Жаңалықтар

14 жаста шаңырақ көтеру – Болашаққа балта шабу...

ашық дереккөзі

14 жаста шаңырақ көтеру – Болашаққа балта шабу...

«14 жаста некеге тұруды заңдастыру қажет». Осы мәселені көтерген Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев отбасын құру жас балаларға да тиімді дейді. Оның пікірінше, халықты дүрліктірмес үшін неке жасын біртіндеп азайту керек. «Некеге тұру жасын 14 жасқа дейін түсіру керек. Әуелі 16 жасқа дейін. Бұл қадамды біртіндеп жүзеге асырып, 16 жасқа түсірсек, нәтижесін бірден көрер едік. Ал бірден түсірсек, бұл жаңалық резонанс тудырады, жұртшылық бізбен амандасудан қалады»,  – дейді Жұматай Әлиев. Халқымыз «он үште отау иесі» дегенмен, «үйлену оңай, үй болу қиын» деп тағы тоқтау айтқан болады. Халық нақылы мен қазіргі заманның сабақтастығы болса да, бүгінгі ұрпақтың сауатын ашып, білімін жетілдіріп, маман иесі атанып, елдің дамуына өз үлесін қосуына зор мүмкіндіктер жасалған. Инфрақұрылым мен технология дамып, жастар үшін керемет мүмкіндіктер ашылып отырғанда, ес тоқтатып, ересек атанбаған жасөспірімдердің жолын байлау ағаттық. Бұл пікірге психолог мамандар ұшты-күйлі қарсы. Өйткені жастар 14 тұрмақ, 30-ға келгенде де жаспын дейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстанда жасанды түсік жиі тіркелген. Бұған мектептерде оқытылатын валеология пәні аз да болса түрткі дейді депутаттар. Бұл пікірмен ұстаздардың да ойы үндес. «Валеология пәні жыныстық қатынастан сақтандырудың орнына, соған итермелеуге себеп болып отыр. Бір мектептерді аралап мұғалімдерімен, балалармен сөйлестіңіздер ме? Жоқ. Біз осы мәселемен айналысқан кезде, осы пәнді оқу бағдарламасынан алып тастаңыздаршы деп мұғалімдер жалынды. Біріншіден, өте ұят», – дейді Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл. Әсілі депутат мырза ес тоқтатып үйленген әрбір үшінші жұптың ажырасып жатқанын ескермесе керек. Он алтысында отау құрған жастардың кәмелеттік жасқа толмай тұрып, ажырасып кетпейтініне кім кепіл? Мектепті тәмамдайтын 18 жасқа дейін оқушы ажырасып үлгермей ме? Статистика мәліметтеріне сүйенсек, жылына 22 мың жасөспірімдер жүктілігі тіркеледі екен. Депутат Дариға Назарбаева бұл мәселені шешудің басқа жолын ұсынды. Оның пікірінше, жүктіліктің алдын алуға  ерте шаңырақ көтеру көмектеспейді. «Меніңше, жасөспірімдердің мерзімсіз жүктілігін азайту үшін, оларды мүгедек балаларға арналған интернаттарға апару керек. Бұл нәтижелі жұмыс істейді», – деді депутат ханым.  

Ақниет Оспанбай.