Cөнбейтін шырақ
Cөнбейтін шырақ
Тахауи Ахтанов әдебиетке келер тұста екі рет ескерту алған кісі.
Әуелгі ескертудің авторы – Қуандық Шаңғытбаев.
Аяқ астынан өлең жазуға есі кете бастаған бесінші класс оқушысы Тахауиға өзінен бірер класс жоғары оқитын, талшыбықтай сидаң, сопақ бетті аққұба бала Қуандық мынадай өте қатал үкімді естіртеді: «Өлең жазған кісі түбінде ақын боп шығуы керек. Ал, босқа әуре болып, ақын бола алмай қалса бар ғой… Онда… онда ол жынданып кетеді».
Зәресі қалмаса да, қараптан қарап жүріп жынданып кетуден қатты қорықса да, Тахауи сол кеште бір емес, екі өлең жазып тастайды.
Екінші ескертудің иесі – Қасым Аманжолов.
1949 жылы «Жастар даусы» деген атпен жас ақындардың ортақ жыр жинағы шығып, оған Тахауидың да өлеңдері енгізіледі. Кейін сол кітапқа пікір жазған, пікірінде Тахауидың фамилиясын атамай қойған Қасым Аманжолов жас көршісін иығынан құшақтап, жайдары күлкісімен жымия қарап: «Асылы, сен өлеңді қойғаның дұрыс, басқа жанрға ауыс», – деп шорт кеседі. Тіпті «Сен ренжіме», «көңіліңе ауыр алма» дегендей жұбату сөздерді де айтпайды.
– Ал үшінші рет ескерту естуге Тахаңның өзі де құмартпайды. Расымен-ақ басқа жанрға, прозаға ауысады.
Бірақ бұл жанрда да даңғыл жол жоқ болып шығады. Бұны да қысқаша түйіндеп айталық. 1942 жылдың күзінен бастап аяғына дейін соғысқа қатысқан, әскерден 1948 жылы ғана босаған жас офицер Тахауи Ахтанов 1949 жылы соғыс туралы романын жаза бастайды, бірақ тап сол шақта Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» романы жарқ ете қалады да, Тахаң өз жазбаларының одан әлдеқайда төмен екенін байқап, үш-төрт жылға дейін әлгі шығармасынан безініп, сын мен көркем аударма саласына кетіп қалады.
Кейін басталған да тасталған әлгі дүниенің «Қаһарлы күндер» романына айналғаны, роман біткесін оның бірінші тарауын Тахаң түгелдей дерлік басқаша, қайта жазып шыққаны, бұл романның қазақ әдебиетіне қандай өзгеше леп әкелгендігі бөлек әңгіме.
Енді сәл шегініс жасалық. 1941 жылдың 22 маусымынан бастап күнделікті сөз-сөйлемдерге кейін жиі қайталанатын жаңа тіркес енді: «Соғысқа өзі сұранып аттанды…».
Соғысқа өзі сұранып аттанғандардың бірі Тахауи Ахтанов еді. Тахаңның ата-бабалары, зерттеп қарасаңыз, сондайлардың сойынан болған. Ел шетіне жау тигенде аруақтанып атқа мінген. Сын шақтарда сұранып жекпе-жекке шыққан. Бірақ ол басқа заман еді, басқа ғасыр еді. Бүкіл Еуропаны шарпыған мына соғыс жекпе-жектің не екенін білмейтін. Әрине, дүние астан-кестең болған 1941-1945 жылдары қанша адам майданға өз еркімен сұранып аттанғаны туралы нақты дерек жоқ шығар-ақ. Бірақ солардың бірі пединституттың 2-курс студенті Тахауи Ахтанов болғанын біз ұмытуға тиіс емеспіз.
18 жастағы бозбала әскери жорығын 1942 жылы Москва түбіндегі жан алып, жан беріскен шайқастардан бастап, кейін сол қанды қасаптарда төрт рет жараланды, төрт рет ажал саусағы нұқып өтті. Өкінішке қарай, Тахаңның қан майданда өткен сол үш жылдық өмір дерегі туралы қалың оқырман ештеңе біліп жарытпайды. Өйткені жазушы да кең көсіліп ештеңе айтпаған. Тек «Қаһарлы күндер» романының қалай жазылғаны жөнінде әңгімелегенде «Мен соғысқа 1942 жылдың күзінен бастап аяғына дейін қатыстым. Көргендерім аз емес» немесе «Менің үш жыл бойғы соғыста көрген-білгенім «Қаһарлы күндерге» сыймайтын еді. Сондықтан да көзбен көрген оқиғалардың бәрін бірдей ала бермей, негізгі ойды ашуға керектілерін ғана алдым», әйтпесе «Сол сияқты суреттеген кейіпкерімді де ойдан шығарып көрген емеспін. Әдебиет тілімен айтқанда — әр қайсысының өмірде прототипі бар. Мысалы, «Қаһарлы күндердегі» Қартбай, Бөрібай, Кәкібайлар романға тіпті өз есімдерімен кірді» деген тәрізді сараң сөйлемдермен шектеледі. Сол себептен де анықтамалық кітаптар Тахаңды «Ұлы Отан соғысына қатысқан, екінші дәрежелі «Отан соғысы», екі рет «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған» деп сыдыртып өте шығады.
Осы тұста еске түсіре кетерлік бір жайт бар. Сонау 80-ші жылдары Жазушылар одағын басқарып тұрған Олжас Сүлейменов жас таланттар одақ мүшелігіне өту үшін әуелі бір соғыс ардагерінің естелігін тапсыруы керектігі, бұл қолжазба, әрине, көркем дүние болмаса да, кейінгі ұрпаққа қажет қазына ретінде сақталуы қажеттігі туралы нұсқау бергені құлағымызға тигені бар. Сірә, түптің түбінде біз Тахаң тәрізді көптеген майдангер жазушылардың орден, медальға лайық болған жанкешті арпалыстары туралы әлдене ойластыруымыз керек сияқты. Ал әзірге Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Әзілхан Нұршайықов, Құланбай Көпішев тәрізді аздаған ағаларымыздың ғана деректі дүниелеріне ие болып келеміз.
Қалың оқырман Тахаңның Жазушылар одағы мүшелігіне жазушы болмай тұрып-ақ, жас қаламгерлердің республикалық кеңесіне кездейсоқ қатысып, сонда сөйлеген сөзі арқылы ғана қабылданғанын да біле бермейді. Ақын Амантай Өтегеновтен Ақтөбеде әдебиетке кешігіп араласқандардың бірі Жазушылар одағына мүшелікке өту үшін қанша кітап шығару керектігін сұрағанда, қаламдас ағамыз еш кідірмей: «Қайдам. Мысалы, Тахауи Ахтанов мүшелікке кітап шығармай-ақ та қабылданған», – деп жауап бергені бар-ды.
Расында да Тахаң әдебиетке әуелі жазушы болып енбегені мәлім. Бұл ретте кезінде Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сафуан Шаймерденов жазған мына жолдарды қайыра оқып шығайық: «Жұртқа белгілі, 1949 жылы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясының алғашқы екі кітабы үшін бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық алды. Соған қарамастан, жазушы елуінші жылдардың бас кезінде республикамыздағы тұрпайы марксизм өкілдерінің қаһарына ұшыраған болатын. Ұлы жазушыға сөлекет айдар тағылып, әр қилы жалалы сындар айтылған-ды. Осы жалалы сын тіпті асқынып кеткен соң, «Абай» романына әділ баға беру үшін 1953 жылы тамыз айында кең талқылау ұйымдастырылды. Сонда баяндамашылардың бірі болып отыз жасар Ахтанов тағайындалған еді. Мұның өзі, бір жағынан, Тахауидың ана-мына ықпалдың жетегіне әлі ермеген, не айтса да өз тұжырымын айтатын әділдігі мен адалдығын ескеру болса, екінші жағынан, жас сыншының ой-пікір қуатына сенгендік болатын-ды. Тахауи бұл сыннан сүрінбей өтті. Сүрінбегені былай тұрсын, «Абай» романының қазақ топырағында дүниеге келген айрықша ірі құбылыс екенін дәлелдеп те бере алды. Демек, Ахтановтың бұл баяндамасын Мұхтартану ілімінің, ұлы жазушы туралы бұралаңы көп ұзақ жылдар бойында толғақпен қалыптасқан бүгінгі ұғымымыздың бастауларының бірі болды деп батыл айта аламыз».
Оқырман осылайша Тахауи Ахтановты негізінен 1956 жылы «Қаһарлы күндер» романы жарияланғаннан бастап толық тани бастады.
1959 жылы өткен Қазақстан жазушыларының ІV съезінде сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Ғабит Мүсірепов қазақ прозасына жаңа тарау — әскери жанр қосылғанын қуана айтқан болатын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жанр қазақ прозасында аса кең өрістей алған жоқ. Расында да, қазақ әдебиетінде окоп шындығын, зеңбіректер гүрсілдеп, оқтар шыңылдаған ұрыс даласының әлемтапырық алапатын суреттеген сүбелі шығармалар көп пе? Көп емес: «Қазақ солдаты», «Күткен күн», «Қаһарлы күндер», «Москва үшін шайқас», «Жау тылында», «Партизан қызы», «Қарға тамған қан»… Осындай санаулы ғана кітаптарға берідегі «Ақиқат пен аңызды» ғана қоссақ, әскери жанр тарапындағы тапшылығымыз айқын көрініп тұрады. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген көп томдық «Қазақ әдебиеті тарихына» үңілсеңіз де, осы әскери жанрға қатысты айтылған әңгіме тым жалпылама, тым шолақ екеніне көзіңіз жетеді. Бұл, бірақ, сол әдебиет тарихын жазып шыққандардың кінәсі емес. Ақиқаты солай. Ал бұлай болатын себебі несі? Осы күні әрісі қалмақ-жоңғарлармен соғыстағы батырларды, берісі ұлт-азаттық көтерілістің туын көтерген есіл ерлерді немесе кешегі алаш аяулыларын тақырып еткен және сол тақырыптарды бір кітапқа сыйғыза алмай, дилогия, трилогия дәрежесіне дейін жеткізіп жатқан жасамыс та, жас та қаламгерлер жеткілікті. Орынды. Дегенмен, мойындайықшы, берідегі, Екінші дүниежүзілік соғыстағы қанды шайқастарды жазып жүрген кімдер бар? ХV, ХVІ немесе ХVІІІ, ХІХ ғасырлардағы батыр бабаларымыз қандай ат мініп, қандай қару ұстағанын, кімге қандай әңгіме айтқанын мөлдіретіп қағазға түсіретін біз 1941-45 жылдардағы соғыс туралы жазудан тайсақтап-тайсақтап кетеміз. Әрине, бұның дау-дамайға ұласып кетерлік алуан түрлі себептері бар. Бәлкім, бірер ғасырдан соң бұл соғысты да әрқалай жазатын авторлар көбейер, ал тап қазір жоқ. Ал Тахауи Ахтановтың кешегі қан кешкен солдаттар сол қанға малынған шинельдерін әлі де түгел тоздырып болмаған шақта, соғыс туралы көркем шығармаға, ең алдымен, сол от кешкендер ақиқат бағасын беретін кезде, еш қобалжымастан сол тақырыпта роман жазуы сирек кездесетін қайсарлық емес деп кім айта алады?
Қазір оқта-текте теледидарға үңілсеңіз, ресейлік қаптаған телесериалдардың бір мырза тобы соғыс тақырыбына айналғанын байқап-ақ жүрсеңіз керек. Аңғарылатын бір жәйт, әрине, соғыс қимылдары да толас таппайды, дегенмен бұл сериалдарда мылтық пен зеңбірекке махаббат пен сүйіспеншілік, ыстық сезім толқыныстары (әрине, алуан түрлі ұсақ-түйек пендешілік қылықтар да) ілесе жүреді. Міне, сол әуен, яғни майдан тек қиян-кескі шайқастардың алаңы ғана емес, кәдімгі адамшылық сезімдердің де толассыз шарпысқан ордасы болғаны сонау бір алыс жылдары Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романында көрініс берген еді.
«Қаһарлы күндер» романы бірден төрге шықты. Қазақстаннан тікелей сол замандағы басты таразы – Мәскеуге жол тартты. Айналасы үш-төрт жылдың ішінде «Дружба народов» журналының екі номерінде (1958, №2-3) басылып, 1958 жылы «Воениздат» баспасынан, 1960 жылы «Советский писатель» баспасынан жеке-жеке кітап болып шығып, Кеңестер Одағына кең тарады. «Қаһарлы күндер» қазақ прозасының ғана емес, күллі советтік прозаның елеулі табыстарының бірі ретінде бағаланды. Бертінде Әбіш Кекілбаев бұл романның сол заманда Мәскеудегі бір ірі басқосуда бір мықтының сөзі арқылы ерекше назарға ілініп, сол кездегі ең беделді сыйлық, енді ғана беріле бастаған жаңа марапат – Лениндік сыйлыққа бейімделген төрт-бес шығарманың қатарында болғанын риясыз көңілмен жазғаны бар.
Бұл Тахаңның алғашқы романы еді. Ал екінші романы ше?
Кешегі өткен кеңестік заманда саяси цензураның құрығы бұғалықтай алмаған шығармалар өте аз болды. Солардың екі-үшеуін ғана атай кетейік.
Біреуі – Ғабит Мүсіреповтің жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы аштықты аяусыз әшкерелейтін «Шұғыла» әңгімесі, екіншісі – Тахауи Ахтановтың тоталитарлық саясаттың көлгір бетпердесін сыпырып тастаған «Боран» романы, үшіншісі – Мұхтар Мағауиннің патшалық Ресейдің империялық озбырлығын жеріне жеткізе баяндаған «Аласапыран» дилогиясы.
Біздің тоқталатынымыз, әрине, «Боран» романы. Осы тұста Мұхтар Әуезовтің ертегілер туралы зерттеу мақаласынан бір қысқа үзінді келтіре кетейік. «Салт ертегілері қазақта ұшан-теңіз болса да, әлі тегіс жиналған жоқ, ерекше зерттелген де емес. Бірақ бүгін туып отырған көркем прозаның (роман, әңгіменің) мол іргесі, кең қоры… осы топтан табылады», – депті ұлы жазушы.
Ал мына ертегі есіңізде ме: «Ерназардың сегіз ұлы болыпты. Бір жылы үлкен жұт болып, ел малын алысқа, отарға айдап кетіпті… Ерназардың сегіз ұлы сол кеткеннен хабарсыз кетеді, айлар өтеді – келмейді, жылдар өтеді – келмейді…».
Міне, қазақ жазушылары мен қазақ журналистерінің қаламына күні кешеге дейін жиі іліккен тақырыптардың бірі осы жұттың «туыстары» – отар қайырған шопан мен алабасқын боран еді. Сол шопан мен сол алабасқын боран қазір ең аяғы газеттерге талғажау боларлық таптаурын тақырып болудан да қалды. Себебі қазір шопан тым аз және олар, айталық, адаспайды. Неге адаспайтындығының себептері көп. Ал боран тым әлсіз. Мысалы, «Мен туыппын ақпандатқан боранда…» деп жыр жазған Ізтай Мәмбетовтің бүгінгі ақтөбелік жерлестері сол ақпандатқан борандарды да, сол борандар әрлі-берлі ұшырып-қондыратын мың-миллион центнерлік ақша қарды да жоғалтып алды. Неге? Оның себептері синоптиктерге де, ғарышты игерушілерге де, әсіресе, Байқоңыр айлағының қызметкерлеріне де тәуір мәлім. Бұл, әрине, басқа әңгіменің еншісі. Ал, негізгі әңгімемізге оралсақ, Тахаңның «Боран» романында кейіпкерлер де, оқиғалар да мол болғанымен, негізгі желі екі адамның төңірегінде өрбитіні аян: Қоспан мен Қасболат. Бұл екеуі – кешегі майдандастар. Ал бүгін біреуі – қойшы, екіншісі – аудан басшысы. Одан әріге тереңдесеңіз, қойшы – жағымды кейіпкер, ал аудан басшысы, өкінішке қарай, қазіргі туындыларда да жиі кездесетіндей, тым солқылдақ, тым жалтақ кейіпкер. Солай-ақ шығар. Бірақ, сол дәуірде, социалистік мұраттар адамзаттың ар-намысына айналуға тиіс болып отырған шақта, ірі партия қызметкеріне тіл тигізу күпірлік саналатын кезде, бұлайша жазу, қалыптасқан стеоротиптен бас тарту, жұмсартып айтқанда, әдепсіздік, қаттырақ айтқанда, саяси қателік еді. Неліктен оқырман ірі партия қызметкерінің тұлғасынан жерініп, әншейін бір қойшының бейнесін артық санауы тиіс? Рас, шопан өмірі, оның алабасқын боранмен арпалысы, мемлекеттің немесе ірілі-ұсақты басшылардың шопандарға көзқарастары туралы кейін талай ащы шығармалар жазылды. Бірақ Ерназардың сегіз ұлдан басқаша Ер Төстігі секілді, «Боран» романының да қазақ прозасындағы орны қашанда бір бөлек екені күмәнсіз. Және тек қазақ прозасы деңгейінде ғана ма?.. Жоқ. Бұл роман сол кездегі орыстың ең талғамшыл, ең еркін ойлы, сол себепті де тиражына шек қойылған, мысалы, сол кездегі көсеміміз Л.И.Брежневтің отаны болып саналатын Днепропетровск облысында таратуға мүлдем тыйым салынған, кейін бас редакторы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Александр Твардовский мен сол шақтағы редакция алқасы тұтасымен жұмыстан қуылған «Новый мир» журналында жарияланған болатын және бұл журналда бұған дейін ешбір қазақ жазушысының туындысы жарияланбаған да еді.
Қазір қалай сөксек те, «Боран» романы жазылған сол заманның, содан бергі заманның да біршама талғамшыл болғанын және мойындауға тиіспіз. Үстемдік құрып тұрған қоғамның саясатын сынаған осы туындыға сол кезде жаңадан тағайындалған Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының ең алғашқысы берілді. Жай ғана анықтама үшін айта кетелік, Тахаң лауреаттық дипломмен қоса 2500 сом сыймен марапатталды. Сол жылы тағы бір жазушы Хамза Есенжанов, суретші Әбілхан Қастеев, әнші Бибігүл Төлегенова, актрисалар Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Әмина Өмірзақовалар да осы сыйлықтың иегерлері болғанын ескерсек, Мемлекеттік сыйлығымыздың сол кездегі қадірі қандай асқақ, қандай мәртебелі болғанын мойындамасқа амалымыз кем.
Жазушының прозадағы үшінші көлемді туындысы — «Шырағың сөнбесін» романы. Тахаң баяғыда, отыз жастың маңайында жүрген шағында ұсынған «Қаһарлы күндер» романында соғыстағы тірліктің қалай болғанын, қас дұшпанмен кім қалай арпалысқанын жазса, енді елу жасқа толар шақта қағазға төккен мына «Шырағың сөнбесін» романында соны соқпаққа түсіп, соғыстың неліктен болмауы керектігін, адамзаттың неліктен соғысу үшін жаралмайтынын баян етті, әрине, ал-уан тағдырлар, әрқилы көңіл-күйлер шарпысы арқылы баян етті. Бұл — бір. Екіншіден, соғыс суреттерін әйелдің, анығырақ айтқанда, әйелдердің көзімен суреттейтін, сол себепті де сол қанды қырғындағы әйелдердің психологиясын мұншалықты терең бейнелеп берген мұндай тағы бір роман, келіссеңіз де, келіспесеңіз де өзіңіз білесіз, қазақ прозасында басқашалай жоқ. «Шырағың сөнбесін» романы – қазақ әдебиетінің әскери жанрдағы санаулы жәдігерлерінің бірі.
Ал Тахаңның бұл романдардан бұрынғы-соңғы әңгімелері мен повестері, драматургиясы, әдеби-сын еңбектері немесе театр тақырыбына жазылған көптеген мақалалары мен көркем аудармалары тіпті бөлек әңгіменің еншісі.
Дегенмен бір-екі фактіні ескерусіз қалдырмаған және жөн секілді.
Әуезовті, жоғарыда келтіріп өткеніміздей, әуел бастан-ақ түптеп таныған, қолдан жасалған қылкөпірден сүрінбей өткен Тахаң сол кездегі әдебиет алыптары мен танымал қаламдастарын ғана емес, өзінен кейінгі жас буынды да назарынан тыс қалдырмағанын айрықша атап өткен жөн. Мысалы, өмірден ерте өткен талант иелері, сол кезде әдебиетке енді ғана араласа бастаған жас қаламгерлер Төлеужан Ысмайлов немесе Ақан Нұрманов әйтпесе Тобық Жармағамбетов өздері туралы Тахаңның биік мінбеден айтқан жылы сөздерін көздерінің тірісінде естіп кетті.
Кез келген шығарманың құндылығы, бір есептен, оның ғұмыры ұзақтығымен де өлшенеді.
Ертай АШЫҚБАЕВ