ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯНЫҢ БАҒЫ ЖАНҒАН АЙМАҚ

ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯНЫҢ БАҒЫ ЖАНҒАН АЙМАҚ

ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯНЫҢ  БАҒЫ ЖАНҒАН АЙМАҚ
ашық дереккөзі

«ЕХРО-2017» – Орталық Азия мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. Бұл Еліміздің халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам. «ЕХРО-2017» аймақтың және тұтастай алғанда елдің дамуының қуатты катализаторы болып құралмақ. Құрылыс, туристік инфрақұрылым және басқа да бизнес ошақтарынан түсетін кірісті былай қойғанда, көрменің зияткерлік мұрасы елімізді жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен бір басқосуда: «ЭКСПО – 2017» көрмесіне біз ұсынған «Болашақтың энергиясы» ұраны негізінде елордамызға жаһандағы мемлекеттер өздерінің жаңа технологияларын жеткізетін болады», – деп атап өткен болатын. Сондықтан, бұл көрме Қазақстан үшін экономикалық дамудың бетбұрыс бекетіне айналмақ.

Еліміздегі инновациялық экономиканы дамытудың аса маңызды катализаторына айналуы тиіс «жасыл» экономика жобасы бойынша Жамбыл облысы еліміздің басқа да аймақтары арасында алғашқы орында келеді. Жаңартылған энергия көздерін дамыту мәселесі облыста 2010 жылдың ақпан айында, «Жамбыл гидроэнерго» серіктестігінің құрылуынан басталған. Оның басты міндеті – облысымызда жаңартылатын энергия көздері нысандарының құрылысына инвесторларды тарту және техникалық ұйымдастыру жағынан ықпал жасау. 2010 жылға дейін облыстағы қолданыстағы жаңартылған энергия көздері нысандарының жалпы қуаты 1,5–2 МВт-ты құраса, содан кейінгі үш жылда жаңартылатын энергия көздері нысандарының 5 жобасы іске асырылып, бұл көрсеткіш бүгінде 15 МВт құрап отыр. Барлық нысандар бүгінге электр желілеріне қосылып, электр энергиясын біртұтас энергетика жүйесіне беруге да-йын. Қолданыстағы «Жаңартылған энергия көздерін қолдау туралы» Заңына сәйкес, өндірілген энергия көлемі электр энергиясын тарату мекемелерімен нормативті ысыраптардың өтемақысына сатып алынады. Аймақта бұл мәселемен «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС айналысады. Жақында енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді электр энергиясын сатып алу мәселесі біртұтас есепті қаржылай орталығы арқылы оператор «KEGOC» АҚ-да жүргізілетін болады. Әрі қарай орталық сатып алынған электр энергиясын барлық қажетті тұтынушыларға таратады. 

Электр энергиясының тарифі жаңартылатын энергия көздері нысандарының тарифінен пайдаланылатын энергия көздерінен айқындалады. Бізде қосымша құн салығын есепке алғанда ГЭС-ында өндірілетін энергияның бағасы 10,89 теңгеден басталады, ал күн электр станцияларында (СЭС) 1 кВт/с үшін – 23,4 теңгеге дейін бекітілген.

Бүгінгі күнге жаңартылған энергия көздері нысандары өндірген электр энергиясы облыстағы электр қуатын орташа тұтыну көлемінің шамамен 2 пайызын қамтиды. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың соңына дейін «Қордай ВЭС-21» ЖШС-нің қуаттылығы 4 МВт-ты құрайтын жаңа жобасы іске қосылмақшы. Жалпы, алдағы уақытта аталмыш жобаның жалпы қуаттылығы 21 МВт-қа дейін ұлғаймақ, яғни 21 жел генераторын орнату көзделіп отыр. Оның құны 43,5 миллион долларды құрайды, дегенмен, жоба 11 жылда өзін-өзі ақтайды деген сенім бар. Сонымен қатар, 2015 жылға дейін өңірде Мерке ГЭС-і, қуаттылығы 100 МВт құрайтын Жаңатас жел электр станциясы (ЖЭС), Жамбыл ауданында қуаттылығы 24 МВт-тық күн электр станцияларының құрылысын іске асыруға және Отар елді мекенінің аумағында орналасқан 0,5 МВт-тық күн электр станциясының қуатын 7 МВт – қа дейін ұлғайту қарастырылуда.

Үкімет бекіткен 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес, баламалы энергия көздерінің үлесі 2015 жылға қарай – 1,5 пайызға, ал 2020 жылы – 3 пайызға жетуі тиіс. Бұл орайда облыстың қолданыстағы және алдағы уақытта іске асырылатын жобаларының қосар үлесі зор екендігін атап өткен абзал. 

Жанат ҚАПАЛБАЕВА 

Жамбыл облысы