ЖАС МҰҒАЛІМГЕ БАСПАНА ЖОҚ, ЖАЛАҚЫ АЗ

ЖАС МҰҒАЛІМГЕ БАСПАНА ЖОҚ, ЖАЛАҚЫ АЗ

ЖАС МҰҒАЛІМГЕ  БАСПАНА ЖОҚ, ЖАЛАҚЫ АЗ
ашық дереккөзі

Білім беру саласындағы түйткілдер қоғамның кез келген мүшесін алаңдататыны заңдылық. Себебі,  білім – ертеңгі өмірге берілген кепілдік. Алайда, бұл салада қордаланып қалған мәселе көп. «Аңыз Қазақстан» экспедициясымен еліміздің барша өңірлерін аралап келген 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаев біраз мәселенің бетін ашқан еді. 

– Орденбек мырза, сізді білім беру саласында не толғандырып жүр? 

– Қазіргі білім беру жүйесіне мейлінше көңіл бөлетін кез жетті. Талай жыл мектепте, ЖОО-да ұстаздық етіп жүріп, әлі күнге бір жүйеге келмегеніне көзім жетті. Жүйе жоқ жерде, алға қойған істің бәрі мәреге жетпейді, нәтижесін бермейді. Ал бізде министр ауысқанмен жүйеде өкінішті жайттар жетерлік. Әрине, Қазақстанның білім беру саласының еуропалық стандартқа сай келуін құптаймын. Бұл артық емес. Сөйте тұра, оның елімізге қажеттігі қанша деген ой мазалайды. Бұл әсіресе, еліміздің аумағының үлкендігіне, халқымыздың менталитетіне, көзқарасына деген бейімділіктің жоқтығына байланысты анық көрінеді. Бізде ішкі нарық деген бар. Оған педагогтық, дәрігерлік, т.б. мамандықтар дайындалады. Соның ішінде мені алаңдататыны – педагогикалық мамандық.  Өзім жылдар бойы Абай атындағы педагогикалық ұлттық университетте жұмыс істедім. Мемлекеттік стандарт пен бағдарламаға тікелей қатысым болды. Сондықтан да мұны айтуға шамам келетін сияқты. Біріншіден, педагогикалық ЖОО-ын басқа мамандықтармен теңестіріп қойдық. Бұл дұрыс емес. Себебі, бүгін ертеңгі күні ауылға барып жұмыс істейтін болашақ ұстаз ақылы бөлімде оқып жүр. Жылына 450-500 мың теңге төлейді. Бұл егеменді елімізге жараспайтын қылық. Еліміздің интеллектуалдық тобы, озық адамдардың бірінші ойластыратын мәселесі ішкі нарыққа ұстаз мамандарын дайындау. Ал біз мұны қаперге алмай жүрміз. Мектептің білім деңгейін көтерудің бір-ақ жолы бар. Ол – педагогтарды тек қана грантта оқыту және бұрын құрдымға кеткен аймақтық педагогикалық ЖОО-на дұрыс назар аудару қажет. Себебі, солтүстіктің баласы сол өңірде оқиды, сонда қалады. Сол сияқты оңтүстікте білім алған маманды солтүстікке жібере алмаймыз. Бұл мәні зор мәселе. Дәрігер – адамның жанын сақтап қалады, мұғалім –  білімге, ғылымға жетелейді. Бұл олқылықтарды жаңа министр ескеретін шығар. Егер де облыстық, аймақтық ЖОО-да маман дайындаудың жолын дұрыс жолға қойсақ, үш жыл оқытып, төртінші жылы тәжірибеден өтуге қалалық, аудандық оқу бөлімдеріне жіберсек, мектеппен байланыс орнататын еді. Бізде өкінішке қарай, кейбір ЖОО-да екі апталық, әрі кетсе сегіз апталық педагогикалық практикамен шектеледі.  

– Мемлекеттік стандарт пен бағдарлама жазуға қатыстым дедіңіз. Неге оқулық жазбайсыз?

– Осы сауал алдымнан көп шығады. Өзім бірде-бір мектеп оқулығына кіріскен жоқпын. Бір ғана себебі бар. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасы дұрыс емес. Осы жайлы кез келген адаммен айтыса аламын. Жақсы бағдарлама болмай, елімізде ешқашан да жақсы оқулық шықпайды. Ал атын қалдырамын деген адам жаза береді. Шын мәнінде, мектеп бағдарламасы өте асығыс жасалған. Бұл жерде авторлардың кінәсі жоқ. Олар ұсынылған бағдарламадан шыға алмайды. 

– Бұл бағдарламаны да адамдар жасап отырған жоқ па?

– Әрине, мұнымен арнайы мекемелер айналысады. Бізге баламалы оқулықтың санын көбейту керек. Қазір не көп, автор көп. Министрліктің рұқсатымен оқытылып жүрген оқулыққа қарағанда, өз ақшасымен шығарған авторлардың оқулығы дизайны мен мазмұны жағынан бір саты жоғары тұрады. Қытайдың, Еуропаның оқулықтарымен салыстырсақ, жер мен көктей. Бізде теория көп, есесіне логикалық, интерактивтік әдісті қолданатын оқулық аз. Жаңа министрлік мұны бір жерге шоғырландыру керек. Сапалы сараптамадан өтсе, оқулық авторы мен сараптама берген адам жауапты болса, мемлекеттің бөлген ақшасына жанымыз ашитын еді. Бірақ бізде керісінше. Тендерден ұтып аламыз да, шығара береміз. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасын электронды оқулыққа көшіру керек дейміз. Ұстаз болған соң, «Аңыз Қазақстан» атты еліміз бойынша жүріп өткен 10 800 шақырымдық экспедиция барысында білім ұяларына арнайы соқтым. Кейбір мектепте интернет желісінің мүлдем жоқ екендігін көрдім. Барының өзі ескірген, қазіргі бағдарламаға сәйкес келмейді. Сондықтан электронды, цифрлы жүйеге   тым әуестенбеу керек. Әуелі біз оның базасын жасап, дайын болуымыз қажет. Содан кейін ғана жаппай енгізуге болады. 

– Ал қашықтықтан оқыту ше? Бізге бұл жүйе келе ме? 

– Жердің қашықтығын пайдалана отырып, бұл жүйені енгізуге болады. Себебі, шалғай аудандар, елді мекендер көп. Мұны қолға алса, құба-құп болар еді. Бүгінде  Солтүстік Еуропа, Норвегия, Финляндияның балаларына үйінде отырып, оқуға жағдай жасалған. Сондықтан шетелдік тәжірибені дұрыс пайдалануымыз керек. Біз интеллектуалдық мектеп ашуға әуестеніп кеттік. Ашыла берсін, меніңше, барлық мектепті сол дәрежеге жеткізу керек. Онда үш тіл білетін мамандар жұмыс істеу қажет.  

–  Интеллектуалдық мектептерде білім сапасы жоғары деп ойлайсыз ба? Көбі ақша жасаудың амалы дейтіндер аз емес қоғамда. 

–  Мысалы, зияткерлік және қазақ-түрік мектептерін алсақ, оқушылардың тілді жетік меңгергендігін байқаймыз. Кейбір жағдайда ата-ана ақылы оқытады. Біз қазақ-ағылшын, қазақ-орыс мектебін ашып, неге мұғалімнің жалақысын көтермеске? Сонда оқушы жан-жақты дайындалады. Интеллектуалды балаларға тек пәндік сабақтарды өтіп қана қоймай,  сурет салуға, өнерге, техниканы білуге баулуымыз қажет.  Ал бұл мектеп бағдарламасында жетіспейді. 12 жылдыққа көшуге байланысты қандай пән оқу керектігі әлі анықталған жоқ. Бұл нағыз сорақылық! Себебі, университетте төрт жыл маман дайындаймыз да, білім стандартын дайындаған кезде қай пәндерді енгізу керектігін білмейміз. Нақты емес. Білім саласын жаңғырту, инновациялық өзгеріс енгізу ауадай қажет. Бірақ бұрынғы озық тәжірибелерді естен шығармауымыз керек қой. Өзім электронды оқулықтың авторымын.  Шаталовтың тірек-сызбалары әдісін пайдаландық. Онда сызба, сурет, сұрақ, тест тапсырмалары да бар. 

– Білім және ғылым ми­нистрлігінің «Е-learning»  электронды оқулығын шығарамын деп басы дауға қалғаны бар. Бұл тұрғыда не айтасыз? 

– Министрлік оқулықты енгізбестен бұрын зерттеу жұмысын жүргізген жоқ. Керек пе, жоқ па? Сосын ақшаны миллиардтап бере салмау керек еді. Кезең-кезеңімен бөлу керек. Нәтижесі болғанда ғана жалғастыру қажет. Бәрін қатаң қадағалауда ұстауға тиіс болатын. Біз ылғи да ізін таптырмаған кезде іздеу саламыз. Министрлік тендерді авторларға бергенде ғана оқулық жақсы болады. Авторға құқық берілсе, оқулығын жазып, қай баспаға беру керектігін де өзі шешеді. Себебі, автор қай баспа қалай шығаратынын жақсы біледі. Өзінің жанына жақсы сарапшы тартатын еді. Сонда ғана сапалы оқулық шығады. Қазір оқулықтардағы кеткен өрескел қатенің көбеюіне бір-ақ себеп бар. Бұрынғы кезде корректор мен редактор қарайтын. Қате кетсе, баспа жауап беретін, қазір олай емес. Баспадағы редактор мен корректор дұрыс қарауы керек. Сапасыз оқулық шығарса – баспаның қатесі. Ал мазмұндық қатенің кетуі – оқулықты жазған ұжымнан. Кейде екі оқулықты біріктірсе, сапалы оқулық шығу мүмкіндігі болады. Уақыт беріп, асықтырмау керек. Бізде не? Бір айда оқулық жазып шығады. Он екі жылдық жүйенің бағдарламасын қазірден жасақтап, оқулық дайындай беру керек. Бұрын ЖОО-ның оқытушыларына уақыт беретін. Ол автор күндіз жұмыс істеп, кешкісін оқулық жазады. Міне, сапасыз оқулық қайдан шығады! Сараптама қорытындысы мықты болу керек. Өзім мемлекеттік сараптамаға бірнеше рет қатыстым. Сонда «Егер менен қате кетсе, заң алдында жауап беремін» деп қолхат жазамын. Ал қазір неге қолхат жазбайды? Егер осыны орнына келтірсе, жауапкершілік болар еді. Оқулық авторы мен сарапшыға бірдей талап қойып, жауапкершілікті арттыру қажет.  

– Ал ғылым саласының беталысы туралы не айтасыз? Бүгінде мемлекет ғылымға бөлінетін қаржыны да көбейтті. Алайда, ғылым ілгері дамып отыр ма? 

– Қазақстан ғылымы тоқырау кезеңін бастан өткеруде. Себебі, еуропалық үлгідегі бакалавр, магистратура мен PhD докторанттар дайындауды бастап кеттік те, кандидаттық, докторлық диссертацияны тоқтатып тастадық. Бір PhD дайындау үшін төрт жыл, ол ғалым атанғанша тағы төрт жыл кетеді. Қазір ЖОО-да жұмыс істеп жүрген ғалымдардың көбінің жасы 60-тан асып кеткен. Осы буыннан кейінгі аралықта үзіліс пайда болайын деп тұр. Өйткені Ресей, т.б. мемлекеттер кандидаттық қорғауды қатар алып жүр. Біздің бұл жүйеге қарсылығымыз жоқ. Бірақ олардың материалдары шетелдік басылымда жариялануы керек деген талап-тілекті түсінбеймін. Өзім диссертациялық кеңесте мүшемін. 2012 жылы 15 докторант қорғау керек екен. Бірақ оның біреуі де қорғай алмай отыр. Себебі, инфофактор жоқ. Оған мақала шығару өте қиын. Өйткені Қазақстанның қазақ тілі, география туралы материалдары Еуропаға қажет пе? Мәселен, биология, медицина, физика, математика саласында жаңалықтарды басуға құлшыныс бар. Ал өз елімізге қатысты тақырыптарды өткізу қиын. ЖОО-да істейтін ғалым доцент, профессор атағын алуы үшін осы талапты орындау керек. «Үздік оқытушы» атағын берер кезде оның оқу-әдістемелік, тәрбиелік, ғылыми жұмысына назар аударамыз. Егер дәрежесі жоғары бола тұрып, шетелдік басылымда мақаласы жарияланбаса, оған бола доценттік атақ бермесек, ертеңгі күні ғылыми кадрлардан айрылып қалмаймыз ба? Шетелдегі басылымдарға материалын кімдер жариялай алады? Қолы бос, тек қана сабағын беріп, іссапарларға шығып тұратындар ғана шығара алады. Анталияға барған іссапарымда бір әріптесім: «Екі-үш жылда екі мақала жазсақ, үлкен дәреже» дейді. Ал біз бір жылда елу мақалаға дейін жария­лаймыз. Сондықтан әлгіндей журналдарды елімізде де шығару керек. Онда да жарияланған еңбектің қажет екендігін дәлелдеуіміз керек. Мақалада тәжірибелік маңызы бар дүние болуы қажет. 

– Онсыз да бізде доцент, кандидаттар көп емес пе? Олар ғылымға қандай жаңалық әкелуде? 

– ЖОО-да істемеген адамдар кандидат, доцент, профессор атағын алып алды. Солардың есебінен ғылыми дардай атағы барлардан аяқ алып жүре алмайсыз. Біздің қателігіміз осы. Қазір кеңестің бәрі жабылды. Енді PhD доктор дайындауға кірісіп кеттік. Қазіргідей магистрлер дайындай берсек, Қазақстан білімі өрге баспайды. Мысалы, Кореяда ақылы оқитын студенттерді компаниялар жұмысқа алып кетеді. Ал біз бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыра алмаймыз. Ірі алпауыт компанияларға неліктен үкімет есебінен маман дайындауымыз керек? Қазір туризм мамандығына шәкірттер көптеп қабылдануда. Бірақ жұмыс бар ма? Қолында менеджерлік, инженер-техник дипломы бар мамандарды жұмысқа орналастыру үшін мемлекет жұмыс орындарымен қамтамасыз ету керек. Мониторинг, маркетингтік зерттеу жоқ. Ол жүргізілмейді де. 

– Қазір салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша білім ұяларында дене шынықтыру сабағын көбейту мәселесі айтылып жүр. Бұл дұрыс па? 

– Тәрбие мәселесіне келсек, соңғы кезде БАҚ-та дене шынықтыру сабағының сағатын арттыру жайы қозғалуда. Сол азаматтарға «Алты сағатқа көтеріңіз, бірақ оны қай пәннің есебінен көбейтер едіңіз?» деген сұрақ қояр едім. Өйткені қазір өз елінің тарихынан, өлкесінен, гео­графиясынан хабары жоқ балалар көп. Ал алты сағат дене шынықтыру не әкеледі? Типтік мектептерде ғана спорт залы бар, ал спорт залы жоқ ауылдық мектептер ше? Мектепке қосымша сабақ есебінен бір кездері туризм, өлкетану пәнін енгіздік. Елбасының алға қойған мақсаты – жастардың өз өлкесін тану мәселесі. Сосын салауатты өмір салтын ұстану. Меніңше, туризм мен өлкетану қазіргі оқытудың әмбебап құралы. Оған техника, компьютер керек емес. Сондықтан бір-біріне жақын, мәндес мамандықтарды біріктіру керек. Егер мамандықты ретке келтірсек, кейбір мамандықтың керек не керек еместігін шешіп алар едік. Әрине, ЖОО бөлінген грантқа мамандық қабылдап, шығара беруге ынталы. Қазір мектептен тыс мекемелер қайта ашылуда. Бұл туризм, техника, экология мәселесі. Осы үшеуін ретке қойсақ, балалар өлкесін де, экологиясын да білетін болады.  Бұрын жұмыс істеген «Атамекен» туристік өлкетану экспедициясын қайта ашу керек. Министрлік тәжірибелі ұстаздармен жұмыс істесе, пікірін ашық айтар еді. Бәрі ашық болу керек. Бізде не? Жасырын түрде тендер өтіп, бағдарлама қабылданады. Сосын ол жұмыс істемеді дейді. Елбасы айтады, бәрі құптайды, бірақ орындалмайды. Қағаз жүзінде бәрі әдемі, бірақ іс жүзінде орындаушылар жоқ. Сондықтан білім саласының тармақтарында педагогиканы білетін адам отыру керек. 

– Осыдан төрт-бес жыл бұрын еліміз 12 жылдық білім беру жүйесіне 2012 жылы көшеді деп болжап едік. Бірақ кейінге шегеріліп келеді. Қазір дайынбыз ба? 

– Иә, 2012 жыл да өте шықты. Сол кезде біз 2015 жылға дейін дайын емеспіз дедік. Өйткені бағдарлама, жүйе, зерттеу жұмыстары жоқ. Егер жүйені сынақ мектептеріне енгізсек, он жылдың ішінде, яғни  2015 жылдан бастап еркін көшетін едік. Өзім бағдарламаны жоба ретінде ғана көрдім. Көңіл толатын жоба емес. Олқылық көп. Біз кәсіби бағдар беретін кәсіптік білімді жоғалтып алдық. Мектепті бітірген оқушы мамандық алып шығу керек. Ал біз қазір «Жол картасымен» аспазшы, тігінші, көлік жүргізушісін дайындаймыз. 12 жылдықтың мақсаты он жыл білім бере отырып, екі жылда кәсіби бағдар бойынша маман дайындау. 12 жылдықты ретке келтіретін тек министрлік қана емес, ЖОО, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық Білім академиясы. Ондай құзыреттілігі жоқ академия бізге керек пе? Мына түрімізбен 12 жылдық білім беру жүйесіне жақын арада көше алмаймыз. 2020 жылға созылып кетуі мүмкін. Бүгінде сынақ мектептердің өзінде 11-12 сыныпқа оқулық жазылып жатыр. Бірақ шала. Келесі жылы бұған арнайы байқау жарияланады. Қазір бәрі стихиялы түрде жүргізіліп жатыр. Бір пәннің сағатын қысқартып, екіншісін кіргізуде. Тіпті, факультатив сабақтарды мектеп бағдарламасына енгізді. Бұл дұрыс емес. 

Үкімет тарапынан 12 жылдықтың бағдарламасына сараптама жасалуы керек. Оның қазіргі мектеп бағдарламасынан айырмашылығы аздау. Біз үш тілді білу керек дейміз. Өкінішке қарай, мектептегі балалардың қазақша сауаттылығы төмен. Бірақ ағылшынша соғып тұр. Оған қарсылық жоқ, дәл солай басқа пәндерді ағылшынша оқытсын. Түрік лицейлерінде барлық пәнді ағылшынша береді. Ағылшын тілін бірінші сыныптан енгізу ертерек. Бас­тауышта бала ана тілін сіңіру керек. Меніңше, ағылшын тілін мектептен тыс үйірме ретінде оқыту қажет.  

– «Аңыз Қазақстан» экспедициясы бойынша елімізді аралап келдіңіз. Білім ұяларына да арнайы бас сұқтыңыз. Нені байқадыңыз?

– Қарапайым мысал, ауылдарды аралағанда ауыз су мәселесіне қанша ақша бөлініп, игерілмей қалғанына көз жеткіздік. Ол ақшаға 200 мектеп салуға болады екен. Бюджеттің қаржысын кім пайдаланып отыр? Бізде әйтеуір бөлінген ақшаны тез жұмсап бітірсе болды. Асығыс түрде оқулық жазады, асығыс түрде бағдарлама жасайды, асығыс түрде жол салады. Оның аяғы неге әкеліп жатқанын көріп отырсыз ғой. 

Ауыл – еліміздің алтын бесігі дейміз. Бірақ күнкөрістің қамын ғана күйттеп жүрген елді мекендер көп.  Бәрінің айтатыны – маманның аздығы, тұрақтамайтындығы. Себебі, баспана жоқ, жалақы аз. Жаңа келген мұғалім бір жарым ставкаға небәрі 40 мың теңге алады. Ол педагогикалық оқу орнын ақылы бітіріп, пәтер жалдап тұрса, қалай күн көреді? Қалай сабақ беріп жарытады? Байқасам, бітірген түлектердің он бес, жиырмасы ғана мұғалім болса, қалғаны екінші мамандық алып кетеді екен. Бізді құртатын осы. Меніңше, педагогикалық білімді тегін оқытып, дипломды тек тәжірибе жинақтағаннан  кейін ғана беру қажет. Сонда ғана нағыз ұстаздық мамандықты сүйетіндер іріктеліп шығады.  Жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен елді мекендерге жаппай барып жатқан жоқ. Оларға толыққанды жағдай жасалмайды. Маман керек пе, үйін салып, материалдық әлеуетін көтер. Мұны жергілікті әкімшілік қолға алуы қажет. 

Тағы бір мәселе – қазір ауыл мектептері компьютерленіп жатыр деп ауыз толтырып айтады. Біз бас сұққан алты-жеті мектептің тек екеуінде ғана компьютер бар. Егер мектеп директоры болсам, «толық компьютерленген» деп есеп бермес едім. Жаңа технология кейбір жаңа типте салынған білім ұяларында ғана бар. Ал бізде елу, алпыс жыл бұрын салынған мектептер көп. Кейбір шалғайдағы елді мекендерде мектеп те жоқ. Сондықтан аудан орталығынан баяғыдай мектеп-интернат жүйесін салу керек.  

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен 

Динара Мыңжасарқызы