Жаңалықтар

«БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ» ФИЛЬМІ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

ашық дереккөзі

«БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ» ФИЛЬМІ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

 Қазақ елінің даңқты қолбасшысы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы туралы тарихи фильм түсірілді. Фильмнің тұсаукесері Астана және Алматы қалаларында өтті. Бұл күні көрерменге фильмнің алғашқы бөлімі көрсетілді. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері мен бір топ жастар жиналды. Телетуынды Бауыржан Момышұлының мұрағатта сақталған өз даусымен басталды. 

 Аталған фильм «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Тарихи драманың сценариін Александр Бек повесінің желісінде Тимур Жақсыбаев жазды. Кинотуындының түсірілім жұмыстары Алматы және Минск қалаларында өткен. Фильмге әскери комиссариатта қызмет істейтін жас жігіт Бауыржанның елді қорғауға аттансам деген арманы, батальон командирі ретінде алғашқы шайқасы, қан майдандағы жігерлі жеңістері арқау болды. «Сатай фильмі» шығармашылық тобы туындыны жарыққа шығару үшін 1,5 ай көлемінде еңбек етті. Еңбектің нәтижесінде, қазақтың қаһарман перзенті жайында 4 сериялы кинотуынды жарыққа шығып отыр. 

 Кинотуындыда Бауыржан батырдың ролін М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Еркебұлан Дайыров ойнады. Актер: «Қазақтың біртуар қаһарман азаматының образын сомдау – ол әрбір актердің арманы. Оңай болған жоқ. Қолдан келгенше біз қазақтың көңіліндегі Бауыржанды беруді тырыстық», – дейді. Фильмде қазақ батырының отбасылық өмірі де суреттеледі. Бауыржан Момышұлының әйелі Бибіжамал ролін сомдау бақыты актриса Әсел Сағатоваға бұйырды. Актрисаның айтуынша, образды дәл өмірдегідей жеткізу оңайға соқпапты. Себебі, батырдың отбасылық өмірі жайлы тарихи деректер тым аз. Түсірілім тобының айтуынша, фильмді түсіруге Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова зор үлес қосқан көрінеді.

 Көрермендер қазақ батырының тұлғалық бей­н­е­сімен жақынырақ танысып, ерекше әсерге бөленгендерін жеткізді. Еліне құрметті батырдың өмірі мен туған ел үшін жасаған ерлігі туралы баяндайтын тарихи туынды 17 желтоқсаннан бастап «Хабар» арнасынан көрсетілетін болады. 

Әсел ӘНУАРБЕК