ЖАМБЫЛДЫҢ БРЕНДІ – ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІ
ЖАМБЫЛДЫҢ БРЕНДІ – ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІ
Облыстың қазіргі даму үрдісіне көз салсақ, химия өнеркәсібі, көлік логистикасы, агроөнеркәсіп кешені және құрылыс материалдарын өндіру салалары үлкен басымдыққа ие болып отырғанын байқау қиын емес. Соңғылары кейінгі кезде ғана даму қарқынын үдетіп, белең алып, көш бастап жатса, химия өнеркәсібі аймақтың байырғы кезден бергі төл кәсібі, былайша айтқанда бренді болып қалыптасып кетті.
Жалпы, химия өнеркәсібі дегеніміз — еңбек заттарын (шикізаттар мен материалдарды) өңдеуге, негізінен химиялық әдістерді баса қолданатын өндіріс салаларының кешені, ауыр өнеркәсіптің жетекші салаларының бірі. Ол дүние жүзінде тұңғыш рет Германияда 19 ғасырдың аяғында дүниеге келді. 20 ғасырдың 50-70-жылдары – химия өнеркәсібінің дәуірлеген “алтын ғасыры” болды. КСРО минералды тыңайтқыштар өндіру жөнінен әлемде 1-орынға, аммиак пен күкіртқышқылын өндіру жөнінен 2-орынға (АҚШ-тан кейін) шықты. Қазақстанда химия өнеркәсібі жеке сала ретінде алғашқы бесжылдықтар кезінде қалыптасты. Сала үшін 1992-94, 1998 жылдар неғұрлым дағдарысты кезең болды. 1999 жылдан 2004 жылға дейін химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі айтарлықтай өсті. 2005 жылы химия өнеркәсібі орындары 54,3 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Қазіргі кезде “Қазфосфат” ЖШС республикада химия өнімін өндіруші аса ірі кәсіпорын болып табылады. Олар фосфоритті Қара-тау мен Жаңатаста өндіріп ұсақтайды да, Таразда фосфор тыңайтқышын шығарады.
Өткен жылы республикамызда өндірілген барлық химия өнімдерінің 28 пайызы – Жамбыл өңіріне тиесілі екен. Өйткені химия өнеркәсібі облыстағы өндеу өнеркәсібінің басты саласының бірі болып табылады. Ал, «Қазфосфат» ЖШС-де күкірт қышқылын шығаратын жаңа цехтың іске қосылуы зор мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл жағдай еліміздің әлемдік рыноктағы беделін өсіріп, бәсекеге қабілеттілігінің артуына да ықпал етері анық. Өйткені, «Казфосфаттың» өнімдері негізінен экспортқа бағытталған. Күкірт қышқылы – фосфорлық тыңайтқыш өндіруде ең қажетті құрамдас бөлік болып саналады. Оны зауыт басшылығы бұрын Өзбекстан, шет мемлекеттерден алдыруға мәжбүр болса, енді ол олқылықтың орны толып, тіпті, шикізаттың құны да әлдеқайда арзанға түспек. Соның есебінен «Казфосфат» жылына күкірт қышқылының 600 мың тоннасын өндіріп, отандық тыңайтқыштың да көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде өнімнің өзіндік құны айтарлықтай төмендейді және қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер минералды тыңайтқышпен қамтылатын болады. Цехта 138 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазақстанда баламасы жоқ күкірт қышқылын өндіру цехының жобасын ресейлік «НУИИФ» ААҚ және қазақстандық «КАЗНИИХИМПРОЕКТ» серіктестігі жасап шығарыпты. Ең қызығы, кәсіпорынның жұмысына қажетті 25 мегаватқа дейінгі электр қуаты да осында өндірілуде.
Жалпы, соңғы 2-3 жыл ішінде компания өндіріске бірқатар инвестициялық жобаларды енгізді. Олар – №5 және №6 цехтарда пеш газын кәдеге жарату жүйесі; тағамдық ортофосфор қышқылын шығару өндірісі; түйіршіктелген натрий үшполифосфатын шығаратын өндіріс; Чехия елінің «Fosfa»a.s.» компаниясымен бірлесе отырып қолға алынған натрий гексаметафосфатын шығаратын өндіріс; фосфор шламын кәдеге асыру өндірісі; сары фосфорды зиянды органикалық қоспалардан тазарту өндірісі. Бұл жобалардың енгізілуі фосфор өндірісі қалдықтарын молырақ пайдалануға, қала мен облыстың экологиялық ахуалын жақсартуға, қуат ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз етуге, даяр өнімнің өзіндік құнын түсіруге, жаңа жұмыс орындарын ашып, өнімді жоғарғы қосымша құнмен шығаруға, шығарылатын өнімнің өзіндік құнын түсіруге, шығарылатын өнім ассортименті мен өткеру рыногының аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, компанияда өндірісті жетілдіру мен қайта құрудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілген. Тек 2010-2013 жылдар аралығында өндіріске 18,7 миллиард теңге инвестиция құйылыпты. Алдағы уақытқа да жоспарлар көп. Пеш газынан этанол алатын, NPK тыңайтқыштарын шығаратын өндіріс, үшхлорлы фосфор, сульфоаммофос, фосконцентрат, бескүкіртті фосфор өндірістері, фосфор өндірісі қалдықтарын қайта өңдеу арқылы азотты-фосфорлы-калий тыңайтқыштарын шығару, кен байыту фабрикасын салу, ақ қышқыл өндіретін заманауи өндіріс орындарын салу жоспарланып отыр. «Ол үшін жүргізіліп жатқан нақты келіссөздер де бар. Нәтижесінде 2020 жылға қарай өндіріс көлемін 8 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар»,– дейді серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров.
Химия өнркәсібінің болашағына мол сенім артуға итермелеген бұл факторлар ғана емес. Ол – «Тараз» химиялық паркі» экономикалық аймағы, «Talas Investment Company», «ЕвроХимУдобрения» және басқа да аса ірі компаниялардың іргелі жобалары. Мәселен, Елбасының бұйрығымен құрылған Шу ауданындағы химиялық парк жылына 2 миллион тоннаға жуық 25 түрлі химиялық өнімдерді өндіретін болады. Бүгінде «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы тарапынан әзірлік жұмыстары қызу жүргізілуде. Сондай-ақ, химиялық өнімдерді, нақты айтқанда натрий цианидін экспортқа шығаруда өз қарымын көрсетуге «Talas Investment Company» cеріктестігі талпынуда. Жуырда Қаратау қаласында серіктестікке қарасты өндіріс орны іске қосылады. Жобалық құны 7 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын алып зауытта 255 адам жұмыс істейді деп болжануда. Жоспар бойынша, мұнда жылына 13500 тонна өнім өндіріледі.
Елбасы Н. Назарбаевтың араласуымен дүниеге келген тағы бір химиялық жоба – «ЕвроХимУдобрения» компаниясының Қаратау және Жаңатас қалаларында іске асырылатын минералды тыңайтқыштар зауыты. Оның жұмысы үш кезеңге бөлініп отыр. Былтыр зауыт жер қойнауын пайдалануға рұқсат алса, ағымдағы жылы нысандардың құрылысын біртіндеп бастап кетті. Аралтөбе жерінде алғашқы жарылысты жасап, өздері қолданатын технологияға сынақ жұмыстарын жүргізді. Бірінші кезеңде руда шығаратын кешен дүниеге келмек. Ол осында, яки Аралтөбе жерінде орналасады. Оған 130 миллион доллар инвестиция салынып, жылына 600 мың тонна (соңыра миллион тоннаға дейін жеткізіледі-Ж.Қ.) концентрат өндірілмек. Алғашқы өнімді келесі жылдың екінші жартыжылдығында көре аламыз. Ал ең маңыздысы – химиялық өнімдер. Оған 600 миллион доллар инвестиция салынуы мүмкін. Кәсіпорын қалдықсыз жұмыс істегісі келеді. Сондықтан, қалдықтар түгел осында қайта өңделеді. Өнім Қытай, Ресей және таяу шетелдерге өткеріледі деп жоспарлануда. Осылайша жоғарыда айтылған кәсіпорындар арқасында еліміздің де тыңайтқыштарға деген қажеттілігі жүз пайыз қамтамасыз етілетін болады.
Аталған кәсіпорындармен бірге «Казкаустик» компаниясы да сода шығаруға бағытталған жобасын қолға алуда. Дегенмен, ол уақыттың еншісіндегі шаруа. Соның өзінде химия өнеркәсібінің отаны – Жамбыл болатынын еш күмәнсіз айтуға толық негіз бар.
Жанат ҚАПАЛБАЕВА
Жамбыл облысы