Дарынды ақын жалынды жыр ұсынды
Дарынды ақын жалынды жыр ұсынды
Қазақта талай ақын бар, композитор да жетерлік. Бүгінде ақын-композитор деген тіркестің қосарланып қолданылып жүргенін ел біледі. Алайда, ақынның жақсы мәтін жазса да, әуені әрлі шығуы немесе композитордың жақсы әуен жазса да, мәтіні сәтті шығуы некен-саяқ. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекжан Әшірбаевты да ел ақын-композитор деп таниды. Оның жан-дүниесінен шыққан өлеңдері ән болып өріліп, тыңдарманның ықыласына бөленіп жүр. Таланттылардың барына талас жоқ. Сол таланттардың ішінде Бекжан ақынның орны бөлек. «Көршінің қызын» білмейтін жан кемде-кем. Тоқтар Серіктің орындауындағы осынау әсем ән ақынның алғашқы тырнақалды туындысы. Оның Жарылқасын Дәулеттің сөзіне жазылған Бекзат Әбілдиннің орындауындағы «Қызғалдақ», Саят Медеуовтың орындауындағы «Мұңайма,қалқам», Заттыбек Көпбосынұлының орындауындағы «Сені ойлап» әндері көпшіліктің көңілінен шыққан есті әндер. Абай атамыз өз заманында «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп, жырлаған еді. Бүгінде тыңдарманның талғамы өскен. Арзанқол, жеңіл ырғақты әндерден халық жалықты десек те болады. Әні үйлессе, сөзі үйлеспейтін «қыңыр-қисық» әндерден құлақ тұнады. Осындайда біз ол кісіні тыңдарманның талғамын тап басып, жұрт ықыласына бөленіп жүрген жан дер едік. Ақын өлеңдерінде махаббат әндері де көрініс табады. Ол өзгелер жырлап жүрген жырдан бөлек, мағынасы бір болғанмен, мазмұны басқа. Албырт сезімді әдемі өлең иірімдеріне сала отырып жырлайды. Екі сөзінің бірінде «күйдім, сүйдім» демейді, керісінше, «Мұңайма, қалқам» әнінде: «Өртеніп іштей мұңайма, қалқам, мұңайма, Мұңайған жандар бақытын оңай құрай ма? Адамдар неге аспанға қолын созады? Қараңыз, әне, телміріп Жерге тұр Ай да», – дейді. Тағы, «Қызғалдақ» атты өлеңінде: «Тамаша қандай бел гүлдегені, басқа қызыққа сендірме мені. Қызғалдақ көрсем санап тұрушы ем, Сен үшін енді тергім келеді», – дейді. Заттыбек Көпбосынұлының «Сені ойлап» әніне бейнебаян да түсірілген еді. Өнер иесі еткен еңбегінің, төккен терінің нәтижесін халық алдында паш ету мақсатында 1 желтоқсан күні Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында дүркіретіп кеш өткізді. Айтулы шарада ақын өлеңдеріне жазылған әндер орындалды, бірқатар жас таланттардың өнер әлеміндегі тұсауы кесілді. Кешке қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Тоқтар Серік, Саят Медеуов, Заттыбек Көпбосынов, Гауһар Әлімбекова, Ғани Мәтебаев, Роза Әлқожа, Өктем Алтаевтар ақын өлеңдеріне жазылған ән жырдан шашу шашты, ақын сахнада тебірене жыр оқыды. Халық өлең-жырдан, әсем әуеннен сусындап, тамаша әсерге бөленіп қайтты.
Аида Еркінқызы