ТӘУЕЛСІЗДІК МЕЙРАМЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ОЙ

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕЙРАМЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ОЙ

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕЙРАМЫ  ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ОЙ
ашық дереккөзі

Жаңа жылдың жырын жырлағандар қазақ үшін ең қастерлі, ең ардақтысы – Тәуелсіздік мейрамының маңызын келер ұрпақтың санасына сіңіргеннің орнына, оны көмескілендіруге барын салуда. Естеріңізде болса, осыдан бір-екі жыл бұрын 25 қазан – Республика күнін мерекелер тізімінен сызып тастадық. Сол кезде «Түркістан» газеті» “БIЗ ҚАНДАЙ МҰРАДАН БАС ТАРТАМЫЗ?” деген мақала жариялаған болатын. 

Биыл ұланғайыр елде Тәуел­сіздік мейрамымен құт­тықтаған сирек ұрандар ғана көзге түседі. Тек Алматының «Астана» алаңында ғана «Тәуелсіздік күні құтты болсын!» деген қазақ-орыс тілдеріндегі жалғыз ұран еліміздегі ең айтулы, ең Ұлы мерекенің бар екенін білдіргендей ме, қалай?! 

Бұдан өзге ұлттық пат­риот­тардың фейсбукта, баспасөзде шырылдағанынан басқа ешқандай әңгіме естілмейді. Сонда біз «Тәуелсіздік мерекесінен» де бас тартпақпыз ба? Қазақ осы күнді қанша жыл, қанша ғасыр аңсады. Осы жолда қаншама қан төгілді. Хан Кене он жыл аттан түспей, Ресейдің империялық саясатына қарсы ұлт-азаттық соғысын жүргізіп өтті. Алаш ардақтылары осы жолда басын бәйгеге тікті. 1986 жылы Республика алаңына жиналған өрімдей жастардың қаны да тәуелсіздік үшін төгілді. Ендеше Тәңірінің өзі сыйлаған ұлы Тәуелсіздікті қастерлемеу, оған тәу етпеуіміз – үлкен күнә. Сонда Тәуелсіздік біз үшін 20 жыл ғана қасиетті мейрам ретінде аталып өтіп, жиырма жылдан кейін жылы жауып қоймақпыз ба? Сөйтіп осы бір күнді ұрпақ санасынан біржолата ұмыттырып, енді бірнеше жылдан кейін «Еуразиялық одаққа» өз еркімізбен қосылған күнімізді тойлап жүрмесек игі еді! Сонда бұл не? Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің құнын түйсінбеу ме, қолдағы барды, байлығымызды бағаламау ма? Міне, осындай тығырыққа тірелген сәтте «Түркістан» газеті «Тәуелсіздік мейрамы қарсаңындағы ой» жайында толғанғанды жөн көріп отыр. Ортаға тасталар ой: «Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығында Сізді не толған­дырады?». 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері:

00c88045e78e18b6dede2d9a04c2a00a.jpg

– Тәуелсіздігіміздің қай жылында болсын мені де толғандырған… жо-жоқ, «толғандырған» демейін, өйткені тірліктегі жетістік те тол­ғандырады, ойлантады, шүкір­ші­лікпен астаса қуантады, енде­ше, – «мазалаған» дейін, ал ол мәселе жетіп жатты. Мені қат­ты мазалағаны екеу: бірінші – ауылды жерде ауызсудың тап­шылығы. Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің дерегі 3800 ауыл-селоның ауызсуға зәру екенін айтады. Оларда ауыл-село халқының 40 пайызы – 3 мил­лион адам тұрады екен! Рас, үкімет «Ақ бұлақ» бағдарламасын қабылдап, 2011-2020 жылдары бұл жағдайды оңдауды белгіледі. Соңғы он жылда үкімет ауылды көтеруге жүздеген миллиард теңге бөліп, оны парламент бекітті, бірақ ең бірінші кезектегі ауызсу мәселесі шешілген жоқ. Қыруар қаржының қайда кеткенін үкімет те, парламент те іздемеді. Яғни «Ақ бұлақ» та: «әләуләйім бітсе, хәләуләйім барға» ұшырайды.

Мазалайтын екінші мәселе – бі­лім жүйеміздегі берекесіздік. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, 22 жылда Білім министріміздің нешеуі таққа шығып-түскенін білмеймін, – есебінен жаңылып қалдым. Ал пәленінші министр Аслан Сәрінжіпов мырзаның «құлағына алтын сырға», ресми деректер бүгінде республика мектептерінің, мысалы, 75 пайызы ауылды жерлерде екенін, оның 93 пайызы күрделі жөндеуді керек етіп тұрғанын, 80 пайызында спорт залы жоғын паш етті.Жаңа министрдің екпіні ерекше қатты екен. Біз, зиялы қауымның үлкен бір тобы, сонау жылы биліктің аты шулы «үш тұғырлы тіл» деген «жаңалығына» қарсы шығып, қисық көшті тоқтатқан едік, сөйтсек, ол көш күндіз тоқтап, түнде жүре беріпті, Аслан мырза үкімет мәжілісінде: «Біз мектептерді үштілді етуге тиіспіз. Әрбір түлек мектепті бітірерде үш тілді меңгеруге тиіс. Біріншіден, қазақша: өйткені төл мәдениетімізді, әдебиетімізді білуі қажет. Екіншіден, орысша: бұл өзге этнос өкілдерімен тілдесе алу үшін қажет. Және ағылшынша: бұл тіл арқылы әлемдік технологияларды игереді» деп бір аялдап, одан соң ол: «…алдағы онжылдықтарда Қазақстанда «қазақ мектебі», «орыс мектебі» деген анықтауыш жойылуға тиіс!» деп, үштілділіктің туын тік көтерді. Ал керек болса! Біздің жоғарыдағы шенеуніктер әншейінде шет елдердің анаусына еліктеп, мынаусына солықтап пәле болатын еді, ал «сіп-сібежи» министріміз дамыған елдердің мектеп білімі жүйесіне неге назар аудармады? Оларда баланы, біздіңше, бастауыш мектепті бітіргенше, ана тілінің нәріне әбден қандырып, тірлікке қажет шет елдер тілін үйретуді содан кейін ғана қолға алады екен. Өйткеннен зиян көріп өкінгендері жоқ. Ал біз мектепте 1-сыныптан бастап шикілі-пісілі тіл ботқасын жасамақпыз! Егер шәкірттеріміз шет елдер тілін, айталық, жетінші сыныптан бастап оқыса, Қазақстан қай көштің соңында қалмақ?

Бізде жоғары оқу орындарын жекешелендіру туралы сөздің де «толғағы қыса бастады». Меніңше, ол – білімімізді былықпайға айналдыру. Мәселен, үш немерем мамандық таңдауларына қарай үш институтта оқыды, ал шүйіркелескенде айтатындары бір сөз болды: «Бізде пәленбай студент лекцияларға қатыспайды, емтихан, зачет кезінде ғана пайда болады». Түсінікті. Оқу ақылы. Қалталылардың қайсыбірінің баласы соны пайдаланады, уысында – ақша, астында – аутомәшине, дипломды бәрібір алатынын біледі. Институт, университет, т. б. басшылары оларды «байқамайды», себебі: студенттен бұрын қаржы керек. Мемлекеттің құзырындағы жоғары оқу орындарында хал-ахуал солай болса, жеке кісінің қолындағы қалай оңбақ? Жекешелендіргендер әлде қаржыны керек етпей, халықтың мүддесі үшін «тесік қалта» болуға дайын ба?

Міне, мені мазалап жүрген екі мәселе – осылар. Бірақ айттың не, жаздың не, естір құлақ, оқыр көз «дефицит» болып тұр емес пе? 

Әбдуақап Қара, тарих ғылымдарының докторы, 

Мимар Синан университетінің профессоры, Стамбұл

6c8049109f1a1010193ecf117d52458a.jpg

– Иә, осы сұраққа жауап беру үшін 22 жыл бұрынғы уақытқа оралу керек. Қазақстанның экономикалық салада, халықаралық байланыстарда, әлемдік қауымдастықта алған беделді орыны 22 жыл бұрын ойлағаннан әлдеқайда алда екенін айта аламын. Әсіресе, Астана сынды әсем қала бой көтереді деген ой 22 жыл бұрын ешкімде жоқ еді. Бұл жағынан алғанда шетел қазақтары ретінде “Қазақстан – отанымыз”, “Қазақ – ұлтымыз” дегенді мақтанып ауыз толтырып айтып жүрміз.

Ал енді толғантатын мәселелерге келсек, олар ұлттық және рухани мәселелер. Мен үшін тәуелсіздіктен бұрын, яғни Қазақстан Кеңестік бодандықта болған тұста елге бару, байланыс жасап араласу деген ешқашан мүмкін емес сияқты көрінетін. Өйткені Кеңестік идеология күдікпен қарап жау санаған шетел қазақтарына Қазақстанға барып келуге мүмкіншілік жоқ еді. 

Сондықтан тәуелсіздіктің шетел қазақтарына ең үлкен сыйы осы орайдағы барлық кедергілерді жоюы болды. Бұл ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жойылды да, тәуел­сіздік жариялағаннан кейін уақыт өткізбестен, 1992 жылдың қыркүйек айында Алматыда дүниежүзі қазақ­та­­рының басын қосқан тұңғыш құ­рыл­тайы ұйымдастырылды.

Өткен 22 жылда осы орайда, яғни атамекен мен шетел қазақтарының араласуында, ел азаматтығын алуда, балаларын елде оқытуда, туған елде қоныстануында көптеген жетістіктерге жеттік. Дегенмен толық мақсатқа жете алмадық. Бүгінгі таңда оралмандарға 5 жылсыз ҚР азаматтығын бермеу жөніндегі заңның қабылдануы мұның айғағы. Бұл – бір.

Екіншіден, қазақ тілі әлі де болса, төрге озбай келеді. Рас, бүгінгі таңда қазақ емес Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді үйреніп жатқандары құптарлық. Тілге қауіп біздің ойымызша олардан келіп отырған жоқ. Қауіп еліміздің жоғары білімді және басқару орындарында отырған орыс тіліне жатық азаматтардың балаларының келешегін әлі де болса мемлекеттік тілден гөрі орыс немесе ағылшын тілімен байланыстыруынан туындап отыр. Өйткені ел тізгінін қолында ұстап отырған азаматтар басқа тілге бейім болса, онда ана тілдің келешегі бұлыңғыр болары хақ.

Үшіншіден, тіл саласы дегенде 22 жылда қазақ тілінің әлемнің ғылым мен технологиясы дамыған ағылшын, неміс, француз, қытай және түрік тілдеріндегі толық сөздіктерінің жасалмағаны таң қалдырады. Мұндай сөздіктер болмаған жағдайда, президенттің үш тұғырлы тіл саясаты да, қазақ тілінің мәртебесі де белгілі деңгейден аспайтыны даусыз. Осындай маңызды болған сөздік мәселесі неге шешілмейді? Бұл салада істей алатын тіл ғалымдарымыз жоқ па, әлде оны жасай алатын ғалымдарды қаржыландыратын ақша жоқ па? Менің ойымша екеуі де жоқ емес, бар. 

Төртіншіден, славян халық­та­рына ғана тән алфавиттен 22 жылда әлем халықтарының көбісі қолданып отырған ла­тын әріптеріне өте алмай отыр­ға­нымыз. Бұрынғы Кеңестік елдер­дің барлығы осы 22 жылда өздеріне күшпен танылған және ұлттық мәдениеттеріне тұсау бо­лып отырған әріптерден босанып шықты. Тек Қазақстан мен Қырғызстан қалып қойып отыр.

Бесіншіден, қазақтың тәуел­сіздік тарихының ұлы тұлғалары, әсі­ресе Алаш қайраткерлерінің тиісті бағасын ала алмай келе жатқаны қынжылтады. Тәуелсіздік тари­хының ұлы тұлғалары бол­ған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сын, Міржақып Дулат пен Мұс­тафа Шоқайдың бүгінгі таңда Қа­зақ­станда төрден орын алмағаны байқалады. Мәселен Францияның астанасы Париж қаласында Мұстафа Шоқайға арналып сая­бақ ашылып, мүсін орнатылып отырғанда, тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы Астанада Шоқайдың бір ескерткішінің болмау себе­бін түсіну қиын. Тәуелсіздік тари­хының ұлы тұлғаларына толық құрмет көрсетілмеген ел тәуелсіздігінің мәңгілігі жөніндегі сұ­рақ кімді де болса алаңдатады.

Алтыншыдан, жалпы ғы­лым саласында бұрынғы Кеңестік кезеңнің ғалымдарға қол бай­лау болып отырған қағи­да­ларының кейбіреулерінің әлі жойылмай келе жатқаны. Атап айтқанда, Кеңестік кезеңдегі қағазбастылық әлі жалғасып келе жатыр. Сонсоң ғалымдарға сабақтан қол босатып, зерттеу жасауға көбірек мүмкіншілік беретін жағдайлардың болмай отырғандығы.

 Болат Мүрсәлім, «31 арнаның» Ақпараттық бағдарламалар директоры:

b08e140ca33112651231335709af2409.jpg

– Біз 22 жылда ата-бабамыз армандаған ұлы мемлекетті құрмақ түгілі, оның іргетасы боларлық алғашқы қадамдарды жасай алдық па? Ол қандай алғышарттар? Саяси жүйедегі 22 жылда шешілмеген көптеген мәселелер мемлекетіміздің «ас­қынған ауруларына» айналып бара жатыр. Бір ғана жемқорлықтың, адам атудың өзі Абай айтпақшы, «сылып алып тастауға апандағы саз емес». Ұлтымыздың арманына айналған дүниелерде бір қадам алға бассақ, екі қадам кейін шегініп барады. Қазақ тілінің ресми тіл екені миымызға жетпегені сонша, билікті қойып, қоғамымыз орыс тілін «ресми» деп атайтын болды. Шетелдегі 5 миллион қазақты кіндік кескен жұртына оралтпаудың айлалары мыстан кемпірдің өрмегінен де шебер тоқылып жатыр. Һәм осындай аксиомаға айналған мәселелерді жыл сайын қайталап айта беруді дәстүрге айналдырғаннан басқа, түк бітірмедік. 

Бейсен АХМЕТҰЛЫ, IT менеджер:

– 16 желтоқсан – Қазақстан рес­­­пуб­ликасының ресми тәуел­сіздік күні.

Жүрегінде ата-аманатына деген құрметі ұйыған, тәуел­сіздік бақытының оңай қолға кел­мегендігінің себебін парасат көзімен қарайтындар үшін бұл күн – тәуелсіздік үшін жан қиған боздақтардың күресі мен тағдырын еске түсіретін, қарттарға санат, жастарға сабақ беретін рухани жаңару күні.

Желтоқсан тақсыретін тар­тып, желтоқсанның суығына тоңып, әділетсіздіктің отына күй­ген желтоқсаншылар мен жел­тоқ­саншылардың ізбасарлары үшін – бұл күн отан мен ұлттың, намыс пен ардың жолында құрбан бол­ған боздақтарды еске алатын қаралы күн. 

Ұлттың қазіргі әр белесін ақыл та­разысымен таразылап, амал-ние­тімен ұлт болашағының жо­лына бей-жай қарамайтын ұлт зия­­лылары үшін бұл күн – тағы да күрес күні. 

«Ораза-намаз тоқтықта» деп жүргендер үшін жәй демалыс күні. Мерекелік қуанышты сезіне алмаудан ауыр не бар?І

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ