынды режиссер «Көроғлыны», «Алпамысты» түрік тілінде қойған еді. Ал, Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сарасы» ерекше әсер еткенін жасырмайды режиссер. «Бұл опера Кеңес дәуірінде жазылғандықтан, мұнда «изм», «социализм» көріністері белең алып тұрғандықтан, біз соңғы финалымен ерекше жұмыс істеуге тырыстық. Ол көріністі Ана бейнесімен көрсеткіміз келді. Дүйсен Қорабайұлы екеуміз жаңа музыкалық арияны алып келдік. Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» да басты басымдық Ананың роліне берілмеуші ме еді. Бұл жолы да «Біржан мен Сараның» негізгі күші – Ананың бейнесінде жатыр. Біз бұл операны қою үшін театр іздедік. Соңында Самсундағы опера және балет театрына тоқталдық. Жас театр, жас таланттардан құрылса да, «Біржан мен Сараны» өте жоғары деңгейде алып шықты. Менің бұл коллективке деген алғысым шексіз», – дейді ағынан жарылып. Сара ролін ойнаған жас актриса Регина Валиеваның кейіпкері де көрерменді бей-жай қалдырмады. Талантты қыз өз кейіпкерін көрерменіне сендіре білді. Сара бейнесінен тағдырлас ұлттардың да тағдырын көре білгенін айтады Ригина Валиева. «Бұл образ мәңгі менің есімде қалатын болады. Көрермендер мен ұйымдастырушылардың сенімін ақтадым деген ойдамын», – дейді талантты татар қызы. Біржан бейнесін Самсун опера және балет театрының жас әншісі Озал Өндеш сомдады. Ең қызығы, «Біржан мен Сара» операсының декорациясы жерлесіміз, дарынды суретші Ерлан Тұяқовқа тиесілі. «Түркі тілдес халықтарға ортақ дүние өте көп. Менің Самсунға келуге мүмкіндігім болмаған соң, киімдердің мөлшерін электронды пошта арқылы жіберіп отырды. Декорацияны, киімдерді Қазақстанда отырып, дайындауға тура келді. Сахна арқылы қазақ халқының бай тұрмысын көрсетуге тырыстым», – дейді Ерлан Тұяқов. Операға дайындық бір ай бойы жүргізілді. Опера үшін бір ай тым аз уақыт десек те болады. Уақыттың тығыздығына қарамастан, театр коллективі күні-түні ұйықтамай, дайындалды. Операның сәтті шығуына жерлестеріміз де аянып қалмады. Белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шахимардан Әбілов, Еңбек сіңірген әртістеріміз Махмуд Тойкенов, Болат Бөкенов түрік әріптестерімен өз тәжірибелерін бөлісе білді. Операның алғашқы тұсауы кесілген күні Самсун театрында ине шаншар орын болған жоқ. Түркияның барлық аймақтарынан арнайы қонақтар келіп, операны бірге тамашалады. Операның шешуші сәтінде орындалған Біржан анасының ариясы залға жиналған қауымды бір тебірентіп тастады. Көпшілік Ана әніне толқып, көздері жасқа шыланды. Осылайша, «Біржан мен Сара» операсы түрік опера өнерінің репертуарына еніп отыр. Бұған дейін түрік сахналарында Үзейір Ғаджыбековтың «Аршын мал аланы» қойылған болатын. Бұдан былай «Біржан мен Сара» операсы түрік аспанында ән болып қалықтай бермек.
Гүлзина Бектас