Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТІҢ ЕҢСЕСІ ТІКТЕЛІП КЕЛЕДІ

ашық дереккөзі

ШЫМКЕНТТІҢ ЕҢСЕСІ ТІКТЕЛІП КЕЛЕДІ

Шымкент – елдегі ең ірі, ең танымал үш қаланың бірі. Ірі қала болған соң күрмеуі тоқсан қиындықтары да болмай тұрмайды. Десек те соңғы онжылдықта қала өмірі бірте-бірте заманауи кейіпке еніп келеді. Зәулім үйлер соғылып, әлеуметтік нысандар ашылып, инфрақұрылым жаңалану үстінде. Тұрғындардың жайлы да жақсы өмір сүруіне жергілікті билік қолдан келгенше еңбек етіп жүр. Әкім көрсе, сынай беретіндердің өзі бүгіндері жасалынып жатқан игі істердің салмағы мен тиімділігін мойындай бастаған. Бұл да болса елдің де, биліктің де көңіл-күйі бері қарағанының белгісі шығар. 

Жасырары жоқ, қала халқының, әсіресе шеткі шағын аудандардағы тұрғындардың жағдайы әлі күнге анау айтқандай оңалып кете қойған жоқ. Шаһардың Бас жос­пары былтыр ғана бекітілген соң да, бірдеңе деп билікке өкпе арту қиын. Жаңа жоспар шыдамдылықты, уақыттың саралығын талап етеді. Шеткі шағынаудан дегенде, айтпағымыз Шымкентті жағалай қоныстанған Бозарық, Қайтпас, Самал-3 секілді халық жаңадан қоныстанып жатқан елді мекендердегі жарық, су, көгілдір отын сияқты бірінші кезекті қажеттіліктердің қолжетімділігі тұрақты болмай отырғандығы еді. Қала басшылығы бұл қиындықтардың бәрі уақытша деп сендіреді. Құдай қаласа, ары кеткенде 5-10 жылдың ішінде Шымкент 20 жыл бұрынғы көлемінен екі есеге жуық ұлғаймақ. Ұлғайып қана қоймай, сол қосылған жердің бәрі түгел игеріледі. Тұрғын-үй, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық дейсіз бе, кітапхана, театр, аурухана, қысқасы қалалықтарға қажеттінің бәрі салынып, пайдалануға беріледі. Оның біразы бүгіннің өзінде беріліп қойған. Не керек, Шымкент Қазақстан дамуының Астанадан кейінгі жарқын көрінісі ретінде танымал болуы әбден мүмкін. Себебі дәл Шымкенттей жақсы жағына қарай өзгеріп бара жатқан шаһар елімізде некен-саяқ.

Осы сөздерімізді қуаттайтын фактілерді таяуда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып өткізген баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды келтіріп өтті. 10 айда атқарылған жұмыстарды тәптіштеп түсіндіріп берген қала басшысы сөзін әу дегеннен қала халқының санынан бастады. Дәл қазір шымкенттіктердің жалпы саны 678,5 мың екен. Жылдық өсім 2,4 пайызға тең. Сол үшін де қала әкімдігі негізгі басымдық қала халқының табиғи өсіміне жағдай жасаумен айналысу деп біледі. Ол үшін халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттеу керек. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілмек. 

Жоғарыда айтқанымыздай, жаңадан жасалып, бекітілген Бас жоспарға сай Шымкенттің территориясына 117 мың гектар жер қосылады. Бұл дегенің 117 мың халқы бар 36 елді мекен. Мұнша халықтың жағдайын бес қылып жіберу үшін көп еңбек қажет екені айтпаса да түсінікті. Мұны әкімнің өзі де емеурінмен білдірді. Жүйелі жұмыс жасалынып, қосылған елді мекендердің тұрғындары өздерін қала тұрғындары ретінде көп кешікпей-ақ сезінетінін жеткізді. Әкім мырза қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын да айта кетті. Бүгінде шымкенттіктердің орташа өмір жаса 69 жас екен. Ал, былтыр 66 жас болса керек. Дархан Сатыбалды Шымкенттің кәсіпкерлік саласының дамуы, бюджеттік мекеме ғимараттарының салынуы мен қала инфрақұрылымында жеткен жетістіктерді айтуды да назардан тыс қалдырмады.

Әкімнің есебінше, қазіргі таңда шымкенттіктердің ауыз сумен – 82%-­­ы,­ кәріз жүйесімен – 30%-ы, газбен – 74%-ы қамтылған. Қалада 10 су және 12 газ труба желісі, 7 электржелісі мен 1 подстанция құрылысы басталыпты. Осы аталған 30 нысанды жыл аяғына дейін аяқтап, қаланы ауыз су және газбен қамту көрсеткішін 5-6 пайызға ұлғайтпақшы ойлары бар. Оған қоса таяуда Шымкентте 25 километрлік «Оңтүстік» және «Солтүстік» деп аталатын екі бірдей су магистральдарының құрылысы аяқталып, соның арқасында 180 мың халық таза ауыз суға қол жеткізбек.

Ал енді қаладағы тұрғын-үй мәселесіне қатысты сұраққа Дархан мырза қалада дәл қазір 64 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатқанын, үйлер салынып болған соң ондағы 4350 пәтерде қоныс тойы тойланатыны туралы айтты. Бұл мақсатқа 4,7 млрд. теңге бөлінген. Биыл құрылысы бітуі тиіс 20 үйдің 11-і тұрғындарға берілсе, 9-ы жыл соңына дейін бітпек.

Балабақша кезегі Шымкентте өткір мәселеге айналғалы қашан. Әкім бұл қиындықты әсте-әсте жеңеміз дейді. Жыл соңына дейін мектепке дейінгі біліммен балалардың 70 пайызын қамту жоспарларында бар екен. Бұл әсіресе «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жүзеге асып жатқан игілікті ісі. 2013-2015 жылдары 15 жаңа балабақша пайдалануға берілсе, 9 балабақша мемлекет меншігіне өтіп, 6 шағын орталықтың ашылуы жос­пар­ланыпты.

Қала әкімі есебін аяқтаған соң тілшілер сұрақтың астына алды. Әсіресе, арты дауға айналған қоқыс өңдейтін зауыттың қашан бітетіні көпшіліктің көкейінде жүр екен. Бұған қатысты әкім зауытқа 34 гектар жер бөлінгенін, ескі қоқыс полигоны орнында рекультивация жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Қысқаша айтсақ, ескі қоқыс полигоны болашақта демалыс аймағына айналады екен. Бұған таң қалудың қажеті жоқ дейді, – Дархан Сатыбалды. Мысал ретінде дендросаябақтың да ескі қоқыс полигонының орнына салынғанын мысал етті. Ташкент тасжолы бағытында орналасатын жаңа қоқысөңдеу зауытына берліген әлгі 34 гектар жердің 5 гектары жеке инвесторға беріліпті. Ол өз қаржысы есебінен зауыт салып, құрылғыларын да өзі сатып алып, жөндеп отыратын көрінеді. Қалған 29 гектар мемлекет қажеттілігі үшін, яғни бәрібір сол қоқыс тастауға пайдаланылмақшы. Шымкенттегі жылда шығарылатын қоқыстың көлемі 350-400 мың текше метр. Жаңа зауытта қоқысты қаттырақ сығатын құрылғы болмақ. Ол 3 есеге дейін сығындай алады екен. Нысан қолданысқа жаңа жылға дейін берілмекші.

Журналистер қала әкімін көрген сайын қоятын жолаушы көліктеріне қатысты сұрақты тағы қойды. Себебі қала ішіндегі жолаушы тасымалдайтын көліктердің бірде жүріп, енді берде келмей қалатыны, жолдарда автобустардың жарысуы әдетке айналған. Дархан мырза мұның бәрін таяу арада шешемін деп уәде етті. Сондай-ақ, Алматыдағыдай автобустардың барлығын газбен жүретіндей құрылғыға көшіреміз деді. 

Не десек те халықтың жақсы тіршілік етуі үшін ел басқарған шенеуніктер әрекетсіз отырған жоқ. Солардың еңбегінің арқасы шығар, Шымкенттің де, шымкенттіктердің де еңсесі тіктеліп келеді. Ауызбіршілік, тыныштық болған жерге береке кіретіні рас екен.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Шымкент қаласы