Киев: Майданда шабуыл басталды
Киев: Майданда шабуыл басталды
Украиндық биліктен Ресеймен қарым-қатынасты бәсеңдетіп, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты нығайтуды талап еткен наразы топ бірнеше күннен бері Майданда жүр. Ақпарат көздерінің айтуынша, шерушілерге қарсы әскери күш қолданыла бастаған көрінеді.
Киевте әскери құрылым өкілдері шерушілер жиналған Майданды қоршап алыпты. Украинаның еуропалықтармен бірігуін қолдаған топ алаңда наразылық шараларын өткізуде. Майданға кіретін және шығатын жерлер түгел бақылауға алыныпты. Алаңдағы Ленин ескерткішін құлатып, орнына Украина туын ілген. Жолдарды әскерилер ғана емес, автобустар мен жүк көліктері, қар жинайтын машина мен «Жедел жәрдем» жауып тастаған. «Метроның бірнеше стансасында жарылғыш зат орнатылған» деген ақпар жеткелі бері Киевтегі метро да жұмыс істемей тұр. Украинадағы жағдайды өз көзімен көруді мақсат еткен, саясаттанушы Мұхтар Тайжан қазір Киевте, Майданда жүр. Оның айтуынша, әскерилер алаңға бүгін, яғни, 9 желтоқсанда кіргізіле бастапты.
Сонымен қатар Киев облысының Васильков ауданынан ішкі істер әскерінің сарбаздары да Майданнан табылған. Бұған дейін бұл әскери топ оппозиция жақтастарына қарсылық танытыпты. Украина ішкі істер министрлігіндегілер васильковтық сарбаздардың «арнайы жасақтың орнын ауыстыру үшін келгенін» айтып ақталуда. Алаңдағы ахуалға алаңдаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері Киевтің әкімшілік үйін күзетке алыпты. Себебі, бұған дейін шерушілер әкімшілікті басып алған болатын. Майдандағылар әскери күштің алаңға шоғырлана бастағанын «шерушілерге күш қолдану үшін пайдаланбақ» деген пікірде. «Соққы» оппозициялық партиясының көсемі Виталий Кличко Майдандағы әйелдер мен балалардан үйге қайтуын өтінді. Ал әскерилерге «қылмыстық бұйрықты орындамауды» ескертті.
Әскерилер жинала бастағанда Майдандағылар да қапы қалмау мақсатында өз беттерінше дайындыққа кірісті. Сондай-ақ, Киев әкімшілік ғимаратын шабуылдауды жоспарлауда. Қазір ғимаратта оппозицияның 100-150 өкілі бар көрінеді. Қарашаның соңынан бері қазіргі украин билігін Еуропалық Одақпен ынтымақтастық орнатуды талап еткен наразы топ бірнеше рет шеруге шықты. Майдандағы кешегі шеруде жүздеген мың адам билікке наразылығын білдірді. Алайда, ресейлік БАҚ жиналғандар саны тым аз деп көрсетуде. Ал Ресей шекарасы Украина азаматтары үшін уақытша тарс жабылыпты. Ресми органдардың айтуынша, қауіпсіздік шарасы көрінеді.
Шерушілерге рухани тұрғыда қолдау көрсетуге келгендер арасында «Мисс Украина – 2013» сайысының жеңімпазы Анна Заячковская да бар. Ол аязда тоңғандарға шай құйып беріп жүр. Еуропалық бағытта дамуды аңсаған украин халқымен бірге Майданнан табылған Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили «Еуропалық Одақтан украин халқы емес, ат төбеліндей билік бас тартқанын айтты. Украиндықтарға дем беру үшін кеше Киевке аттанған бір топ қандасымыз да бүгін Майданға барыпты. Жоғарыда айтып өткеніміздей, олардың арасында белгілі саясаткер Мұхтар Тайжан бар. Алаңда жиналғандар алдында сөз сөйлеген ол алдымен украинша амандасып, сосын қазақша сөйлеп, артынша орысшаға көшкен.
«Сіздерге қолдау көрсетуге келген топ өте аз, бірақ біз де сіздермен бірге Майданды күзетіп, қатарларыңыздан табыламыз. Жеңіске жетпейінше, Майданнан біз де кетпейміз!» деген Мұхтардың сөзін Майдандағылар іліп әкетіп, ұзақ уақыт бойы қол шапалақтаған. Жүректі жібіткен жылы сөзге теңіздей толқыған олар алғысын да қазақша білдіріпті: «Рахмет!». Мұхтар Тайжан Жаңаөзендегі жазықсыз қанға бөккен қазақтардың қасіреті туралы айтқанда алаң ауыр күрсініп, қазаға қайырлы болсын айтты. Ал КСРО кезінде қазақ пен украинның аштықтан, ядролық жарылыстардан қатар зиян шеккенін еске салғанда, Майдан ашу-ызадан қыз-қыз қайнады.
Қазір әскерилер тарапынан шабуыл басталған Майданның қақ ортасында жүрген Мұхтар Тайжан «Түркістан» газетіне сұхбат беруге келісті. Мұхтармен байланысқа шыққан бойда сұхбатты сайтта жариялаймыз.
Нәзия Жоямергенқызы