Жаңалықтар

Біздің жігіттер – «Еуразия барысы!»

ашық дереккөзі

Біздің жігіттер – «Еуразия барысы!»

Тараз қаласында тұңғыш рет қазақ күресінен өткен «Еуразия барысы» жарысы өз мәресіне жетті. Түс әлетінде басталған айтулы доданы тамашалаған көрермендер кешке дейін теледидар алдынан тапжылмады. Ондағысы – қазақ балуандарына жанкүйер болып, жеңіске жетуін тілеу.

Үмітіміз ақталды! Түйе балуан Бейбіт Ыстыбаев бастаған қазақ командасы жеңіске жетті! Төккен тер мен дайындық нәтижесін берді. Бүгін дүйім қазақ бір-бірінен сүйінші сұрап кетті! Сонымен кіл балуандар күшін салған  бозкілемдегі сайыста қай команда дара шықты?

8-орын Қытай командасына (2 мың АҚШ доллары сертификаты), 7-орын Польшадан келген балуандарға (3 мың АҚШ доллары), 6-орында Түркия (4 мың доллар), 5-орын Иран елінің балуандарына (5 мың АҚШ доллары), 4-орын Тәжікстан елінің балуандарына (6 мың АҚШ доллары) бұйырды. Шешуші сайыста елеулі жеңіс сыйлаған Бейбіт Ыстыбаев 194 келілік моңғол балуанын айқын басымдықпен жығып, Қазақ елінің әнұранын асқақтатты. Ал доданың үштігіндегі нағыз балуаннан тұратын топтарға айрықшы тоқтала кеткен жөн.

 3-орынға табан тіреген Ресей командасына 10 мың АҚШ долларының сертификаты мен қола жүлдесі және қола тайқазаны табыс етілсе, 2-орын моңғолиялық балуандарға күміс кубок пен күміс тайқазан, ал «Еуразия барысы» атанған еліміздің нарқасқа балуандарына 50 мың АҚШ доллары мен алтын кубок және алтын тайқазан табыс етілді.

Барша Қазақ елін айтулы жеңісімен құттықтап, ұзағынан сүйіндірсін деген тілек білдіреміз!

 Динара Дүрмән