Атақ қумай, ар сақтаған

Атақ қумай, ар сақтаған

Атақ қумай,   ар сақтаған
ашық дереккөзі
Әлқисса, қазақтың төл әдебиеті аңыздан бастау алғаны әлімсақтан белгілі. Іші-сырты қиялға бай, небір қисынды оқиғаларға бергісіз әфсаналарды өз құлағыңмен естісең қиялға толы сияқты. Тасқа басылған соң жүрегіңе жылы тиеді. Әдебиет үлкен теңіз десек, сол теңізідің әрбір толқын-толқынына қарап, қызығасың да, әр толқынға алақаныңды тосып, қызықтайды екенсің. Бірде ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов әлем әдебиетінің қыр-сырын біле тұра рухы биік һәм қайсар қазағының інжу-маржанына ұмтылып, өзінен кейінгі қаламгерлерге үлгі ете бергені де шындық. Сондықтан болар, заңғар жазушымыз Мұхаң «Жыл келгендей жаңалық сезінем» деп айтқаны, кемеңгер ұстаздың бұл сөзі ақиқат екендігі сол кездегі жастарымыз – бұл күнде қазақ әдебиетінің ақсақалдары. «Бұлақты дарияға айналдырған» ұлы Мұхаңның үкілеген үмітін сол кездегі жас таланттардың «цензура» қыспағына қанша түссе де қаны мен жаны, маңдай тері осы уақыттың еншісінде екені белгілі. ХХ ғасырда қазақ әдебиеті алтын ғасырға айналғанын бүгінде мақтанышпен айтамыз. Тым әріге бармай-ақ қос Ғабеңнен бері, Әбіш, Сайын, Әкім, Ғабдол Сланов, Бердібек Соқпақбаев, Зейін Шашкин тағы басқа әдебиет майталмандары ерекше еңбек ете білді. Одан бері Тынымбай Нұрмағанбетов, Бексұлтан Нұржекеев, Оралхан Бөкеев, Роллан Сейсенбаев, Қуаныш Жиенбаев, Қуандық Түменбаев, Мархабат Байғұтов, Дидахмет Әшімханов ағаларымыздан бастап ұза-ақ тізім етіп өзіміздің қатарымыз: Таласбек Әсемқұлов, Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбеков, Шойбек Орынбаев, Жаңабек Шағатай кейінгі кезде қаламы төселіп, заманауи тың ойларға барып, көркем тамаша шығармалар жазып жүрген Дархан Бейсенбекұлы мен Қанат Рамазан, Жазира Серікқанқызы, Мирас Мұқашевтардың қатарында талантты жас өскіндер қалыптасып келеді. Шүкір… тілектес болайық… осыншама адамның атын атаудағы басты мақсатымыз да әдебиет әлеміне ерекше құрметіміз екенін қадірлі оқырман түсінер деген ойдамын. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, бар-жоғы елу жылдың шамасында осыншама мол қазына қалыптастырған қазақ әдебиеті өткен ғасырды алтын ғасыр атандыруы да таланттарымыздың еңбегі екені даусыз… Сол «Алтын ғасыр» әдебиетінің табалдырығын «бісміллә» деп аттаған күннен әдебиет киесін қастерлеген «бетегеден биік, жусаннан аласа» мінезді, атақ қумай ар сақтаған, қарапайым қаламгер, сөз зергері – Құрманғазы Қараманұлы өз талантына сенген азамат. Ол маңайына өзін дәріптейтін топ құрмаған адам. Бар сенері қаламы – СҰҢҚАРЫ, ақ қағаздағы сырласары – АҢСАРЫ екенін әр шығармасында талғампаз оқырман оның түпкі ойын бірден аңғаратыны да сондықтан… Жазушы – Құрманғазы Қараманұлы 1943 жылы 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Одан соң «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1976-1996 жж. «Жалын», «Балауса» баспаларында редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір «Аспан– Қара жер» танымдық газетінің редакторы. Алғашқы балаң кезіндегі шығармасы – «Шайтан» әңгімесі 1960 жылы облыстық «Октябрь туы» (қазіргі «Орал өңірі» ) газетінде жарияланған. Сондай-ақ, ағылшын жазушылары Э. Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!» («Жалын», 1979), И. Стоунның «Грек қалалары» («Жазушы», 1983)шығармаларын, сондай-ақ көптеген орыстың жазушыларын да аудара білді. Осындай құлашын кең сермеген Құрекеңе 1987 жылы Қазақстан мәдениет қызметкері атағын берген еді. Сонау 90-шы жылдардың басында социализмнен капитализмге көше бастадық. Осы кезде әркім өзінің қолынан келгенін жасады. Біздің Құрекең болса алғашқылардың бірі болып «Аспан және Қара жер» деген газет шығара бастады. Содан бері Құрекең бірнеше газеттердің жобасын жасап, басын біріктірумен келеді. Әуелі бір қызықты айта кеткеніміз де жөн шыгар. Ертеректе Құрманғазы Қараманұлы үш ай жазда мотоциклмен Орал өңірін аралайтынды шығарды. Ондағы қызық әңгімелер, ел арасындағы көнекөз қариялардың әңгімелерін тыңдап, жинақтап, әр шығармасына пайдаланған кезде қомақты-қомақты повестер боп шыға келді. 1979 жылы дүниеге келген «Жалғыз атты жолаушы» деген туындысы оқырмандарды бірден баурап алды. Хикаят өткен шаққа арналған. Бұл совет дәуірінің қазақ жеріне қылышын сүйрей келген кезі еді. Көнсең біздікісің, көнбесең барар жер, басар тауыңды да біз аламыз деген күш көрсету, оған көнбеген Құлбатырдың ерлігі мен өмірі жайлы жазылған бұл шығарманы тебіренбей оқу мүмкін емес. « – Иттен жаралған!… Елім қуды мені?! Сендер ғой соңыма түскен! Кеңестің көтін жалап, көшке ілескен өңшең опасыз, сатқындар!.. – деп ақырып жіберді де: – Тағы міне, келіп тұрсың тімтініп! Айғыр жоғалттым деп сандалуын!.. Жоғалтқан айғырың мен шығармын! О дүниеден таптырайын саған оны! – деп атып тұрып, жардағы шегеге ілінген бешпетінің қойын қалтасынан тапаншасын суырып алды. Баймағанбет те ұшып тұрып сапысына жармасты. Отырғандар шу ете қалысты. Кексе келіншек Құлбатырдың аяғына жығылып, ойбайлап үйді басына көтерді. – Сабыр, Батыр, сабыр!.. Баймағамбет, сен де қой енді!… Бала кезден бірге өскен, бір үзім нанды бөліп жескен адам емес пе едіңдер? Бұл неқылғандарың? Қойыңдар енді!.. – деп зарлап екі араға Қошым кірді. – Батыреке, дастарқан басында қан төгілмесін, ырымға жаман болар, – деп Нығымбет те басу айтқан болып жатыр. – Осынау ызы-қиқы Құлбатырды райынан қайтарған еді. Тапаншасын төмен түсірді де, Баймағанбетке иек қағып: – Есің барда елің тап, доңыз. Бір жолға кешірдім. Енді кездессең аяушылық күтпе, – деді. Сосын Баймағанбеттің жанында боп-боз болып тістеніп тұрған Киікбайға қарап: – Ал, сен шырақ, сен не жоғалтып жүрсің? Ана сүтің аузыңнан кеппеген саған не жоқ?!. Кет, қараңды батыр!.. – деп жекіріп жіберді.» Әттең-ай, ойлап отырсаң дүние де шолақ екен-ау. Осы кездесуде боп-боз болып отырған Киікбайдың қолынан ажал табам деп ойлап па еді. «– Қап!.. – деді қанжарына жармасқан Құлбатыр ағаштай сірескен ернін азар қозғап, қыр-қыр етіп. Мә, саған «қап»!.. Бар күшімен желкеден шауып жіберді. Құлбатырдың көзі алайып кетті де, көтеріле берген басы сылқ етіп жерге түсті. Киікбай қылышын қынабына салып, сайдан шықты. Ернеуінде жатқан бесатарын бауынан іліп, әрі асты. Артына бұрылып қараған жоқ». Автор осылай түйіндейді. Не бел кетеді, не белдеу үзіледі деген заманда авторлық шешімнің (бәлкім бұл тарихи шындық та шығар) көздеген нысанасы да осы болды-ау деп топшылаймыз. 1991 жылы бұл хикаят «Одинокий всадник» деген атпен Мәскеуден 100 мың данамен басылып шығарылды. Бұл еңбектің Мәскеудің «Детская литература» баспасында басынан кешкені де тұтас хикаят: «Жалғыз атты жолаушы» дейтін повесім Владлен Берденников аудармасымен 1987 жылы «Простор» журналының екі нөмірінде жарық көрген. Жоғары сынып оқушыларына да лайық дүние болған соң соны машинкаға қайта бастырып, оған журналдың екі нөмірін қосып, 1989 жылы пошта арқылы «Детская литература» баспасына салып жібереді. Арада алты ай өткен соң, телефондарын тауып алып, қоңырау шалса, редакция меңгерушісі Усманов деген жігіт: «Әлі қарай қойғанымыз жоқ, қол тимей жатыр», – дейді. Мен: «Менде баспада істеймін, бірақ біз келіп түскен қолжазбалардың жарайтын-жарамайтынын айтып, бір ай, әрі кетсе екі ай мерзімде жауап береміз. Қолжазбамның сіздерде жатқанына алты ай өтті ғой», – дейді. «Олай болса бір айдан кейін хабарласыңыз, жауабын береміз», – деді әлгі жігіт шамданғандай болып. Бір айдан соң тағы телефон шалды. «О-о, Қараманұлы повесің бізге ұнады. Үстіміздегі жылдың жоспарына қосамыз», – деген тұщымды жауабын алады. Бұл дегеніміз Құрекеңнің ашқан жаңылығы болды». Әрине, бұдан кейінгі психологиялық тартысқа толы шығармасы «Тағы мысық» деген повестке тоқталсақ. Бұл толайым дүниенің салмағы романның жүгін көтеріп тұрғанын айта кету керек. Қолыңызға алғаш алып оқығанда неге «жабайы мысық» емес, неге «тағы мысық» деген ой келеді. «Бұрылып, артына қарауға аңсары ауып барады. Әлдекім қыр соңынан қалмай ілесіп келе жатқан сықылды. Төңірегінде тірі жан жоғы өзіне аян болса да, қарасам деген құштарлық өзегін талдырып басқа ештеңеге мойын бұрғызар емес. Сонда да қасарған қалпынан танбай жүрісін жалғастыра береді. Қайтсе де қарамауға тырысады», – деп басталатын повесть бірден оқырманды өзіне тарта түседі. Басты кейіпкер Кенжебай композитор, музыкалық редактор, «талант», «дарын» деген сөздерді жиі ести бастады. Әрине, «Қыран құс», «Қайғылы қыз» деген әндері орындалып, көпшіліктің құрметіне ие болып, даңқ пен дақпырттың арқасында шолжың басқан жігіт махаббаттан жолы болмағандай көңіл-күй кешті. «Ауылға біржола келдің деп шешесі жылап, әкесі үнсіз ғана орнынан тұрып далаға кетеді. Жай ғана кетпей қысқаша екі-үш сөзінде айтып кетеді: «Астанада балам бар. Адам болды, өз қолы өз аузына жетті, деп бөсіп жүргенде жұрттың алдында жерге қараттың-ау!.. Осыны бүлдірген – сен қатын. Ай сайын, апта сайын «ақша сал» деп зарлайтынсың. Оқығаны осы ма? Отызға келгенше оймақтай ақылы жоқ», – деп қамшысын сығымдай ұстап сыртқа шығып кетті. Бұдан ары қарай інісі Сағидолланың ауылда не істемексің деген сөзі жүрегін жаралайды. Содан композитор Кенжебай ауылды кезіп, дос-жарандарымен кездесіп жүргенімен жанына дауа таба алмай қиналады. Көз алдында Нұрлытай, Өрік, Қаншайым, Ақжібек.Осы төрт қызды ойлай береді. Әр қайсысымен жеке, үнсіз сырласады. Айналасында болып жатқан оқиғаларға қарағысы да жоқ. Өзінің жақын достары Сүндет пен Қалампырдың отбасына қызыға қарағаны соншалық, шіркін Қалампырға кезінде мен үйленсем мына қара домалақтар менің де балаларым болар ма еді? Қолына мылтық алып көгершіндерді бір-бірлеп жеп жүрген тағы мысықтарды ата бастайды. Бұл мысықтардың көптігінен тіпті, саннан адасардай болады. Бұл психологиялық шиеленіске толы повесте автор үлкен шеберлікпен диалогтар құрып, адам ішіндегі жатқан небір құпияларды, сондай-ақ ағзасында жатқан сайтани ойларды да дәл басып, көрсете біледі. Ақырында: «Жауыздық жайлы күй шығарам!.. Мынау соған өзі сұранып тұр ғой!.. Жауыздың жан сыры ғой мынау!.. Тағы да іздейін!.. Жатпай-тұрмай ізденейін! Бұрынғыдай бет алды жібермейін! Бұл күй Жауыздың бет-пердесін ашып беретін болсын! Жұрт білсін оның қандай екенін! Жеркенсін одан! Қырық қадам аулақ жүрсін! Осыған бар күшімді салайын!..» – деді көңілі әңкі-тәңкі боп, аяқ асты адам сенбес арпалысқа түсіп қалған Кенжебай басын тауға да тасқа да соқты. Ештеңе өндіре алмай, тіпті, достары дастархан басына шақырғанда да қашып, аулаққа кетеді. …Мылтықтың құндағына маңдайын басып, екі құлағын алақанымен тас қып жауып алған күйі қыбыр етпей жатты да қойды. Сөйткенше болған жоқ, мақпалдай жұмсақ білек сумаң етіп мойнына орала кетті. Баж етіп бақырып жіберіп, мылтығына жармасқан Кенжебай жанында жымия күліп отырған әлдебір әдемі қызды көріп, көз аудара алмай қатты да қалды. Қанталап кеткен қос шырағы әдемі әлпеттің бітім-сипатын бірден ажырата алмады. Ал ақыры ажыратқан кезде бұл қыздың өзінің Нұрлытайы екенін біліп, тәлтіректей түрегеліп, басы-қолы қалт-қалт етіп, еңкілдеп жылап келіншегін құшақтай алды. – Жыламашы, жыламашы, Кенжебай!.. Өтінем сенен, жыламашы!.. – деді Нұрлытай, өзі де егіл-тегіл еңіреп тұрып. Сөйтіп екі жүрек табысты. Еліне деген қылдай қиянаты жоқ жас әйел өз аяғымен сонау қиянда жатқан Кенжебайын іздеп келді. – Бұл сенбісің қарлығашым?.. Түсім емес пе бұл?.. Шынымен-ақ өңім бе?.. – дей берді Кенжебай солқ-солқ етіп. – Мына жерде неғып жүрсің? Мен жаман қорықтым… – деді Нұрлытай өксіп. Мысық аңдыдым… Тағы мысықты… Кейін айтам бәрін… – деді келіншегінің бетінен сүймеген жер қалдырмаған Кенжебай.» Иә, повесть осылай аяқталады. Басынан аяғына дейін оқып шыққан адам бұл шығармамен қоштасқысы келмей қимас күй кешетіні де шындық. Өйткені «Тағы мысық» жоғарыда айтқанымыздай психологиялық шиеленіске толы, шымыр да ширақ жазылған шынайы шығарма… Айтпақшы Құрекеңнің қаламынан туған дүниелерді бір түгендеп қойсақ (өзім ғана білетінді айтайын). Олар: «Қайран өткел». Алақандай әңгіме «Жалын», 1978; «Қызғыш құс». Повестер. А., «Жалын», 1978; «Одинокий всадник». Повесть. М., «Детская литература», 1990; «Кошка» Повесі. А., «Жалын», 1991; «Тәңірге тағзым» А., «Ана тілі», 1996; «Жалғыз атты жолаушы». Повесть «Балауса», 1996; «Жапан түздегі жұрт». Повестер. А., «Словарь», 2003 және тағы басқалар. Осылардың ішінде «Алақандай әңгімелер» шығармаларын алайық. Бұл негізі мөлт еткен шағын ғана әңгімелер болғанымен көтерер жүгі де ауқымды. Құрекеңнің әр шығармасында артық ауыз сөз жоқ, оқырманды тарту үшін жасанды қылық, түкке тұрмайтын детальді ойнатып тұрып алу тіпті ойына да кіріп шықпайды екен. Қайта сөзді сығымдап, оқырманына аузына біресе тұздың дәмін келтіріп, біресе шекер-балдың дәмін үйіртіп, тіпті, жанында әңгіме айтып отырғандай әсер қалдырады. Бұл Бейімбет Майлин заманынан, қала берді Ғабит Мүсірепов бастаған қаламгерлерге тән өзіміздің төл әдебиеттің негізгі ұшқыны деп есептеуге болады. Жапонның атақты Нобель сыйлығын алған Ясунари Кавабатаның осы тектес әңгімелері де бар. Бірақ Құрекеңнің шағын әңгімелері мүлдем басқаша. Қазақи қамшының таспасындай мұқият өрілген оқиға өрісі жан жүрегіңді тебірентеді. Осы орайда бір қызық айта кетсек. Белгілі ғалым Құлбек Ергөбеков ағамыз бір сөзінде былай деді: «Бейімбет Хемингуэйді оқымаған да шығар, олар алған тақырыбы мүлдем бөлек болатын, дегенмен жазу стилі ұқсап та кетіп жатады». Расында, біздің Құрекең сонау мұхиттың арғы жақ бетіндегі Ясунари Кавабатаны білмеген де шығар. Бұл талантты адамдардың табиғаты ұқсас болатын жағдайлар екені айдан анық. Сондай-ақ «Алтын іздеушілер» повесі де құрылымы бөлек, қыртыс-қыртысы мүлдем ерекше жазылған шығармалар. Бүгінгі шағын мақаламызда Құрманғазы Қараманұлының барлық шығармаларын анықтап, байыппен асықпай талдап оқырмандарға ұсынуды басты парызымыз деп санамадық. Өйткені қаламгер оқырмандармен тығыз байланыстағы адам. Көз көрмеген жерді қиялмен алатын, қиядағыны қыран құстай ілетін көрегендігі бар кемеңгер талант иесі. Яғни Құрекеңе шығар биіктеріңіз әлі алда, бала-шағаларыңыз бен немерелердің арасында отырып, ақ қағазға байыппен түсірген әр шығармаңыз оқырманға жетіп, жүрегін нұрға бөлей берсін демекпіз…

Талғат Кеңесбаев