35 МЫҢДАЙ ҚҰНДЫ ДЕРЕК ТАБЫЛДЫ

35 МЫҢДАЙ ҚҰНДЫ ДЕРЕК ТАБЫЛДЫ

35 МЫҢДАЙ ҚҰНДЫ  ДЕРЕК ТАБЫЛДЫ
ашық дереккөзі
Ұлттық тарихты зерделеу бағытында мемлекет тарапынан қолға алынған ірі істердің бірі – шетелдік мұрағаттар мен ғылыми орталықтарда қазақ тарихына қатысты құжаттар мен жәдігерлерді  анықтау, зерттеу, оларды елге жеткізу, ғылыми айналымға түсіру болатын. Жергілікті ғалымдарды шетелдік іссапарларға аттандыру үшін 2013-2014 жылдарға арналған күнтізбе жасалған. Осы құжатқа сәйкес, бас-аяғы 23 тарихшы ғалымнан тұратын арнайы топтың он мемлекетке: Иран, Үндістан, Қытай, Мысыр, Түркия, Моңғолия, Ұлыбритания, Германия, Өзбекстан мен Ресейге барып-қайту кестесі бекітілген. Өзге елдердегі дереккөздерді анықтауға жергілікті ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылған. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, қазақ тарихын зерттейтін шетелдік ғалымдарға қатысты мәліметтер жинақталып болып, олармен әріптестік қарым-қатынас орнатылды. Әлемнің он төрт мемлекетінде қазақ ұлттық тарихын зерделеуге үлес қосып жүрген 28 ғалым бар екен. Осы сала мамандарының айтуынша, бұл жұмыстар жеміссіз емес. Қысқа мерзімде кешенді зерттеулер жасалып, ғылыми іссапарға барған тарихшылар олжалы оралуда. Ғасырлар бойы шетелдік мұрағаттар мен қорларда шаң басып жатқан, ескерусіз қалған құнды деректердің көшірмелері бірінен соң бірі елге жеткізілуде. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Меруерт Әбусейітова бұл деректердің маңыздылығы туралы: «Ең бастысы, қазір ұлттық тарихты объективті түрде, пәнаралық деңгейде жазып шығу. Оның қайнар көзі – мұрағат деректері, жазбаша мәліметтер, қолжазбалар, түрлі археологиялық мәліметтер, өнер және тұрмыстық заттар, картографиялық деректер»,– дейді. Шетелдік іссапарлар нәтижесінде өзге елдің мұражайлары мен мұра­ғаттарында табылған құжаттар толығымен Ұлттық археология мен дереккөздер орталығының электронды каталогына енгізілді. Жалпы алғанда, шетелдік ғылыми мұрағаттарда 35 мыңдай аса құнды тарихи деректер табылған. Олардың басым көпшілігін www.ncai.kz интернет-ресурсынан табуға болады. Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігінің ұлттық тарихты зерделеуге қатысты жұмыстарының басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу бағыты еді. Бұған дейін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шетелдік ғылыми-танымдық экспедициялар барысында жинақталған материалдарды жинақтау, топтастыру, сұрыптау  жұмысы әлі аяқталған жоқ. Ал жинақталған материалдар тобы дүркін-дүркін «Мәдени мұра» порталында, сондай-ақ «Казконтент» АҚ интернет-ресурстарында жариялану үстінде. Қазіргі кезде Мәдениет және ақпарат министрлігі Египет, Түркия, Иран, Ресей мен Өзбекстандағы қазақ тарихына қатысты деректерді бір жерге топтастыра бастады. Осылайша, Иран мен Түркия мемлекеттерінің мұрағаттарындағы Қазақ хандары мен сол кездегі билеушілері арасында жазылған хаттар, Қытай императоры Цяньлун мен Абылайхан арасында жазылған хаттар ғылыми айналымға қосылды. «Осы хаттарды жұртшылыққа таныстыру үшін жыл соңында арнайы көрме ұйымдастырылуы мүмкін», – дейді мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Шетелдік іссапарға шыққан қазақ ғалымдары Түркі қағанатының қалып­тасуы мен дамуына қатысты түркі тасжазулары мен қолжазба дереккөздерін айқындау, суретке түсіру, көшіру жұмыстарын және Шыңғысхан дәуірі кезеңіне дейінгі түркі тайпаларының тарихи сабақтастығы мен бірыңғай этнографиялық байланыстары жөнінде қомақты жұмыс атқарған. Осы іссапарлар нәтижесінде қазақ тарихи талай құнды жазба деректермен толықты. Мысалы, Моңғолия, Қытай мен Германияға ұйымдастырылған іссапар барысында көне дәуір, түркі руникалық тасжазбалары, көне үнді, қытай дереккөздерінің негізіндегі ежелгі көшпенділер тарихы бойынша тарихи құжаттардың көшірмелері алынған. Бұл құжаттар түркі, оның ішінде қазақ халқының ата-бабасының тарихының түркілерге дейінгі, ежелгі және орта түркілік кезеңдері туралы білімімізді жаңартады. Ғалымдар тапқан тас мүсіндердегі таңба мен белгілер әскери иерархия туралы, әскери саласы туралы, этностардың қоныстануы туралы, түркілердің дүниетанымы туралы кеңінен мағұлмат береді. Бір ғажабы, қазақ ғалымдары ұлттық тарихқа ғана қатысты емес, Орта Азия халықтарының өткеніне қатысты мәлімет­терді де тауып, ғылыми айналымға қосып жатыр. Мысалы, сириялық, тасқа қашалған түркілік және қытай дереккөздеріндегі мәліметтер Орта Азия аймағын мекендеген көшпелі халықтардың этностық құрамы мен географиялық қоныстану ерекшеліктерін терең зерттеуге жол ашады. Олардың ішінде ежелгі түркілердің жоғарғы биліктегі мұрагерлік жүйесі туралы тың ғылыми тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Шетелдік іссапарлар қазақ тарихына қатысты соны деректерді табуға себепкер болуда. Мысалы, бұрын-соңды беймәлім болып келген Ұлы Жібек жолы бойында сақталған түркілік құлпытас және несториандық ескерткіштерді зерттеу көптеген жаңа дерек бермек. Қазақстан, Қырғызстан мен Қытай мемлекеттері жерінде орналасқан несториандық ескерткіштердің бетіне бедерленген мәтіндер қазақ халқы этногенезі, діндер тарихы, түркі тілі мен жазуының қалыптасу тарихына қатысты тың тұжырымдар жасауға сеп болуы ғажап емес. Египет, Иран, Түркия мен Өзбекстанға барған зерттеушілер түркі Хорезмшахтары, моңғолдар, ұйғырлар, мұсылман билеушілері тарихы, Шыңғысхан, Әмір Темір тарихына қатысты құнды мұрағат деректерін тауып, алып келді. Атап айтқанда, «Тарих-и-әл-Салжук», «Тарих-и Жалаладдин Хорезмшах», «Маджа ал-ансаб», «Тарих-и Улжайту», «Китабкамил фи-т-та’рих» сияқты Мауераннахрдағы түркі тайпалары, түркі хандары туралы деректер табылды. Сондай-ақ Түркістан қалаларының сипаты баяндалған Қазақстан мен Орталық Азияның моңғол шапқыншылығына дейінгі және моңғол үстемдігі кезіндегі тарихына қатысты мәліметтер әкелінді. Қазақ тарихшыларының Қытай, Үндістан, Ресей мен Ұлыбританияға барған сапарында Бодлеан және Британ кітапханаларында, Қытайдың Тұңғыш тарихи мұрағатында, Үндістанның Рампур қаласындағы Әмір Раз кітапханасында, Хайдарабад қаласындағы Саларджанг мұражайында, Қалмақ Республикасының Ұлттық мұрағатында сақталған аса құнды шығыс қолжазбалары табылып, олардың көшірмелері елге жеткізілді. Оның ішінде XIV ғасырдың соңында – XV ғасырдың басында Дешті Қыпшақ даласында, Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңі тұсында болған саяси оқиғалар жылнамасы саналатын «Тарихи-и Кипчак-хани» деректер жинағының орны ерекше. Бұл материалдар XVI ғасыр және XVIIІ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстан және Орта Азия тарихын зерделеуде маңызы зор болмақ. Ғалымдар табылған шығыс қолжаз­баларының ішінде «Нусрат-наме» және «Муиззал-ансаб» шығармаларын ерекше атайды. Өйткені бұл қолжазбалар бұған дейін белгісіз болып келген XIV-XVII ғасырлардағы тарихи оқиғаларды зерттеу­де тың деректер береді. Бұл деректердің қатарында 15 көркем миниатюраны, XVI-XVII ғасырлардағы қазақ хандары мен сұлтандарының тарихына қатысты Махмуд-бен Валидің «Бахр-ал-асрар» шығармасын атауға болады. Басқаша айтқанда, сол кездегі билеушілер Әбілқайыр хан, Мұхаммед Шайбани хан, Керей мен Жәнібек хандар, Абдолла хан замандары туралы тың тарихи деректер ғылыми айналымға қосылды деген сөз. Қытай Халық Республикасына барған сапарында қазақ ғалымдары  Тұңғыш тарихи мұрағатта еларалық арнайы келісім негізінде жұмыс істеп қайтқан еді. Осы сапардан соң қазақ тарихына қатысты 283 томнан тұратын, қытай, манчжур, шағатай тілдеріндегі деректер елге әкелінді. Бұл – 72812 құжаттан тұратын Цин империясының мұрағаттық құжаттарының көшірмелері. Басқаша айтқанда, 1730 жыл мен 1911 жыл аралығындағы бас-аяғы 181 жылды қамтитын кезеңдегі қазақ-қытай елдерінің өзара саяси-экономикалық қарым-қатынасының кейбір қырларын ашып көрсетеді. Қазақ хандарының қытай билеушілерімен жазысқан хаттарының ішінде Абылайханның, сұлтан Болат ханның, Уәли сұлтанның және басқа да қазақ хандары мен сұлтандарының атынан жазылған хаттар бар. Бұл құжаттарда көрші елде лауазымды адамдарды тағайындау, елші алмасуға қатысты мағұлматтар айтылады. Осы орайда, тарихи тұлғалардың өмірдерегін зерттеудің, олардың бейнесін жаңғыртудың маңызы туралы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов: «Тарихты жасайтын халық. Тарихтың жолы қайшылықтар мен қиыншылықтарға толы. Олар шешілмесе, қоғам күйрейді. Оны біз Кеңестер Одағы тағдырынан көрдік. Тұлға – өзіне тәуелді емес объективті ортадағы қажеттілікті практикалық қолданбалы, теориялық шығармашылық жаңашылдықпен шешкен немесе шешу жолын дұрыс нұсқаған әлеуметтік субъект. Тұлға дәйектеген нәрсені ізашарлары, кейінгі ұрпақ та қажетіне жаратады», – деген еді. Шаң басқан мұрағаттардан табылған құнды деректер ішінде Абылайхан тұлғасына қатысты ғылыми сенсация деп бағалауға лайық тың мәліметтер бар. Ғалымдар бұл сүйінші хабарды хан Абылайдың 300-жылдық мерейтойына арнап өткізілетін «Абылайхан және оның тарихтағы ролі» атты халықаралық конференциясында жариялауға уәде етті. Бүгінге дейінгі отандық ғалымдар ұйымдастырған ғылыми экспедициялар нәтижесінде мұрағат құжаттарының 3000-нан аса көшірмесі алынып, елге жеткізілді. Олардың ішінде сандық пішіндегі суреттер, сәулет ескерткіштерінің фотокамераға түсірілген суреттері, түркілік құлпытас ескерткіштері, микрофильмдер, каталогтар, карталар т.б. деректер бар. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Меруерт Әбусейітова бұл деректер туралы былай дейді: «Ғалымдар әкелген материалдар үш кезеңге орай топтастырылды: біріншісі, б.з.д. VIII-VII ғасырлардан б.з. VI ғасыры аралығындағы кезеңде қазақ халқының этногенезін анықтау, этникалық тарихты зерделеу жұмыстары. Келесі кезең VI-IX ғасырларда Қазақстандағы ежелгі түркі тарихына қатысты дереккөздерді қамтиды. Үшіншісі, X-XIV ғасырларды қамтитын моңғол шапқыншылығына дейінгі және моңғол дәуірі кезеңінде, сондай-ақ XIV-XIX ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығының құрылу кезеңінде көрші елдермен саяси-дипломатиялық, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасы қарастырылады. Бұл кезеңге қатысты аса құнды түрлі деректер, мәліметтер өте көп. Ең ғажабы, Шығыс пен Батыстың диалогы осы кезең материалдарынан айқын көрініс табады». Оның үстіне, тың деректер пәнаралық зерттеулердің тынысын ашады. Мысалы, тарихшылар құқықтану саласына қатысты соны деректер әкелген. Бұл туралы ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысында баяндаған Меруерт Әбусейітова: «Бізге қазақ заңдарын зерттеу керек. Біз «Қасым ханның қасқа жолын» білеміз, Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білеміз, бірақ, әлбетте, оларға дейін Шыңғысханның «Ясы» заңдар жинағы болған. Себебі бұл заңның көптеген бөлімдері біздің заңдарға ауысты, 1640 жылғы моңғол-ойрат заңы, дала заңдары – осындай қазақ заңдарын Нәпіл Базылхан деген ғалымымыз Моңғолиядан тапты. Көне моңғол тілінде жазылған 13 беттік мәтін сол кезде қазақ заңдық құқығының қалай дамығанын көрсетеді. Сондықтан қазір тарихшылар араб, парсы, түркі, қытай, хинди тілдеріндегі бұл дереккөздерді аударып, оларды сараптау, зерделеу, ғылыми айналымға түсіріп, Қазақстан тарихын іргелі зерттеу түрінде жариялау керек»,– деді. Ең бастысы, шетелдік мұрағаттар мен қорларда сақталған деректер қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды жоюға, ұлттық тарихымызға деген келеңсіз көзқарастарды дұрыстауға себепші болмақ. Ғалымдар тапқан деректер қазақ тарихының тамыры тереңде екенін, қазақ мемлекеттігінің іргетасы берік қаланғанын дәлелдейді. «Бұған дейін бізге қазақтарда жазу болмаған, мемлекеттілік болмаған деп келді. Мен совет заманында Қазақ хандығының тарихымен айналысқанмын. «16 ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хандығы» атты монографиям да жарық көрген. Мен алғашқылардың бірі болып Қазақ мемлекеттігі туралы, оның дипломатиялық қарым-қатынастары туралы, елші алмасу т.т. жазған едім. Енді, міне, менің сол кезде жазғандарымның дәлеліндей болып, аталған құжаттар Қазақ хандығы мен Цин империясы арасында келісімдер жасалғанын көрсетеді, сондай-ақ қазақ-ойрат, қазақ-қоқан, қазақ-орыс, басқа да еларалық келісімдерге негізделген қарым-қатынас деректері бар», – дейді Меруерт Әбусейітова. Ал мемлекеттік хатшы өз сөзінде ұлттық тарихты зерделеуде әлемдік деңгейде тұжырым жасаудың маңыздылығын, қазақ тарихын дүниежүзілік даму белестерінен тыс қараудың мүмкін еместігін айтады. «Бізге аймақтық, яғни белгілі бір жер аумағымен шектелген тарих керек емес. Қазақ ұлттық тарихы – әлемдік тарихи процестің бір бөлігі. Біз осы тұжырымды неғұрлым тезірек көрсетіп, неғұрлым дәйекті түрде дәлелдейміз, ұлттық тарихымыздың әлемдік тарихпен сабақтастық тереңдігін, оның ауқымын, неғұрлым нақтырақ көрсетеміз, біздің төл тарихымыз соншалықты айқын, нанымды болады», – деді М.Тәжин. «Тарихшылардың жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап отырмыз. Ешкімге дәл осындай жағдай жасалмаған», – деп тұжырды мемлекеттік хатшы. Ал Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бұған дейін осы салада атқарылған жұмыстарға шолу жасап, қазіргі таңдағы кешенді бағдарламаның тиімділігін атап көрсетті. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихшылардың өздерінің бастамасымен тарих ғылымында қордаланған ақтаңдақтарды ашуға үлкен талпыныстар болып, 90-жылдардың басынан ортасына дейін бірқатар ғылыми еңбектердің сериясы жарық көрген болса да, дәл қазіргі кезеңдегідей жүйелі сипат алған жоқ болатын»,– деді министр. «Халық тарих толқынында» бағ­дарламасының жүзеге асырылуы жайлы салалық министрліктер келесі жылдың басында жан-жақты есеп береді. Бүгінге дейін табылған деректер біртіндеп өңделіп, жүйеленіп, екшелену үстінде. Жыл соңына дейін әлі бірталай іссапарлар жоспарланған. Ендеше, ұлттық тарих ғылымын алда күтіп тұрған жаңалық көп… Меруерт Асқарқызы, журналист