ШАҢНАН КӨМІР ЖАСАҒАН
ШАҢНАН КӨМІР ЖАСАҒАН
Сарыкөлдегі көмір кенішінде «Гамма» ЖШС тарапынан ұсынылған керемет жоба – брикеттелген, яғни, көмір өндіріске енгізіліп жатыр. Кәсіпорын жетекшісі Жанкелді Әсмиевтің айтуынша, көмірді өндіргенде оның орнында шаң қалады да, тозаң күйіндегі ұсақ көмір пайдалануға жарамайды. Күні кешеге дейін мұндай қалдық қоқыс тасталатын жерлерге жиналған екен. Енді жаңа жобаның арқасында ысырапшылдыққа жол берілмейтін болды. Яғни, шаң мен ұсақ көмірден брикеттелген отын дайындалады. Жуырда ғана алғашқы өнімді шығарған отандық өндірушілер кірпіш пішіндес көмірді текшеге жинап қоюға болатынын да айтады. «Брикеттер жасау үшін көмір қалдықтарын сығымдап, сосын оларды байланыстыратын компоненттер мен жағу катализаторы қосылады. Жаңа өндірістің арқасында көмір тозаңын жою проблемасын шештік әрі ауаға тарайтын зиянды шаңнан құтылдық. Экологиялық зардапты азайттық», – деп ағынан жарылған Ж.Әсмиев бұл өнімнің келесі жылдың басында сатылымға шығарылатынын айтты. Өндірушілердің айтынша, түріктер ойлап тапқан құрылғылар жылына 300 мың тонна көмір кірпішті дайындауға сеп.
Жаңа өнімнің артықшылығы сол, жаққан кезде шлак қалдықтары шықпайды. Қолқаны қабатын көк түтіні де жоқ. Құрамындағы байланыстыратын компоненттерінің нәтижесінде бір рет салған көміріңіз 6 сағат бойы өшпейді. Әзірге бағасы қанша екені белгісіз. Қарапайым тұтынушының қалтасы көтере алатындай болса, игі. Өйткені егер құны тым қымбат болмаса тек отынға зәру ірі кәсіпорындар ғана емес, үйдегі пешке пайдаланатындар, табиғат аясында демалғысы келетіндер, қала сыртында үйлері барлар, тағы басқалардың да сұранысы артатыны сөзсіз.
Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның айтуынша, «көмірді брикеттеуге қатысты жаңа технология отандық көмір өндірісінде қалдық шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді».
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ