Ресей мен Белоруссия өндірушілеріне жол ашыла ма?

Ресей мен Белоруссия өндірушілеріне жол ашыла ма?

Ресей мен Белоруссия өндірушілеріне жол ашыла ма?
ашық дереккөзі

Шенеуніктер «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы
арқылы өрескел қателікке бой алдырды. Себебі, құжат 2014 жылдан бастап отандық
кәсіпкерлерге берілетін жеңілдікті алып тастап, есесіне ресейлік және беларусьтік
мемлекеттік сатып алуларға есік ашпақшы. Ең қорқыныштысы сол, заң жобасына
қандай да бір өзгеріс енгізуге кеш екен.

«Атамекен» ұлттық
экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов: «Қазақстан
Кедендік одақ аясындағы ұлттық режимді алып тастау жөніндегі халықаралық
келісімді ратификациялау кезінде ойсырай жеңілді. Егер мемлекеттік сатып алуға
орыстар мен беларусьтерді жіберсе, онда жергілікті өнім өндірушілер опық жейді.
Демпинг болуы да мүмкін» деді ашынып.

Мәселен, тендерлік
тапсырыс бойынша кәсіпкер төмендетілген бағамен сатылатын өнімді алуы тиіс
екен. Нәтижесінде арзан бағаға – сапасыз өнім алынады. Ал, шын мәнінде, екеуін
біріктіруге мүлдем болмайды. Оның үстіне ұйымдастырушылар тендерге түсетін
өнімнің бағасын соңғы сәтте ғана жариялайтын көрінеді. Бұл, әрине мемлекеттік
сатып алу жүйесін сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналдыратыны сөзсіз.
Сондықтан барлық ұсынысты тексеріп, сатып алушыға тек қажетті өнімді шығаруға
бағыт беретін арнайы мекеменің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ең бастысы, оның
қызметі ашық болуы керек. Ал ашықтыққа мемлекеттік сатып алуды қамтамасыз
ететін мемлекеттік қызмет бірыңғай оператор арқылы бақылаудан өткенде ғана қол
жеткізуге болады.

Салыстырмалы түрде
айтсақ, мемлекеттік сатып алуға өз отанындағы нарықтың 90 пайызын жаулап алған
ресейлік жиһаз жасайтын компания қатысты делік. Өндіруші Қазақстанға өнімнің 10
пайызын төменгі бағамен жеткізеді. Бұл жерде Ресей еш ұтылмайды, керісінше еліндегі
сауда арқылы жоғалтқанын жауып отырады. Осы жерде айта кететін мәселе – ағаштан
өнім жасайтын еліміздің өнеркәсібі аяғынан тік тұрған жоқ. Қазақстан бұл салада
Ресей мен Беларусь сияқты алпауыт елдермен бәсекелесе алмайды. Яғни, заң жобасы
Кедендік одақтағы Қазақстаннан кейінгі екі мемлекетке ғана үлкен мүмкіндіктер
әкелетін сияқты.

«Атамекен» ұлттық
экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов мұндай
бәсекелестіктен еліміз ұтылмаса, ұтпайды дегенді айтады. «Меніңше, бұл мәселені
2018 жылға дейін тоқтата тұру керек еді. Себебі, бұл уақытқа дейін өндірушілер
тәжірибе жинақтап, өнімге деген сұранысты қанағаттандыра алады. Ал қазір өнім
аз жерде, біз Ресей мен Белоруссияны қалай қуып жетеміз? Бірақ, қанша
шырылдасақ та, заң жобасын өзгерте алмаймыз. Бұл 2011 жылы аталған келісімді
жүргізіп, мақұлдаған азаматтардың қателігі», – деді ашынып.

Сөзінің жаны бар.
Отандық өндірушілердің бүгінгі пұшайман қаліне көз жеткізген басшының жыларман
күйіне қарағанда, жағдай сіз ойлағандай мәз емес. Алайда, «Атамекен» басшысы
мен отандық кәсіпкерлер неге түстен кейін аттандайды? Заң жобасы талқыланған
кезде қайда қараған? 

Динара Мыңжасарқызы