Жаңалықтар

МАҒЖАН – ПОЭЗИЯ ПАЙҒАМБАРЫ

ашық дереккөзі

МАҒЖАН – ПОЭЗИЯ ПАЙҒАМБАРЫ

 «Мағжан-түркішіл, санашыл, дарашыл,

уайымшыл, өзімшіл, нәзік сезімнің ақыны»

Жүсіпбек Аймауытов

Биыл қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыбы, алтын діңгекті азамат ақын, алаш қайраткері- Бекенұлы Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне 120 жыл. Жарық дүниеге адам боп туғанымен, азаматқа лайық өмір сүру билігі өзіне тимей, қысқа ғұмырында көп  қуғын-сүргін, бұғау, айдауда өтіп, ақыры темір торда атылып өлген Мағжан ақынның қаза болған мезгіліне қатысты қазіргі әдебиеттанушылар арасында түрлі пікірлер айтылып жүр. Мағжанның мүрдесі қайда қалғаны белгісіз, үшті-күйлі, зым-зыя жоғалып кетіп, ақын есімі  жарты ғасырға жуық уақыт сарғая сағынған қазаққа тәуелсіздік алар қарсаңында ғана қайта оралады. Мағжан Жұмабаевтың өз кезеңіндегі қатар-құрбыларының арасындағы әдеби білімі терең, эстетикалық талап-талғамы биік ақын. Оның білім көкжиегінің қалыптасуына Ғалия медрессесінен, кейіннен орыстың Сібір университеті атанған Омбы мұғәлімдер  семинариясында (1913-1917), араға аз ғана уақыт салып, Мәскеудің әдебиет-өнер институтында(1923-1927) оқығаны себеп болғаны хақ. Екінші бір жағынан 1909 жылы аса білімдар, қайраткер Міржақып Дулатовтан дәріс алып, үлгі-өнеге үйренуі-орыс, қазақ һәм Еуропа мәдениетіне қанығуы шешуші себеп болған. «Шын хәкім, сөзің асыл-баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. Қарадан хәкім болған сендей жанның Әлемнің құлағынан әні кетпес». (Мағжан: «Алтын хәкім Абайға») Қазақ зиялыларының көсемі, қазақтың бас ақыны саналатын Абайды ақындардың ақыны Мағжанның  үлгі тұтып, қайталанбас талантына бас июі оның қаламгерлік, шайырлық жолға түсуіне сепші болса керек. Сөйтіп Мағжан Абай хәкімнің үлгісімен өзінің шығармашылық ортасында ақындығын айқындаса, Міржақыптың ықпалымен күллі ел-жұртқа азаматтық келбетін танытып, ұлт азаттығы жолында күрескер атанып, ұлтжанды тұлғаға айналады. Ақындық жолын да, азаматтық жолын да ұлт үшін арнаған Мағжан: «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш, Емеспін жемісі көп, тамаша ағаш Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі Пайдалан керегіңе жараса, Алаш!»- деген ғажайып өлеңінде  атажұртына соңғы демі таусылғанша тынбастан қызмет еткен  қайраткер екенін көрсетеді.

Ағартушы-демократтық бағыттағы Мағжан

Мағжан тек ұлт шеңберімен шектеліп қана қоймай, Гете мен Толстой идеяларын зерттейді. Мережовский мен Бальмонт, Брюсов пен Блок діттеген мүдделерге қарай өрістеген. Оның өз ортасынан оза шабуы, қатарластарының ішін жылыта қоймайды. Мысалы, С.Сейфулинмен арадағы көзқарас қайшылығы Сейсулиннің интернационалист ақын, Мағжанның ұлтшыл болып қалыптасуын байқатады. Бұл екеуін С. Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында  тіпті ит пен мысықтай жау кейіпінде суреттейді. Десе де Мағжанның талмай талпыну, оқу, үйрену арқылы жеткен білім деңгейі кеңіген ой өрісі, сезім қалыптастырған көзқарас көкжиегі кең болатын (Д.Ысқақұлы. «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған!»2004). Мағжан ақын осы хәлде тынымсыз еңбектену үстінде 1917 жылғы ақпан революциясынан бірақ шығады. Төңкерісті Мағжан өзінің азаттық жолындағы үлкен мақсаттарын іске асыру үшін қолайлы деп танып, абстракт ойдан нақты іске көшеді. Сол жылдары дүниеге енді келіп жатқан «Алашорда» партиясының сьезіне қатысады. Омбыда құрылған Ақмола облыстық үкіметіне комиссиясына мүше болады. Мағжанның қуғын мен сүргінді жолы осыдан басталады. «Үш жүз» паритясының қаһарына іліккен ол тұтқынға айналып, түрмеге жабылады. Одан елдегі  Чехословак ойраны кезінде босап, Колчак сойқанына тап болады. Ақынның таң самалындай тыныстағысы келген азаттық идеаясы арманда қалады. Елім деген есіл ердің мұңына мұң, зарына зар қосылады. Десе де ол 1919 жылы Орынборда сайланған тұңғыш Қазақ үкіметіне мүше болады. Мағжан Түрікшіл ақын. Түрік тақырыбы қазақ халқының ұлт-азаттық тақырыбына ұласып, отаршылдыққа қарсы күреске алып келеді. («Орал тауы», «Алыстағы бауырыма», «Түркістан»). «Мен келемін, мен келемін, мен келем, Күннен туған, Гұннан туған пайғамбар» «Пайғамбар» өлеңінде ақын Ғұн-түріктің арғы атасы деп көрсетеді. Ал «Түркістан» өлеңінде  «Түркістан-ер түріктің бесігі ғой» деп асқақ рухпен жырлайды. «Алыстағы бауырыма» өлеңінде асқан көркем Түркішілдік сезім, 1919-1923  жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған түрік халықтарының азаттық күресіне қосқан рухани демеу екені анық байқалады. Оның бұл өлеңін 1930 жылы «Яш түркістан» журналында Мұстафа Шоқай Түркішілдік мүддеде жазылған ең қымбат, ең пайдалы өлең деп бағалайды. Мағжан өлеңдерінде реалистік, романтикалық сарындарды керемет ұштастыра білген ақын. Кеңестік жүйенің қуғынына құрбан болған М.Жұмабайұлының есімін ақтау ісі тек 1953 жылы ғана қолға алынады. Осы жылы ресми комиссия құрылып, ақынның таңдамалы лирикаларын жариялау туралы ұйғарымға келеді. Бірақ бұл нәтежиесіз қала береді. Тек 1960  жылы ғана Мағжан ақын толықтай ақталады. Жоғарыда айтқанымыздай біз Мағжанды ағартушылық бағытта, демократиялық бағытта танимыз. 1922-23жылдары Б.Күлеевтің және С.Қожановтың көмегімен Қазанда және Ташкенде басылып шыққан жинақтарындағы өлеңдерінен  жоғарыдағы ағартушылық пен демократтық сарынды байқауға болады.  Әйткенмен  Мағжанның ақындығы өзінің көзі тірісінде жарық көрген тек осынау жинақтарда ғана сақталып, бізге жеткен. Өзгелері зым-зыя жоқ, 1929 жылдан былайғы шығармалары мүлде жоғалған немесе ақынның қаламын күшпен тоқтатқан. 1924 жылы Мәскеуде оқитын қазақ жастары ақын өлеңдерін талқылып,  оның өлеңдері ескішілдікті, ұлтшылдықты, өзімшілдік пен менмендікті дәріптейді деген қара жағып, сол кездің өзінде өршігелі тұрған отқа май құяды.  Оған қоса,  ұрынарға қара таппай, бәле іздеп  тұрған ҚазАПП басшылары Мағжанға қарсы ұйымдасқан түрде қарсы  шабуылға шығады. Сойып сал, солақай сыншылар Мағжанды ағаш атқа мінгізіп қойып өзімшіл, байшыл, ұлтщыл, түркішіл деп айып тағады. Содан 1924 жылы ол Ташкенді тастап, Мәскеуге ауысып, сондағы күншығыс баспасына жұмысқа тұрады. Өзінің шығармашылығын үзе тұрып, М. Горькийдің «Сұңқар жырын»,  Мамин Сибиряковтің « Ақбоз атын» аударып басады. Сонда да өзіне жағылған жаладан арыла алмайды.  Сөйтіп ақын елге қайтып, Қызылжардағы  педогогикалық техникумда  дәріс береді. Бұл кез Қазақ өлкелік партия комитетіне төрағалыққа Ф.Голошекин келген зұлмат заман еді. ҚазАПП көрсеткен «байшыл», «ұлтшыл» ақындар мен зиялыларға Голошекин жолдастың қырғидай тиіп, қырып жатқан кезеңі. 1929 жылы қудалаудың кесірінен ат төбеліндей қазақ зиялыларының 300-ден астамы қамауға алынады. Мағжан солардың ішінде кетіп, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылады. Он жылға сотталған Мағжан Калерияға айдалып кісендеулі қолымен Беломор Балтық каналын қазып, азапты күндерді бастан кешеді. Сонда жүргенде орыстың ұлы ақыны М. Горький Е. Пешковаға хат жазып, солардың көмегімен 1936 жылы аз уақыттық азаттыққа қолы жетіп, Қызылжарға қайта оралады.1937  жылы С.Сейфулиннің шақытуымен Алматыға келеді. Алайда мұнда не баспана, не жұмыс таба алмай сергелдеңге түседі. Ақыр аяғында сол жылдың 30 желтоқсанында қайта қамауға алынып,  келер жылы ақынның баянсыз, күреске толы ғұмыры біржолата үзіледі. Мағжан көркем сөздің ерен жүйрік зергері, ұстасы. «Өлеңге әркімнің де бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы»,-дейді Абай.  Таудай талантты, биік арлы, таза жанды, терең білімді, өнегелі интеллигент. Бұл сипаттар бір ғана азаматтың бойынан табылып отыр. Ендігі бір мәселе мынады болып тұр. Мағжан мен Сәкеннің арасына от салған кім? Бұл сұрақтың көптеген әдебет зерттеушілері әлі күнге дейін жауабын таппай келеді. Ұлт зиялыларының арасындағы бүгінгі азардық пен тартысты, өзімбілемдік пен көре алмаушылық, бақталастық пен менмендікті біз сонау Мағжан мен Сәкеннің арасында болған үзіліссіз кикілжіңнен де байқаймыз.  «М.Жұмабаев қазіргі қазақ әдебиетінде жаңа дәуір тудырып отыр мыс. Одан көркемдік шеберлік үйрену керек»-деген мағынадағы тұжырымдарға С. Сейфулин, Ғ.Тоғжанов, Ә.Байдидиндер өздерінің мақалаларымен тойтарыс беріп, әдебиеттегі ұлтшылдықты,  мағжаншылдықты әшкерелеуге көр септігін тигізген. Бұны Сәбит Мұқанов айтады. Көпке белгілі қазақ зиялыларының бір бөлігі ұлтшыл атанып, өз жұртының азаттығы жолында күрескерлік танытып, тоталитарлық жүйеге, үстем таптың таптап, қанауына қарсы тұрса, енді бір әдебиетшілеріміз сол жүй арқылы арман қарай жүру керек деп шешеді. Осылайша қазақ зиялылары екіге жарылады. Мағжан мен Сәкен екі кемеде қалады. Сәкен ұлтшылдықтан қорыққанымен ақыр аяғында сол мыстан саясаттың сойылына түседі. Ал Мағжан мұны о бастан білді. Ғалымның хаты өлмейді деген тәмісіл әмісе рас екеніне бүгін көзіміз жетіп отыр. Өзінің азапқа, қудалау мен бұғауға толы ғұмырында титтей де баян көре алмаған ақын Мағжанды бүгінде елі ұлықтап, ұрпақ жадында сақтауда. Ұзын Орал күн мен түн шекарасы, Бір жағы-күн, бір жағы-түн баласы. Арғы жағы көк көзді жын ұясы, Бергі жағы Түріктің сар даласы. Ұзын Орал күн мен түн шекарасы, Өлім-түн, өмір-гүлді, Ғұн даласы. Өмірменен өлімнің шекарасын, Ұйқтап озбақ ежелден жер баласы. Екі дүние: күн мен түн, өмір-өлім, Бірі-бесік, біреуі-даяр көрің. Ала болып жата бер бесігіңде Сар даланың еркесі-Қазақ елім!   Арада ғасырмен өлшем заман сырғып өтсе де, нағыз қазақ рухын, жалынын, өміршеңдігін жоғалтпаған неткен дана сөздер. Әділеттің ақ құсы қанат қағып, ақынымыздың 120 жылдық туған күнінде халқымыздың  мерейі ұстем болып, аса қуанышқа бөленіп отырмыз.  Кешегі Мағжанның Азаттық идеолгиясы бүгін орындалды. Ақынның өзі көрмеген еркіндікке елі жеткен бүгінгі бейбіт күннің мойнында атқарылар бір міндет Мағжанның өмірін ғылыми тұрғыдан терең зерттеп, оның әдеби қазынасын шырқын бұзбай халыққа кіршіксіз жеткізу. Ақынның қаза болғаны туралы нақты мәлеметтердің көзін ашу. Майдангер Б. Момышұлы деректерінде айтылған да құжат жүзінде атылған Мағжан Сібірдегі айдауда болған ба? 1943жылы Бауыржан Мағжанмен кездескен бе? Осы секілді әрбір оқырманның нәзік сезімдеріне тіл бітіре жырлағын сыршыл, лирик Мағжан Жұмабайұлы өміріндегі бұлыңғыр тұстарын анықтау бүгінгң күннің  абыройлы борышы.

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ