Жаңа айдар: Қайнардың тұнығы..

Жаңа айдар: Қайнардың тұнығы..

Жаңа айдар: Қайнардың тұнығы..
ашық дереккөзі

АРЫЛУ

Алғаш “арылу” деген сөзді кітаптың
мұқабасынан көрдік. Лев Толстой. Біздің классик аудармашы әкелеріміз қапысыз
аударып кеткен роман еді. Екінші рет Әлжаппар Әбішевтің естелік кітабынан
оқыдық. Әуезов пен Мүсіреповтің арылуы. Екі алыптың бір-біріне бұған дейінгі
іште жүрген өкпесі мен күдігін айтып, тазарып шығуы. Әлжекеңнің Мәди туралы үш
жүз беттік романынан гөрі осы үш беттік арылу туралы
жазғаны жадыда қалыпты.

Үшінші рет “арылу” өз
алдымыздан шықты. Онда аздап қызған төрт-бес ақынның ортасында қалғанбыз.
Ішіндегі Ұлықбек Есдәулет сытыла берген бізге “қала тұршы” деген.
Әлдебір өтініші, тапсырмасы бар ма деп, түтін мен түрлі иіске толған бөлмеге
құлыпсыз қамалдық. Жинауынан тарқауы қиын ақындардың соңында екеуміз ғана
қалғанда Ұлықбек ағамыз:
«Қайнар,
сен мені кешірші
»,-
деді. Шошып кеттік. Басқа кез-келген сөзді күтсек те, жасы мен атағы үлкен
ағаның “кешірші” деуін күтпегенбіз.

-О не дегеніңіз. Сіз кешірім сұрайтындай ештеңе
болған жоқ.
-Сен маған “кешірдім” де, не болғанын
сосын естисің.
-Аға, олай қинамаңызшы. Інілік еркелікпен біз
бірдеңе бүлдірмесек, сіз ешқашан кешірім сұрайтындай ештеңе жасаған жоқсыз.
– Сен
алдымен мені кешірдім де.Ұлықбек Есдәулетов журфактағы бесінші курста оқып
жүргенде біз бірінші курсқа түскенбіз. Содан бергі барлық оқиғалар санамыздан
бір сәтте тізбектеліп өтті. Бұл кісі кішірейіп кешірім сұрайтындай түк
болмаған. – Жоқ аға…- Жоқ інім, сен мені кешірдім де…Амал жоқ:

– Ұлықбек аға, арамызда сіз кешірім сұрайтындай
ештеңе болмаған. Сонда да сізді кешірдік,- дедік. Ағамыздың жаны жадырады. Кең
құшағына алды. Бойы шыннан жеңілдегенін байқадық. – Онда, мені кешірсең, не
болғанын тыңда.
Тыңдадық. Сонау сексенінші жылдар ортасындағы оқиға
екен. Біз ол кезде “Лениншіл жас” деген газеттің Қарағанды, Жезқазған
және Целиноград облыстарындағы өз тілшісі едік. Бұрқыратып жазып жатқан жалынды
кезіміз. Сол тұста бізді Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсыныпты.
Өзіміздің есімізде жоқ жәйт. Әлде сыртымыздан ұсынылып мүлде естімедік, әлде
кейінгі оқиғалардың құмына көміліп, санадан ұмыт болған.

– Сол тұста мен
сыйлықты беретін комиссияға мүше едім,- деп сөзді сабақтады Ұлықбек аға. -Ең
соңғы іріктеуде екі журналист қалдыңдар. Сен және Төрехан Данияров. Дауыс беру
басталар алдында Уәлихан Қалижанов шақырып алды да сені жамандады.
“Дауысыңды Қайнарға емес, Төреханға бер” деді. Дауыс беру
басталғанда, төрт те төрт болып тұрғанда мен соңғы тоғызыншы дауысты Төреханға
беріп едім. Сөйтіп Төрехан лауреат атанды. Сол жолғы қателігімді кейін біліп, ішіме
сыймай жүрген. Міне, сен бүгін мені кешірдің.
– Кешірдім,- дедік ішіміз
елжіреп. Шынымен кешіріп едік. Осы әңгімеден
кейін Уәлихан ағамызды бірнеше рет эфирге шығардық. Екі мәрте тікелей телефон
шалдық. Қызметімен құттықтадық. Талантты ақын Қанағат Әбілқайырдың үйіндегі
келіннің мемлекеттік емтихан ба, диплом жұмысы ма, бірдеңесіне “бес”
қоюын да сұрадық. “Шыннан келін бе, онда “бес” қоямын”
деген ағамыз. Қанағат өзі естіп отырды. Бәрі беріде, Ұлықбек ағамыздың
“арылуынан” кейінгі тілдесулер. Байқап тұрсақ, Уәлихан ағамызға
биттің қабығындай өкпеміз жоқ.Төрехан… Онымен тіпті, отбасымызбен араласамыз.
Достарымыз да ортақ. Бірер шаруасын сәтімен шешіп бердік. Өткенде бір бос қызметке
осы азаматты алайық деп бастығымыздың алдына бардық. Ешкім сұрамай, өтінбей,
өзіміз айттық. Демек, Төрехенмен арадағы қатынасқа да дық түспеді. Жалпы,
“дық” – Орта Азияның зеңбірегі. Түйеге екеуден теңдеп жүрген. Баяғыда
Сауранның биік қорғанын осындай зеңбірекпен атқан. Биік қорғанға түскен топтың
/”топ” – снаряд/ ізін “дық” деген. Ал Ұлықбек ағамызды бұрынғысынша жақсы көреміз. Тіпті
бұрынғысынан артық. Арыла алған азаматтығы үшін!!! Сосын… өзіміздің есімізден
әлдеқашан шығып кеткен сыйлықты алсақ қазіргі қалпымыз сақталмас па еді дейміз.
Әлде болдық-толдық деп тоқырап тұрар ма едік, әлде буымызға пісіп, бірдеңені
бүлдірер ме едік. Әрине, басқа тараптағы әңгіме. Бұл сөздерді біз де арылу үшін
жаздық.


2013 жылғы 10 қыркүйек. Сағат 20 00.