Жаңалықтар

Қауіп еткеннен айтамын

ашық дереккөзі

Қауіп еткеннен айтамын

Идеология саласында орын алып отырған олқылықтар, оның ішінде дін атын жамылған үлкенді-кішілі келеңсіздіктер қалың жұртшылықты алаңдатып отыр. Соңғылардың қайсыбірінен де дінде шектен шығудың құлағы қылтияды. Ендеше «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, шектен асушылықтың табиғаты мен онан келер кеселді жақсы білгеніміз абзал. Әсіре діншілдік неліктен қауіпті және ол неден туады? Баланың қиянатшыл һәм қатыгез болып өсуіне құдайсыздық қалай әсер етсе, әсіре діншілдік тәрбие де солай әсер етеді. Неге десеңіз, екеуі де сағат маятнигінің қос шеткі нүктесі сияқты бек шетін жол. Қиянатшылдық – тәкаппарлық пен менмендіктен, яғни «менікі жөн, өзгенікі бұрыс» деген ой жүйесінен туады, әсте. Біз ғана «тура жолдамыз» дейтін діні, жүрегі қатты тәкфирші ағымның өкілдері соның мысалы. Олар атеистер тұрмақ, намазы жоқтарды кісі құрлы көрмейді. Хакім Абай 38-сөзінде қиянатшыл жандарға «жарым адам», «жарым мұсылман» деген «диагнозын» қойған еді.Енді қатыгездік мінезге келер болсақ, ол –мейірімділіктің (шапағаттың) антиподы. Шариғат бойынша мейірімді жандар Құдайдың шапағаты шеңберінде қалып, өздері де шама-шарқынша шапағат жасайды. Керісінше, қатыгез пенделер шапағаттан құр қалмақ. «Құдай залымды сүймейді» дейді айқын аяттар, ал сахих хадисте: «Алладан ең алыс адамдар – олар жүрегі қатайғандар» делінген. Жалпы, дінде шектен шығушылық дүмшеліктен, көбіне иман мен тағатты айыра алмаудан туады. Иман – бір Жаратушы барына нанбақ, демек, оның аясына Құдайдың ісін, заңын танып-білу кіреді. «Алланың нұрын ала білу», «Иманды жүрекке сіңіру» дейтініміз сол. Діни тағаттың (немесе тағаттылық) жөні басқа. Ол – сыртқы ғибадат (дәрет, намаз оқу, ораза тұту т.б.), былайша айтқанда, діни танымның үстіңгі жұқа қабыршағы. Бірақ өз алдына бір өріс болғандықтан қарапайым көпшілік бақытқа тағат арқылы жетеміз деп ойлайды. Құдайдың сүйікті құлы болу жолы – тағатта деп сенім артады. Жақсы амал деген тек құлшылық рәсімдері деп түсінеді. Ислам әлемін аяқтан шалып, жұртты діңкелетіп отырған – дүмшелік табиғаты міне, осы.Байсалдылық пен сабырдың керек емес жері жоқ, әсіресе, дінде керек. Мәселе сонда, көкірек көзіне ғана ашылатын хақиқат, түйсіктер адамға өзінің өмір тәжірибесі және көрген-білгендері арқылы келеді. Бұл – аксиома. Атам қазақ «Ер адамның ақылы жасы 40-тан асқанда толысады», «Ақылды алпыстан асқаннан сұра» демей ме. Жарықтық Абайдың: «Әрбір наданның (жас адамның деп ұғыңыз – А.О.) біз тарихатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады» деген ескертуі де еріксіз ойға оралады.Қорытып айтқанда, әсіре діншілдік – қоғамдық сананы еліктеушілік пен тақлиди иман (еріп иман келтіру) ауаны жайлап алған жерде пайда болатын құбылыс. Бұл діннің адамды еліктіретін құпиясы, батини сыры сыртқа тебілді деген сөз. Осы ретте дәстүрлі емес діни ағымдар алаңына көз жүгіртелік. Ислами теріс ағым өкілдері бізге намазды қалай оқу (әминді іштен, әлде дауыстап айту керек пе, қолды кіндіктен төмен әлде жоғары байлау керек пе т.с.с.), мәйітті қалай жерлеуге қатысты ұсақ-түйек мәселелерге ғана таластырып қояды. Мұның қоғамдық сананың толысуы, жаңағы қисық-қыңыр мінездің түзелуі, мейірім-шапағаттың гүлденуі сияқты біздің қоғамға ауадай қажет парасат өрісіне қатысы бар ма?! Әрине, жоқ. Тәнге қорек керек болса, жанға да керек. Оның азығы – ғылым, мейірім, әділет емес пе?!Келесі дәйекті бұрындары көз көріп, құлақ естімеген діни ұйымдардан алайық. Қазақстандағы тоталитарлық ағымның бірі – «Иегово куәгерлерінің» өкілдері «қан құймаймыз» деп қасарысып, өзге түгілі, туған баласын өлімге қияды. Сол сияқты евангелистер, кришнаиттер мен баптистер «Құдай жолы бізге ғана ашылды» деп кеуде соғып жүріп, талай отбасының түбіне жетті. Тегінде, шетелдік миссионерлердің заң шеңберінен аспай-ақ «қатыгездіктің елшілері» аталуы жайдан жай емес, «махаббат – Құдайдың аты» деген христиандық басты принцип көбіне солар тарапынан аяқ асты етілетін сияқты. Өйткені олардың іс-пиғылынан, байқап отырсақ, қазақты қазаққа қарсы қоюшылық пен «бірің өліп, бірің қал» деген позицияның исі аңқитын сынды. Сайып келгенде, дінде шектен шығудың қай түрі де жастардың санасын улап, қоғамда қиянатшылық пен қатыгездіктің дәнін себеді. Шектен асушылыққа бой алдырғандар үшін өзінің де, өзгенің де өмірі құнсыз көрінбек. Дін «ұстазы» бұйрығын ойланбай орындауға даяр жанкешті зомбилер осы ортада өсіп, өнеді. Бұл жерде әлемді түршіктірген жихад жарылыстары мегзеліп отыр. Ауғанстан, Сирия, Ирак және Пәкістан сияқты мұсылман елдерінде адам қаны судай ағуда, лаңкестік шеңбері кеңея түсіп, сонау Кенияда Сауда орталығында жалғасын (70 адам өліп, 200-і жарақат алды) тапты. Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы діни фанатиктер – харижи топтар тарих сахнасына сонау VІІ ғасырда шыққан. Бүгінгі салафшы, уаххабшы топтар аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ, олар сол харижилік ойлау жүйесінің «өнімдері». Сүннит, мейлі, шиит болсын содыр кісіге бәрібір, шаһиттік жарылыстар асыл дініміз үшін деп, рахымды, мейірімді Алланың атымен жасалуда (орындаушының «исламист» аталып, ислам дініне деген қорқыныш сезімі – «исламофобия» әлемге таралуы содан).Жасырып-жабары жоқ, әсіре діншілдік «вирусы» біздің елімізге де жетіп, алған бағыттарынан еш қайтпайтын қисық мінезді топтарды, былайша айтқанда, жабық жамағатты қалыптастыруда. «Бізге қосылмайтын қауымның бәрі адасушылар. Олардың жазаға ұшырайтын уақыты келеді» дейді әлгіндейлер. Осыған иланған жас­тарды сөзге тартып көр. Қандай уәлі уәжді айтсаң да, «Сіздің айтқаныңыз далбаса, Сізді Ібіліс сөйлетіп отыр, мұның жазасын Алланың өзі-ақ береді» деп, орнынан тұрып жүре беруі мүмкін (шындығында сабыр, төзім, толеранттылық мінез қарапайым адамнан гөрі діндар тақуа адам бойында молырақ болуы керек).Өмір тәжірибесі аз, діни сауаты төмен, көрген-білгені шамалы болса да, басы қатты асаудай бұра ша­уып, жеңістік бермейді. Екі жастың бірін жасамай жатып, өзімбілемдікке салыну: әке-шешеге құлақ аспау, үлкенді тыңдамау қадеті. Осы штрихтерден-ақ жат ағымға арбалған жасөспірім замандастың әлеуметтік бейнесін (сақалды өсірген, балақты қиған, қабағы қатыңқы, түсі суық дегендей) көзге елестетуге болады. Енді дінде шектен шығушылық қаупінен, жағымсыз құбылыстың алдын алу мәселесіне ойысалық. Бүгінгі таңда уағыздарын тықпыштап, көше-көшеде кітаптарын таратқан иеговистер, евангелшілдер, кришнаиттер секілді дәстүрсіз діни бірлестіктердің жолы жіңішке қазір. «Модаға» айналған оккульттік (емшілік, тәуіп, көріпкелдік т.б.) қозғалыстың да заң негізінде тынысы тарылып отыр. Сол сияқты Әбдууахабтың жолын қуған «аят, хадисті ақылға салма», «еріп иман қыл» дейтін сәләфи, «кәпір» деп шоқпар ала жүгіретін тәкфирші, әркімнің есігін қағып, ауыл-ауылды аралаған таблиғи-жамағатшы сияқты тіркелмеген діни ұйымдардың жұмыстарына тыйым салынды. Осынау оң ахуал өздігінен орныққан жоқ. Ол мемлекеттік тұрғыдан тер төгудің татымды жемісі. Діни фанатизм таралуын тежеуге және экстремистік топтарды оқшаулау мен құрықтауға байланысты жұмыстарды мемлекеттік органдар жалғастыра беруге міндеткер. Бірақ, радикализмді болдырмау күллі халықтық іс-шараға айналса игі. Бұл ретте амалдардың ең сенімдісі – жас буынды рухани біліммен суару деу керек. «Антивирустың» екіншісі – ұлттық құндылықтар (тіл, тарих, салт-дәстүр) мен отбасылық тәрбие (бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет т.б.). Қалың жұртшылық осы бағыттарға күш салса, сол жақсы. «Айтылмаса сөз атасы өледі» дегендей, тағы бір пысықтайық, иман – Құдай ісін танып-білуге тіреледі, тағат – адамның ісі, дін ісі ғана. Иман – жүрек тазалығы һәм ғылымның шексіздігі, тағат – діни дәстүр мен рәсімдер жиынтығы. Иман – барша адамзатқа ортақ және өзгермейтін дара құндылық, ал тағат – тарам-тарам болып түрлене береді. Ислам бір, бірақ сенім жолы бөлек-бөлек болады. Пайғамбарымыз хадисінде: «Ислам 73 тармаққа бөлінеді» деп осыған мегзеген тәрізді. Абай 38-сөзінде: «Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирінен (сыртқы) қалып, сыр ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? …Бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы (ішкі) иманның көлеңкесі һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған», – дейді. Өзіңіз де ойлаңыз, иман мен тағаттың айырмасын бұдан да анық айту мүмкін бе? Дана Абай діннің ішкі және сыртқы жақтары барын, гәп – ішкі сенім, иманда екенін ескертіп отыр. Егер ми мен жүректі қоспай тұрып, ақ қағаздың бетінде тек саусақтың ұшымен қаламды әрі-бері жүгірте берсек, онан шығар нәтиже қайсы? Ол әрекет мән-мағынасыз, құр шимай болады. Сол сияқты соқыр сенім, құр тағаттылық татымды жеміс бермейді. Иман шарты – Жаратушы Құдіретке жүрекпен сену. «Жүрек жұмсаруы» үшін Алланың хикметін сезу, ғылым-білімді азық қылу шарт. Әлем ой алыптары қайта-қайта айтқан жәйт міне, осы. Енді ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбие жайына ойысалық. Олар түрлі себептерден семіп, ортайды қазір. Дін құмар, бірақ қазақы салт-дәстүрді білмейтін адамдар аз емес. Алаш асып, Шам еліне жетті кейбірі. «Ислам бір, ол арабтікі, қазақтікі, өзбектікі болып бөлінбейді» дейді олар. Бұл Құдай ісінен дін ісін айырмау, сәләфия «вирусын» жұқтыру сияқты. Қазақ жерінде «далалық ислам» немесе «қазақ исламы» түсінігі қайтіп бүр жарған? Бұрынғы үлкендер: «Балам, егер адам болам десең, онда сен өтірік айтпа, ұрлық жасама және кісінің хақысын жеме – адал бол! Дәйім жүрегіңнің түбімен Алла тағалаға сеніп, сыйынып жүр! Иманды болудың мәнісі осы!» десетін. Бұл өсиеттер мен «Құдай залымды емес, әділ адамды, жақсы істерді істегенді сүйеді», «Жақсы істерді кім көп істейді, жақсы мұсылман сол» деген аят-хадистердің ауылы алыс емес. Сол сияқты біздің қазақ «Ар-ұяты бардың иманы бар», «Жаным арымның садақасы» деп білген (имани ілімді «ар-ождан ілімі» атағаны сол). «Аққа Құдай жақ» дегені, әділет – Құдайдың заңы деп білгендігі. «Қарғыс алма, алғыс ал!», «Қайырымдылықтың қайыры бар», «Жетім көрсең, жебей жүр», қысқасы, «обал-сауап» жүйесі қазақтың қанына сіңген қағида болды. Халық қарабауыр, тасжүрек пендені ғана «кәпір» дейді. Ал, «иманжүзді» дегені «мейірімді» дегені. Алаштың «жетесіз», «жетесіздік» деген ауыр сөзі және бар. Ол Құдай жетекке алмаған, сол себептен шапағат бұйырмаған «бақытсыз байғұс» деген мағынаны білдіреді. Кейбір жастарымыз Құдайдың емес, ғаламтордың жетегінде жүр қазір. Бұл мысалдардан шығар қорытынды: қазақта құдайлық идея басым, Алланың нұрын ала білу және иманды жүрекке сіңіру ұлттық таным-түсініктің мәйегі болған. Төзімділік пен «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», «Күйесіз қазан, күнәсіз адам болмайды» деп адасқан пенделерді кешіре білу қадеті содан. Реті келген соң айта кетелік, «дәстүрлі ислам», сол сияқты «қазақы ислам» өз алдына бөлек дінді емес, «исламдағы қазақ жолы» (яғни ата-бабалар жолы) дегенді білдіреді. Сахара тіршілігінің ерекшелігі – имандылық, адамгершілік ұғымдары қабыса табысты. Қазақтың діні шала, оған діннің тазасын үйретеміз деп бүліну осыны ескермеуден туады. Мұны «түйе үстінде отырып, сирақ үйітем» тәрізді күлкілі, бекерге тер төгу десек те болады. Республикалық газеттердің бірінен «Дінге бет бұрғызамыз деп біз небір талантты ақындарымыздан айырылып қалып жатырмыз» деген пікірді оқыдым. Ана бір жылы «Судағы акробатикадан, бұйыртса, Азия чемпионы болар деп үкілеген қазақ қыздары тобы дінге кіріп, спортты тастап кетті» дегенді Астанадағы Еуразия Ұлттық университеті ұстазының аузынан естігенім бар. Бақсақ діндеміз деп, өнерде, спортта, ғылым жолында жанбай жатып, сөнгендер аз емес. Бұл жағдай алаңдата ма, алаңдатады. Сөз соңы, әсіре діншілдік қай тұрғыдан да залалды. «Бас жоғары жаралған, мойын төмен, Қарашы, дене біткен ретімен» деп ұлы Абай білмесе айта ма, сыртқы атрибуттерден гөрі бізге жан отын өшірмеу, ішкі сарайдың жарықтығы қымбат. Иман деген, оны білу деген не, өзі? Ол үшін ғылымды азық қыл және «үш сүюді» (мейірім, әділетті болу) ұстан дейді ұстазымыз Абай. Осы иманигүл үшін «Басты байла жолына, малың түгіл» және «Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы» деп түйеді. Хадистегі: «Дінде шектен шықпаңдар! Дінде шектен шығу құрдымға кетіреді» деген ескертудің мәні осы арада сияқты. Ішкі мазмұнды сыртқы формадан айыра білейік. Міне, жас буынға да, бала тәрбиелеп отырған ата-анаға да осы ақиқатты баса айтсақ, алауыздықтан, адасудан аулақ болатынымыз хақ.

Асан Омаров, «Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері