«БАБАДАН – БАЛАҒА, ҒАСЫРДАН – ҒАСЫРҒА»
«БАБАДАН – БАЛАҒА, ҒАСЫРДАН – ҒАСЫРҒА»
Қолына қалам ұстаған жанның жемісті еңбегі – жазған-сызғандарының кітап ретінде жарық көруі шығар. Бұл ертеңгі ұрпаққа қалатын аманат. Қазақтың қайсар қыздарының ішінде қашан да халқы, ұлты, тілі үшін күресіп жүретіндері аз емес. Жақында Ұлттық кітапханада Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің хатшысы Өзифа Жатқанбайқызының «Бабадан – балаға, ғасырдан – ғасырға» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Бұл кітапта Әулиеата, Тастөбе, Аса, Көлқайнар, Қарасу, Сеңгірбай, Билік-Көл, Ақкөл, Қаратау, Шолақтау, Жуалы, т.б. жерлердің сұлулығы мен табиғаты шеберлікпен суреттелген. Әсіресе, ауыл адамдарының ақкөңіл, аңғал образдары көркем бейнеленіп, қонақжай халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын мейлінше әсерлі тебіреніспен жеткізіпті.
Ертедегі ата-бабадан бүгінге жеткен өсиеті мол ұлағатты әңгімелермен өрілген кітапта тарихи деректерге де қанығасыз. Автор өмірде түйген-білгендерін «Қыдыр бабаның жеті әңгімесінің» аясына топтастырған. Мұнда ислам дініне қатысты, жалпы мұсылман халқының өмірінен сыр шертетін мәліметтерді еріксіз сүйсініп оқисыз. Бұл да болса автордың тапқырлығы шығар.
Өзінің саналы ғұмырын дәрігерлік қызметтен бастаған Өзифа Жатқанбайқызы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында талай жанға шипагер болды. Бұдан кейін Алматыдағы «Түрксіб» шипажайы бас дәрігерінің орынбасары бола жүріп, еліміздегі басылымдарға мақалалар жариялап тұрды. Ұлттың, тілдің мәселесін қаламы арқылы білдірген Өзифа Жатқанбайқызының ««Бабадан – балаға, ғасырдан – ғасырға» атты кітабының жарық көруі де сол төккен тердің жемісі. Тұсаукесерге жиналған зиялы қауым өкілдері мен үзеңгілес достары қайсар апайдың шалқар шабытын асқақтатып, ізгі тілектерін жеткізді.
Еңлік ИСАТАЙ