Жаңалықтар

Заң қабылданды

ашық дереккөзі

Заң қабылданды

 Кеше, яғни желтоқсанның 10-ы күні көпшілік талқысына түскен және әлеуметтің қатты наразылығына ұшыраған  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл онсыз да қаңтарылып тұрған қазақ көшінің бұйдасы кері бұрылды дегенді білдіреді. Әрине, “бұдан жаман күнімде тойға барғанмын” демекші, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы заңнамалық актілер, құқықтық алаң бұдан да көш төмен болатын. Алайда соған қарамастан Қазақстанға 1 миллионға жуық қандастарымыз осы жылдары оралды. Бірақ, ол “әлеулайымнан” бұл “әлеумлайым” өзгерек дегендей, бүгінгі Заңның қабылдануы басқа. Біріншіден, 90-шы жылдары құқықтық негіздері жасалынбаса да, ниет, шеттен келген қандастарды қабылдауға деген ынта ерекше еді. Ең әуелі 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайында Елбасы сыртта жүрген ағайынға сауын айтып, “Ақтілегін” жолдаған.

Ал, бүгін толайым көштің керуенін әдейі тоқтату ниеті байқалады. Сөйтіп, заман түзелсе де, заң қыңырайды.  90-шы жылдардың басында келген қазақтар ҚР азаматы атанбай-ақ, атышулы №791 Қаулының арқасында Қазақстан азаматтарымен бірдей құқыққа ие болды. Тек сайлауға қатыса алмады, мемлекеттік қызметке тұра алмады. Одан өзге, зейнетақы алу, түрлі жәрдемақылар мен өтемақыларға қол жеткізу, балаларын мектепке беру, ЖОО-ларда, магистратурада тегін білім алуға мүмкіндігі бар еді. Ал, соңғы бірнеше жылда қабылданған Қаулыларға көз жүгіртсек, қазір шеттен келген қазақтар бұндай жеңілдіктердің барлығынан шет қалған. Айталық, ИИН алмай ешкім баласын мектепке орналастыра алмайды, тұрақты тіркелмесе, “Оралман куәлігіне” қолдары жетпейді. Ал, тұрақты тіркеуге тұру үшін түрлі қолдан жасалған кедергілер  туралы бұған дейін де жағымыз талмай айтып келеміз. Егер, “Оралман куәлігін” алмаса, зейнетақы рәсімдеу, жаңа туған балаларына жәрдемақы төлеу, түрлі төлемақылардан қағылады. Оның үстіне қазіргі бар заңнамаларға сүйенсек, “Оралман куәлігінің” мерзімі 1-ақ жыл. Ол осы бір жылдың ішінде азаматтыққа құжаттарын тапсырып үлгеруі тиіс. Демек, “Халықтың көші-қоны туралы” Заң мен “Еңбек мигранттары” туралы Заң бірі-біріне қайшы келіп тұр. 

Мектепке қатысты да осыны айтуға болады. Қазір азаматтығы жоқ, ұлты қазақ азаматтардың балалары мектептерде тегін білім алуына болады. Алайда, егер тұрақты тіркеу қияметтің қыл көпіріне айналса, ИНН алуға мүмкіндігі болмаса, олар қалай мектепке баласын бере алады. Құдайға шүкір, ЖОО-ға бөлінген қазақ диаспорасы балаларына арналған 2 пайыздық квотаға әзір ауыз салынған жоқ. Ал, магистратура мен докторантураны қазақ диаспорасы өкілдері тегін оқи алмайды. Өйткені, экс-премьер К. Мәсімов бұған қатысты арнайы Қаулы қабылдап үлгерген болатын. Сонымен, бұл заңның қабылдануы арқылы, шетте жүрген 5 миллион қазақтың Атажұртына оралуына кедергі қойылды. Ал келіп алған қазақ бұл заңның біраз зардабын тартатын болады. Сөйтіп, “Көбей, қазақ!” деген ұранымыздың салы суға кетті.

Ал, шеттегі қазақтың 10 жылдан кейін жұрнағы да қалмай өзі өмір сүретін мемлекетіне сіңісіп кетпесіне кім кепіл! 

Есен Байнұр.