Жаңалықтар

ТҮБІ БІР ТҮРКІГЕ ОРТАҚ ТІЛ 30-40 жылда қалыптасуы мүмкін

ашық дереккөзі

ТҮБІ БІР ТҮРКІГЕ ОРТАҚ ТІЛ 30-40 жылда қалыптасуы мүмкін

Соңғы кездегі түбі түркінің бірлігіне кедергі болатын қиындықтардың ең бастысы тіл мәселесі екені жиірек еске алынып жүр. Түп негізі бір, тілегі ортақ түркі жұртын көбіне-көп тіл ғана жақындастырмақ. Сөз өнерін қастер тұтқан түркі халқы тілінің нәрі мен қасиетін бойына сіңірген ортақ әдеби тіл – туыс халықтарды ынтымақтастыратын алтын көпір. 90-жылдардан кейiн түркi халықтарының саяси–әлеуметтiк өмiрiнде тарихи игi өзгерiс, жаңа бетбұрыс болды. Туыс халықтарға ортақ жазу ендiруге, ортақ термин жасауға, ортақ терминком құруға жағдай жасалғаны қазiргi тiл жанашырларын, отаншыл қауымды ойға қалдырып әрi қызықтырып отыр. Түрiкшiл идеяны, түрiк әлемiнiң бiрлестiгiн насихаттап, елдiктiң қамын көп болып жұмыла ойласып, бiр түбiрден тараған туыс халықтардың тiлiнiң, дiнiнiң, рухани бiтiм-болмысының, мәдениетi мен өнерiнiң ортақтығын, тұтастығын сездiрiп, қайта қауыштыру – олардың ынтымағын күшейту бағытындағы баға жетпес игiлiктi iс. Ел мен елдiң бiр-бiрiне риясыз ұмты­лысын, халық пен халықтың зәузаттық туыстығын, рухани-тiлдiк жақындығын қасиеттi iс санаған түрiктiң абзал азаматтары болған. Кемал Ататүрiктiң бастамасымен түрiк тiлiн жаңғыртатын, жетiлдiре түсетiн лингвистикалық ғылыми қоғам құрылып, түрiк тiлiн көптеген кiрме сөзден тазартып, олардың орнына орхон, ұйғыр жазбаларынан, жергiлiктi тiл ерекшелiгiнен алынған көне түрiк сөздерiн енгiзiп, туыс тiлдердегi сөздермен, кейде жеке қаламгердiң өзi қиыстырған түрiк сөздерiмен алмастырған. Қырым татары әдебиетiнiң негiзiн салушы, бодандықтың ауыр азабынан қалың ұйқыға кеткен түркi жұртының санасын оятып, ақыл-өсиет айтқан абзал ағартушы Исмайлбей Гаспиринский күллi түркi тiлдерiне ортақ орфографияны құрастырмақ болған. «Бiздiң түрiк тiлi әуелде бiр тiл болып, сонан соң ел бұтақтап өскенде тiл де бұтақталған. Түбiрi бiр болса да, түрi басқаланып, түрiк тiлiнiң арасына тарау-тарау жiк түскен… Тiлдiң басқалануына себеп болған әр түрлi бөтен жұртпен сыбайлас болып араласқандықтан… Егер де Гаспиринскийдiң сөзiн тiрiлтемiз десек, ұлы iс үшiн ұсақ намысты қойып, түрiктiң тұнық тiлiн, түзу емлесiн алу керек», – деген екен Ахмет Байтұрсынұлы ағамыз («Тiл тағылымы», Алматы, 1992, 395-б.). «Кеңесiп пiшкен тон келте болмас» дегендей, түркi тiлдерiне ортақ терминология қалыптастырудың бағыт-бағдары қандай болуы тиiс? Көнерiп ұмыт болған, орта ғасыр ескерткiшiнде сақтаулы бүкiл түркi халықтарына ортақ мына төмендегi сөздердi қайта жаңғыртып, әдеби тiлдiң қажетiне айналдыру – азаматтық парыз. Бадам – миндальные орехи, пайза – пропуск, бардақ –кувшин, батман – салмақтық өлшем, тергi–обеденный стол, көншек – iш киiм (көйлек-көншек), келеш – беретка, етшi – ет сатушы, жамша – бокал, еңлiк – косметика, дуан – облыс, даруға – ел билеушi, бүршiк – кисточка, бөстек – қырғауылдың мекиенi, жазана–айып тарту, жазалы ету, маршағай – аласа бойлы жуан кiсi, мұқақ – жүзi қайтқан пышақ, оңат – жақсы жағдай, сояшар – маралдың екi-үш жасар бұқасы, тамызғы – капельница (мед.). Сондай-ақ сұпсын, тарағай, сарамжал, сейнек, мұрдыр, салпаяқ, сорын, сопал секiлдi көнерiп, қалтарыста қалып келген сөздер де бар. Өткендегi ауыз әдебиетi үлгiлерiн, жергiлiктi ерекшелiктер мен туыс тiлдер фактiлерiн салыстыру – сөз варианттары жөнiнде құнды материал жинаудың маңызды көзi. Себебi сөздiң жарыспа тұлғаларының көне заманнан бергi қалыптасқан түрлерi туыс тiлдерде ұшырасады. Қазiргi қазақ тiлiндегi пәтуа, рәсуа, тәккаппар, шәрбат, iждиғат, iлтипат, хакiм, хасiл, хикая, уәлаят, қасиет, қасiрет, қауiп, қорек, құдырет, қатер, кәззап, кәлима, күнәкар, күна, күстана, кәусар, кiнәрат, кiрпияз, қапер, қадiр, қадiм, қазiр, қабiр, қабiлет, қағiлез, күжбан, тiлмар, тiлмаш, күләпара, күшала секiлдi әр кезде бiр-бiрiнен ауыс-түйiс ретiнде енген көпшiлiк түркi тiлiне ортақ сөздер аз емес. Мұндай сөздердiң қайсыбiрiнiң араб – иран элементi екенiн я түрiк тiлiнен сол тiлдерге ауысқанын да ажырату қиын. Ол сөздер тым ертеде енгендiктен, төл сөзiмiздей боп кеткен. Әрi араб, иран елдерi түркi жұртымен ығылым заманнан-ақ қоян-қолтық араласып, олардың тiлдерi де жымдасып жататын. Таяу уақытқа дейiн қолданған самолет атауын түрiк тiлiндегi ұшақ сөзiмен ауыстырудың сәтi түстi. Егемен атауын түрiк ағайындар да қолдана бастапты. Қырғыздар «отан» сөзiн, өзбек, ұйғыр, қырғыз ағайындар «азамат» сөзiн өз тiлiне ендiруге ынталы көрiнедi. Осындай ауыс-түйiс арқылы көптеген терминдердiң туыс тiлдердегi сәттi баламасын тауып, тiлiмiздi байытуға елеулi үлес қосар едiк. Пайыз, рәмiз, синип, уәзипа, мәслихат, пай, бекет, махалла сөздерi орыс тiлi арқылы енген процент, символика, класс, функция, заседание, ұпай, станция, квартал сөздерiнiң баламасы ретiнде тiлiмiзде орнықты. Бiрнеше түркi тiлiнде айтатын хошия – заметка, тарихаят – историзм, тәмсiл – притча, сардар – генеральный, нәбат – флора, лаңқа – банка, майрампаз – иллюзионист, гөш – жейтін ет, миллет – ұлт, талаба – медресе шәкiртi, уән – дивизия, мұхтасар – конспект, мұхтарият – автономия, жұмхұрият – республика, сағана – мавзолей, мақлұхат – фауна, мұғдарнама – устав, мәдде – материал, хауз – фонтан, әуiт – водоем, әфсана – предание, уәлаят – область, гөрхана – усыпальница, айван – шырақ бөлме, уәзипа – функция, дәрiс – лекция, низам – конституция, нәзiр – министр, масқарампаз – клоун, мұхаррир – редактор, гүлзар – оазис, мәркизi – центральный тәрiздi әдемi балама атаулар да тiлiмiздi байытып, көркейте түседi. Жаһат, жаһил, зинһар, сахаба, мұхтариет, идара секiлдi әдемi де жарасымды баламаларды кәдеге жарата алсақ, құба-құп. Өйткенi баламасын табу қиын терминдердi өзiмiзге етене жағын түбiрi бiр туыс тiлдерден алу анағұрлым сiңiмдi болмақ. Түрiк халықтарына ортақ раис, байрақ, миллет сөздерiне тiлiмiздiң төрiнен орын берсек, ұтпасақ ұтылмаймыз. Мысалы, председатель сөзiне (төраға) (төрапа), (төрайым), (төрбасы), төрие деген баламаны жарыстыра қолданбай көптеген түркi халқына тән раис атауын алғанымыз абзал. Тiлiмiзде бұрыннан бар «хауыз» сөзi тұрғанда фонтанға балама iздеп, бiрде бұрқақ, бiрде шашыратқыш деп құбылта берудiң не жөнi бар дейтіндердікі де жөн сияқты. Жасуша (клетка), жантану сөздерiне де туыс тiлдерден жарасымды баламалар табылар едi. Творчествоны – шығармашылық деп аударғаннан гөрi өзбек, татар, башқұрт т.б. тiлдердегi қысқа да нұсқа әдемi атау «ижад» сөзiн пайдалансақ, анағұрлым тиiмдi болмақ деген секілді пікірлер айтылып жүр. Тiлiмiз әлi де болса қалыптасу, дамып жетiлу кезеңiн бастан өткерiп отырған қазiргi таңда әркiм әр түрлi жазып, баспасөздегi ала-құлалыққа кең жол ашуда. Мұндай әрекеттiң алдын алудың сенiмдi бiр тәсiлi – сөз нұсқаларының әдеби тiл үшiн тиiмдiсiн төл тiлiмiзден ғана iздеп-термей, туыс халықтардың сөздiк құрамынан да елеп-екшеп ала бiлуде. Әсiресе көпшiлiк түркi тiлдерiнде терминология мен атаулар ретке келмей, сөздердiң дәл баламасы табылмай, терминологияның унификациялануы қиындыққа кезiгiп тұрған шақта түрiк және басқа тiлдерден сөз алуға батыл кiрiскенiмiз жөн. Қазақ терминологиясын тiлiмiздiң iшкi болмысына орай жасап қалыптастырудың тиiмдi жолы осы болмақ деп айта келе, проф. Ө.Айтбаев бүкiл түрiк тiлдерiне ортақ терминологиялық қор жинау iсiмен шұғылдану керектiгiне тоқталған еді. Ортақ түркі әдеби тілін құрастыру барысында туыс халықтар тілін еркін түсінуге жол ашылады. Біздің көнеден жеткен салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, тіліміз бен дініміз бір болғандықтан, халықтардың етене жақындасуына мүмкіндік туады. Осы орайда ортақ әдеби тiлге негiз болатын қай тiл деген мәселе тiл жанашырларын ойлантады. Өткен ғасырдың бас кезiнде мұндай тiлге татар тiлi лайықты деп есептеген түркiтанушылар болған екен. Алдағы уақытта Түркиямен байланыс өте тығыз болатындықтан, қайсыбiр авторлардың пiкiрiнше, ана тiлiмiздi компьютерлеуде, шаруашылық пен қызмет бабында түрiк тiлiнiң тәжiрибесi басымырақ ескерiлетiн секiлдi. Алайда ұғымдық, сандық, көркемдiк, шешендiк, табиғилық секiлдi басқа да қасиеттердi таразылағанда қазақ тiлiмен бәсекелесе алатын түрiк тiлi жоқ деген де пікір бар. Дана бабаларымыздан «Жетi рет өлшеп, бiр рет кес», «Келiсiп пiшкен тон келте болмас» деген мәйектi сөз қалған. Ортақ әдеби тiл мәселесi түрiк, қазақ тiлдерiмен қоса өзбек, әзірбайжан, татар, ұйғыр, түрiкмен, башқұрт, қырғыз секiлдi түркi жұртының 97 пайызын құрайтын көп санды iргелi елдер тiлiнiң ерекшелiгiне ден қойып, зер сала зерттеу барысында ойластырылмақ. Жан-жақты қарастырып, қадағалап, зер сала зерттелмек. Ортақ тiлдi қалыптастыруда асығыстыққа, үстiрттiкке, науқаншылдыққа жол бермей, тiлiмiзге нұқсан келтiрмей, асыра сiлтемей, ақылға салып, терең сараптап, қайсыбiр туыс тiлдердi реформалауда жiберген қателiк пен олқылықты қайталамаған абзал. Үнемi көркею үстiнде болатын күллi түркi жұртына ортақ тiлiмiз туыс тiлдердiң лексикалық байлығын бiрдей қамтитын әмбебап тiл болғанда ғана дiттеген мақсатымызға жетiп, азуын айға бiлеген қуатты мемлекеттермен терезе теңестiре аламыз.Түркi халықтарының бiрыңғай әдеби тiлiн құрастыра алмағанның өзiнде бұл бағыттағы атқарылған еңбек нәтижесiз қалмақ емес. Туыс халықтардың тiлi жақындай түсiп, бiр-бiрiн еркiндеу түсiнетiндей болса, оның өзi – үлкен олжа. Мұның тағы бiр тиiмдi болатын тұсы туыс тiлдердiң әр тобындағылардың өзара жақындасуынан 40 шақты тiл орнына санаулы ғана тiлдердiң қолдану мүмкiндiгi арта түседi. Академик Әбдуәли Қайдар «Түрiк тiлдес халықтардың 96 пайызын құрайтын оғыз, қыпшақ, қарлұқ тобындағылардың үш жеке топ құрап, өз iшiнде жақындай түсiп, аймақтық ортақ тiл жасауды да зиялы қауымның жан-жақты ойланып-толғанып барып шешуiн талап етер едi», – деген еді. Адамзат ерте кезден-ақ үйренуге жеңiл, грамматикалық құрылымы дұрыс, халықаралық қарым-қатынастың қосымша құралы iспеттес баршаға ортақ жасанды тiл құрастыруды да армандап келген. 16-ғасырдан бергi 3–4-ғасыр аралығында еуропалық ғалымдар әлденеше рет осындай жасанды тiл құрастырып көрген. Алайда бұл «тiлдер» қалың оқырман арасына тарай қоймады. Дүниежүзi көлемiнде ең кең тараған халықаралық жасанды тiлге 1887 жылы варшавалық дәрiгер Л.Заменгофтың роман, герман, славян тобы секiлдi ешқандай туыстық жақындығы жоқ тiлдердiң көпшiлiкке кеңiнен танымал сөздерiнен құрастырған эсперантосы жатады. Грамматикасы жеңiл әрi қатал нормаланған, ондаған жыл бойы жетiлiп, байыту үстiнде болған бұл жасанды тiл 20-ғасырдың бас кезiнде-ақ халықаралық деңгейге көтерiлдi. Ал түп төркiнi бiр туыс тiлдер негiзiнде ортақ табиғи тiл құрастыру әр басқа туыс емес тiлдерден орайластырып жасанды тiл жасаудан анағұрлым жеңiл әрi сәттi болатыны сөзсіз. Әлемдiк тәжiрибеге үңiлсек, ортақ әдеби тiлге көшудiң тиiмдiлiгi күмән келтiрмейдi. Дүниеде әр алуан диалектiде сөйлейтiн, бiр-бiрiнiң тiлiн жете түсiне бермейтiн жиырмаға жуық араб мемлекетi бар. Бiрақ олардың бiр ғана ортақ әдеби тiлi бар. Египет тiлi, иемен тiлi, ирак тiлi, ливан тiлi, ливия тiлi, алжир тiлi, тунис тiлi, судан тiлi, марокка тiлi, иордан тiлi деген тiлдер жоқ. Бiрақ сондай диалектiлер болған. Олардың қайсыбiрiнiң айырмашылығы салыстырып айтқанда өзбек пен қазақ немесе түрiкмен мен қазақ тiлдерiнiң айырмашылығынан кем болмаған секiлдi. Ортақ әдеби тiлге көшу бұл елдерге де оңай тиген жоқ. Күмәнданушылар да, қарсы шығушылар да болған. Осылайша жұмыла бiрiгудiң арқасында араб тiлi әлемдегi негiзгi тiлдердiң қатарынан орын алды. Қытай тiлi де бiр-бiрiнен алшақ жетi диалектiге бөлiнедi. Олардың бiр-бiрiн түсiнуi әжептәуiр қиындық келтiрген. Бiрақ қазiргi кезде олардың бәрiне ортақ әдеби қытай тiлi бар. Жалпы қытай деген бiрыңғай этнос болмаған. Қазiргi қытай ұлты әр алуан халық пен ұлыстың бiр-бiрiне етене араласып, жақындасуынан қалыптасқан екен. 50-жылдардың орта кезiнде Алматыға келген қытайлық тiл ғалымдары қойылған сұраққа жауап бере келе, қытай тiлi орфографиясын латын әлiпбиiне көшiре қалған жағдайда жетi бөлек тiлдiң қалыптасу қаупiнiң бар екенiн айтқан едi. Қазiр «птунхуа» (жалпыға түсiнiктi тiл) аталатын жалпыхалықтық қытай тiлi қалыптасты. Саха, чуваш тiлдерiн есептемегенде айырмашылығы араб, қытай тiлдерi диалектiлерiнен көп емес түркi тiлдi халықтарға ортақ әдеби тiлдiң қалыптасу мүмкiндiгiн ескерусiз қалдыру жөн емес. Ортақ әдеби тiлге көше қалған жағдайда, бiздiң тiлiмiздiң қолдану өрiсi өлшеусiз артады. Өз елiмiздегi басқа ұлт өкiлдерiн айтпағанның өзiнде шетелдiктердiң де түркi тiлiн үйренуге деген құлшынысы арта түспек. Тiптi түркi тiлiнiң БҰҰ-ның жетiншi ресми тiлiне айналуы да ғажап емес. Сейдін Бизақов, филология

 ғылымдарының докторы, профессор.