«ҚАЗАқСТАН ДАУЫСЫ» ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ӨТПЕК

«ҚАЗАқСТАН ДАУЫСЫ» ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ӨТПЕК

«ҚАЗАқСТАН ДАУЫСЫ»  ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ӨТПЕК
ашық дереккөзі

 «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрермен назарына ұсынылған «Қазақстан дауысы» жобасының өз мәресіне жетуіне де аз қалды. Теледуманның басты идеясы – халық арасында танылмай жүрген талантты жандардың әншілік қырын көрсету, оларды көпшілікке таныстырып, өнерін жарыққа шығару. Бұл жобаға тек үздіктер ғана іріктеліп алынған болатын. 

 Қыркүйек айынан бері көрсетіліп келе жатқан «Қазақстан Дауысы» жобасы желтоқсан айының 15-і нен бастап тікелей эфирде өтетін болады. Бұл жөнінде республикалық телерадио кешенінің баспасөз хатшысы Танакөз Толқынқызы хабарлады. Енді көрермен үміткерлердің көмейінен шыққан әрбір дыбыс, олардың жүріс-тұрысы мен сол сәттегі көңіл-күйін еш өзгеріссіз көретін болады. Қазақстан халқы жобада қалған 32 үміткердің ішінен өзі ұнатқан әншіге СМС арқылы дауыс беруге мүмкіндік алады. 15 желтоқсан күні жобадағы әр тәлімгердің тобынан 4 әншіден, барлығы 16 үміткер өнер көрсетпек. Әр тәлімгердің тобынан екі үміткер ғана келесі кезеңге өтеді. Екі үміткердің біреуі көрермен дауысының қорытындысы бойынша өтсе, екіншісі тәлімгердің таңдауы бойынша келесі кезеңге жолдама алады. Демек, әр топтан екі өнерпаз жобамен қоштасады. 

Тікелей эфирде өтетін сайыстың алғашқы күнінде Алмас Кішкенбаевтың тобынан бірінші болып өнер көрсететіндер: Ару Әуезова, Азамат Мәдуәлиев, Бердібек Құлғараев, Әлібек Сұрабалдинов. Осы төрт үміткердің өнерін Мәдина Сәдуақасованың тобындағы өнерпаздар жалғастырады. Олар: Айнара Айтқалиева, Гүлсім Макитова, Әділ Ахметжанов, Толғанай Пазылақын. Ал Медеу Арынбаевтың тобынан алғаш болып өнер көрсететін үміткерлер: Санда, Жанғали Әбішев, Жанна Верещак, Айнұр Арашапова. Байқаудың соңын тәлімгер Нұрлан Албанның тобы аяқтайды. Бұл топтан өнер көрсететін үміткерлер: Гүлжиян Оспанова, Күлайым Қайырбаева, Шахаризат Сейдахмет, Салтанат Меңдіғалиева. Тікелей эфирде өтетін сайыс күні өнерін ортаға салған 16 өнерпаздың 8-і ғана келесі кезеңде көрерменмен қайта қауышпақ. Көрермендер тарапынан аз дауыс жинаған өнерпаздар жобадан шығады.

Әсел ӘНУАРБЕК