Дәулеткерей «Балбал тастың жүрегін бүлк еткізді»
Дәулеткерей «Балбал тастың жүрегін бүлк еткізді»
Оны жұртшылық әуелде айтыс арқылы таныды. Жылқы мінезді, от ауызды, орақ тілді ақынның айтыстағы арынды жырлары көпшіліктің жадынан шыға қойған жоқ. Айтыс сахнасынан қол үзіп, жазба поэзиямен достасқан дарынды ақын күні кеше Астананың төрінде, ерке Есілдің жағалауында жыр кешін өткізді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен Дәулеткерей ақынның «Балбал тастың жүрегі бүлк еткенде…» атты шығармашылық кешіне достары, ақын ағалары, өнерпаз інілері жиылды.
Ақын кешін ақын Бақыт Беделхан жүргізді. Бақыт кештің әуелгі тізгінін Дәулеткерейдің өзіне ұстатты. Беташарды жырымен жеткізген Дәулеткерей ақын екі бірдей жыр кітабының шыққанын, бүгінгі «Шертолғау» ақынның үшінші кітабы екенін де өлеңмен жеткізді. «Шертолғауда» ақынның айтыстағы үздік үлгілері топтасқан.
«Шертолғаудың» тұсауын академик ғалым Сейіт Қасқабасов, жазушы Әлібек Асқар, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов кесті. Дәулеткерейдің анасы, айтыскер ақын, батыр ана Егеухан апа үшеуінің иығына зерделі шапан жапты.
Жыр кешінде сөз алған ақын Несіпбек Айтұлы: «Дәулеткерейдің жазба ақын екенін жұрт біле бермейді, қалың қазақ айтыстың жүйрігі деп таниды. Айтыс оның бір қанаты ғана, онда да сол қанаты. Ал оның мықты қанаты, оң қанаты – жазба поэзиясы. Ақындық оған әкесінің күшімен, анасының сүтімен келген. Бұл сонау бір жылдарда Алтайдағы көшкен елді көрген, қазақтың салт-дәстүрімен сусындаған, киіз үйдің ішінде туған бала. Асфальтта емес, желінің басында құлынға мініп, тайдан жығылып өскен бала. Дәулеткерейдің поэзиясынан соның бәрі сезіліп, көрініп тұрады. ХХІ ғасырда Дәулеткерей сияқты ақындар бірен-саран ғана болуы мүмкін», – дейді.
Ауған соғысының ардагері, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл да ақын кешіне құралақан келмепті. Дәулеткерей ақынның кеудесіне Бауыржан Момышұлы атындағы орденді тақты. Жыр кешінің тағы бір ерекшелігі, Дәулеткерей ақын сыбызғышымен жұп құрап, домбырамен әсем күйді шерткені болды. Ақынның «Толғауын» тыңдады жиылған жұрт. Жыр кешіне қонақ болып келген Тыныштықбек Әбдікәкім, Көпен Әмірбек, Баянғали Әлімжан сынды қаламгерлер ақын інілеріне ақ тілектерін атқарды.
Жыр кешінің көрігін айтыскер ақындарымыз да қыздырды. Ринат Зайытов, Жандарбек Бұлғақов, Әсем Ережеқызы да осы кештен табылды. Ән мен жырға толы кеш жиылған қауымның да көңілінен шыға білді.
Гүлзина Бектас