Оймақтай ой!
Оймақтай ой!
Cәкен Сыбанбай:
ОРЫСШАНЫ ҰМЫТҚАЛЫ ЖАТЫР ЕДІК, ЖАҚСЫ БОЛДЫ ҒОЙ…
«Қазақстан мемлекеттік тілді білуі керек, біздің қазақ тілін. Екіншіден, орыс тілі – біздің үлкен көршіміздің тілі, БҰҰ-ның алты тілінің бірі. Бізге бұл тілді ұмытуға, ысырып қоюға болмайды. Әрбір тіл – адамның байлығы». Президент осылай дейді.Қазақстандағы орыс тілі арнайы қолдауға, қорғауға мұқтаж емес еді ғой.* Қазақстан үкіметі мен парламенті түгелге жуық орыс тілінде іс жүргізеді;* Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен «Ел арнадан» басқа электронды БАҚ атаулы эфирінің жартысынан астамы – орыс тілінде;* Еліміздің ақпараттық кеңістігін орысша (отандық және ресейлік) басылымдардың жаулап алғанына көз жеткізу үшін кез келген газет дүңгіршегіне бас сұқсаңыз да жетіп жатыр.Яғни, Қазақстандағы дәл қазіргі жағдайда орыс тілін әдейі ұмытайын десеңіз де, ұмыта алмайсыз! Қадам басқан сайын қарсы алдыңыздан шығатын орыс тілінсіз тіршілік етіп көріңіз, мықты болсаңыз. Елде осындай жағдай қалыптастырып қойып, «бізге бұл тілді ұмытуға болмайды!» деп арнайы ескертудің жөні бар ма өзі? «Үлкен көршіміздің тілі» деген уәж де көкейге қонымсыз, күмәнді. Егер бұл қисынға салсақ, Қытай да – кішкентай көрші емес. Не, сонда оның да тілін білуіміз шарт па? Айтпақшы, Президенттің өзі «Болашақта бәріміз қытай тілінде сөйлеуге тырысатын боламыз» деп еді-ау «А» корпусы шенеуніктерімен басқосуда сөйлеген сөзінде…Мемлекет басшысының мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, кең тыныс алар мүмкіндік туғызудың орнына орыс тілінің ахуалына алаңдаушылық танытуы – қазақ тілі үшін жақын уақытта пәлендей өзгеріс бола қоймайтынын байқататындай. «Орыс тілін енді ұмытайын деп жатыр едік, жақсы болды ғой президенттің есімізге салғаны…» деп мысқылдапты кеше біреу әлеуметтік желілердің бірінде. Рас-ау…