СУБСИДИЯНЫ  ИГЕРЕ АЛМАЙ ОТЫР

СУБСИДИЯНЫ  ИГЕРЕ АЛМАЙ ОТЫР

СУБСИДИЯНЫ  ИГЕРЕ АЛМАЙ ОТЫР
ашық дереккөзі

Жамбыл
облысында ауыл шаруашылығын субсидиялауға қаралған қаражат өз деңгейінде
игерілмеуде. Атап айтқанда, шаруалардың тұқым, жанар-жағармай, көпжылдық
көшеттер, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер сатып алуына мемлекеттің беріп
отырған көмегі шаруаға әлі жетпеген. Бұл туралы облыстық ауылшаруашылығы
басқармасының басшысы А.Нұралиев айтып берді. 

– Аудандардың, аудан
әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссия мен ауылшаруашылығы тауарын
өндірушілердің белсенділігі өте төмен. Өздері жыл басында «бізге мынанша тұқым
немесе тыңайтқыш керек» деп өтінім береді. Біз сол көрсеткен сомаға
пропорционалды түрде шамалап бөліп алып, қаржы сұрадық. Енді келіп өздері
сұраған ақшаны әжетке жарата алмай отыр. Онда «маған пәлен субсидия керек» деп
өтінім берудің қажеті қанша? Жанар-жағармайға 883 миллион теңге, яғни
басқармадағы ең үлкен сомадағы мақсатты қаржы қаралды. Бірақ сол көмек шаруаға
қашан жетеді? Қыстың көзі қырауда ала ма субсидияны? Мұның артында үлкен
жауапкершілік тұр. Егер мемлекет өзі қолдау көрсетпесе, әңгіме басқаша. Өзі
келіп тұрған көмекті негізгі бағытталған мақсатына дейін жеткізуге болады ғой, –
дейді жұмысқа көңілі толмайтындығын жасыра алмаған басқарма басшысы. 

Деректерге көз салсақ,
тұқым сатып алуға берілетін субсидияны соңғы 10 айда Қордай – 20, Шу,
Т.Рысқұлов – 40, Жуалы – 30, Жамбыл – 2 пайыз көлемінде пайдаланса, минералды
тыңайтқышты Меркі ауданы бар болғаны – 21, Байзақ – 68 пайызға,
жанар-жағармайға берілетін көмекті Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм аудандары 59-74
пайыз аралығында ғана жұмсаған. Қалған қаражат сол күйі игерілмей тұр.
Көрсеткіштер өзге аудандардың артығымен игеруімен ғана біршама орта күйде
сақталуда. Көп жылдық көшеттерге берілетін субсидияға да Қордай ауданы мүлде
қол тигізбепті. Мұны Қордай ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы
Н.Молдабеков былай түсіндірді: «бізде бір шаруа қожалығы 91 гектар аумақты игеріп,
ол жерге тамшылатып суа­ру жүйесін орнатпақ болған. Оған 23-27 миллион теңге
субсидия береміз деп өтінімге енгіздік. Алайда, олар сол жоспардың үдесінен
шыға алмады, яғни жер астынан су шығарып, жүйені жүргізуге шамасы келмеді». 

– «Ауруын жасырғанды
өлім әшкерелейді» деген сөз бар, – деді Абдалы Тоқбергенұлы. 

–  Жасырып
қайтеміз, мұнда жер­гілікті жерлердегі мамандардың сауатсыздығы мәселесі де
бар. 2011 жылы тексеру жүргізгенде, бірнеше ауданда субсидия есебінде берілген
641 мың теңге қайтарылуға жатады деген қорытынды шығарған. Бұл кемшіліктер
аудандағы ауылшаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің ережені дұрыс білмеуінен орын
алып отыр. Демек, олар өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын
арттыруға жергілікті бюджеттерден субсидиялау қағидасын жеткілікті білмейді. 

Жанат ҚАПАЛБАЕВА 

Жамбыл облысы