Жаңалықтар

"Барахолка" базарының жаңа жобасы бекітілді

ашық дереккөзі

"Барахолка" базарының жаңа жобасы бекітілді

 

Бұған дейін саудагерлер бірнеше рет бас көтеріп, бұлқан-талқан болса да, олардың сөзін ешкім құлаққа ілмеді. Керісінше жаңа базарға көшуді талап етті. Бүгінде базардың көркі қалмаған. «Глория», «Құлагер» базарлары бұзылып, орны тазартылуда. Өйткені жаңа жоба бойынша қызыл сызықтың бойында тұрған базарлар алынып, 130 метр кейінге шегерілмек. Бұл шара жолды кеңейтіп, паркингтер салуға мүмкіндік береді.

–  Солтүстік айналымда қызыл сызықта тұрған аймақты тазартамыз. Орнына заманауи сауда үйлері салынады. Әрбір кешеннің жанынан ашық көлік тұрақтары мен сыйымдылығы 21 мың орындық көпқабатты паркинг салынбақшы. Бұл кешендердің жертөлесі паркинг және қойма ретінде пайдаланылмақ, –  деді Солтүстік айналым жобасының авторы Алтай Сатыбалдиев.

Эскиздегідей жайлы кешеннің құрылысына әзірге бюджеттен 14 миллион теңге  бөлінген. Десе де, жабайы базардан қаланы жаппай тазартуға білек сыбана кіріскен шенділер Барахолкамен ғана тоқталмақ емес. Талапқа сай келмейтін қала ішілік 34 сауда орнының көзі жойылмақ. “Қала бойынша 74 сауда орны бар. Оның ішінде Әуезов ауданында 4, Алмалы ауданында 6, Алатау ауданында 10, Бостандық ауданында 4, Жетісуда 7, Медеуде 1, Түрксібте 2 сауда орнының тұрған жері біздің бас жобаға сәйкес келмейді”, – деді құрылыс және сәулет басқармасының бастығы Ғабит Садырбаев.

Солтүстік айналымдағы «Адем», «Рахат», «Ялян» сияқты соңғы жылдары салынған базарлар бұзылмайды. Оларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

  Жоба авторының айтуынша, базарлардың орнында сауда кешендеріне қажетті инженерлік құрылыстар мен өрт сөндіруге арналған су қоймалары, көрме жәрмеңкелік кешен, қоғамдық көліктерге арналған автотұрақ, көлік жуу және жанармай бекеттері бой көтереді. «Сатып алушыларға ыңғайлы жағдай тудыру үшін көгалдандырылған демалыс орындары салынады. Сонымен қатар қазіргі жерасты өткелінен тыс, тағы алты өткел жасалады», – деді Сатыбалдиев мырза.

  Бұл жобаның басты мақсаты – Солтүстік айналымда қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Соңғы кездері орын алған базар өрттерін сөндіруге өрт сөндірушілердің уақтылы жете алмауы қала тұрғындарының басын қауіпке тікті. «Одан өзге Әуезов көшесіннің жалғасын салмақшымыз. Ол Гоголь көшесінен бастап Рысқұлов көшесіне дейін жалғастырылмақ. Осылайша біз жол қатынасын ретке келтіріп, негізгі көлік тобырын сирете аламыз», – деді Алтай Сатыбалдиев.

  «Барахолка» көшіріледі дегенге халықтың сенгісі келмейді. Бірақ базардың жаңа жобасы бекітілді. Ескі базарлар жойылып, соңғы жылдары салынған базарларға қайта жөндеу жүргізіледі. Солтүстік айналымдағы барахолка Орта Азиядағы ең ірі сауда орталықтарының бірі. Ал таза, қауіпсіз, сапалы сауда үйлерінде тауардың бағасы өте қымбат. Қарапайым халықтың қалтасы көтермейді деуге болады. Сондықтан келіскен бағаға сауда жасап, қалаған тауарын алатын базарлардың болуы шарт.

Ақниет Оспанбай