Бүгін Алаш күні немесе «Ұлт көсемі» жайлы толғаныс
Бүгін Алаш күні немесе «Ұлт көсемі» жайлы толғаныс
1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өтіп, Алашорда мемлекеті құрылды.Осы құрылтайда Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхановты «Ұлт көсемі» деп таныған.
Алашорда үкіметінің 90 жылдығын атап өтуге ерінген Үкімет биыл «Алаш қозғалысының» 96 жылдығына орай Астанада 13 желтоқсан күні ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отыр екен. Ал Шымкентте белгілі журналист, ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз хатшысы Берік Уәли жетекшілік ететін «Аманат» интеллектуальдық клубында желтоқсанның 9-ында «Алаш көсемдері Алашорда автономиясын неге кеш жариялады?» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Осы дөңгелек үстелде басты баяндамашы болған белгілі Алаштанушы ғалым, «Алашорда» қоғамдық қорының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы Астанада өтетін жиын жайында мәлімет берді.
Ал дөңгелек үстелде Алаш тарихының әлі де ашыла қоймаған қырлары, ХХ ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік жағдайы талқыланған. Аталған отырыста арнайы баяндама жасаған, белгілі Алаштанушы ғалым, «Алашорда» қоғамдық қорының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы қазіргі осы тақырыпты зерттеушілердің көп мәселенің тереңіне үңілмей келе жатқандығын айтады.
«Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Орынборда өткен ІІ жалпықазақ құрылтайында Алашорда автономиясын бірден жариялауға қарсы болады. Осы ретте «Әлекең неге автономия алуға қарсы шықты?» деген заңды сауал туындайды? Өйткені, шілде айының 21-28 аралығында Орынбор қаласында І жалпықазақ құрылтайы өтті. Сол құрылтайда Қазақ автономиясын құру бастамасын ең алғаш көтерген Әлихан Бөкейхан болатын. Әлекең 1917 жылы шілде айында «Мен Кадет партиясынан неге кеттім?» деген мақала жариялады. Аталған мақалада ол Кадет партиясынан шығуының себебін былайша түсіндіреді: біріншіден, аталмыш партия Қазақ автономиясын құруға, дінді мемлекеттен бөлуге қарсы болды және жерді жеке меншікке беруді ұсынды. Егер байқасаңыздар, Қазақ автономиясын құруды Әлихан Бөкейхан сонау шілде айында ойластыра бастаған. Әйтсе де біздің ғалымдар Әлекеңнің не үшін ІІ жалпықазақ құрылтайында Қазақ автономиясын дер кезінде жарияламағанына тереңнен үңілмейді» деген ол жалпы «алаштанушылардың» бірнеше олқылығын санамалап өтті. Соның бірі Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановты бір біріне қарсы қою дейді ол.
«Алаштың Әлиханы» атанған ХХ ғасырдың басында қазақтың көшбасшысы болуы және Алаштың тағдырын сеніп тапсыруы тегіннен тегін болмаса керек. Ол біріншіден ұлты үшін. жалпы қазақтың ұлы мүддесі үшін жанын саудаға салды. Қазақтың ертеңіне бас ауыртты. Сол жолда жанын құрбан етті.
Саясаттану ғылымында «Саяси ой тарихы» атты пән үйретiледi. Ал, «Азат ойлау тарихы» – осы «саяси ой тарихының» құрамдас бөлiгi iспеттi. Қазақтың азат ойлау тарихы Жәнiбек пен Керейдiң атқа қонып, Қазақ хандығын құру заманында күшейдi. Бұған дейiнгi, жалпы түркiлiк деңгейден, жеке ұлт ретiнде қалыптасуға дейiнгi тарихты былай қойғанда, Қазақ хандығынан бүгiнге жеткен азат ойлау жүйесiнiң тамыр-тарамыстары тым-тым жiңiшкерiп бара жатқанға ұқсайды. ХV ғасырда атойлап атқа қонған батырларымыз бен ел басқарған хандарымыздың алдында Қазақ хандығының iргесiн бекемдеу мақсаты тұрды. Осы жолда әркiм әртүрлi күрес жолын таңдады.
Азат ойлау жүйесi қай заманда да, қай ғасырда да болғаны мәлiм. ХХ ғасырдың басында ұлт көсемдерi — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай бастаған “Алаш” зиялылары да азат ойлаудың кемел үлгiсiн танытты. Олардың мұратымен қазiргi әлем қазағының мұратының үндесiп жатқандығын баса айтуымыз керек. Ал, Кеңестер билiгiнде болған 70 жыл сол азат ойлауға бұғау салған жылдар едi. Халықтың жылдар бойғы ыза-кегiнiң көрiнiсi 1986 жылы желтоқсанда сыртқа бiр бұлқынып шықты. Соның нәтижесi – әлемдi дүр сiлкiндiрген алып КСРО-ны құлатып, Қазақ елiнiң тәуелсiз мемлекет болуына алып келдi. Қазiр алаштықтар аңсаған тәуелсiздiк қолымызда тұрғанымен, жаһанданудың тасқыны ұлттық рухымыздың еңсесiн тiктеуге мұрсат бермей отырғандығы да айқын. Азат ойлау жүйесі бүгін неге үзіліп қалды? Азай ойлы қазақтың оғландары қайда? Бүгінгі ұлтшылдардың бет бейнесі неге күлкі шақырады? Жиырма жылда жиылып өткізген “Халық өкілдерінің құрылтайы” неге ешкімді селт еткізбеді? Неге, керісінше, қоғамның үлкен қарсылығына тап болды?
Осындай тығырыққа тірелген сәтте ұлтқа жол көрсететін, ертеңіне үмітпен емес күмәнмен қарай бастаған, тілін өрге оздыра алмаған, бойына ұлттық рухты дарыта алмаған халқының көңіліне шуақ сыйлар – Ұлт көсемі бүгін бар ма? Егер бар болса, халықтың көңілі неге алаң? Ұлттың рухани жады неге пәс? Тәуелсіздігіміздің 22 жылында тілінің ащы шындығы мен халқының рухани кембағалдығы үшін өз талаптарын неге қоя алмай келеді? Елінің ертеңіне осындай бейжай қараған ұлттың тым көнбістігі, тым консерваторлығы елдің болашағына төнген қауіп дейді сарапшылар. Біздің қоғам саяси ғана емес, рухани деградацияға ұшыраған қоғам. Алайда одан сауықтырудың қолға алынбауы өкінішті. Елдің ертеңі кімнің қолында?
Есен Байнұр