БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ БІЛІМ ҰЯСЫ
БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ БІЛІМ ҰЯСЫ
Бала – біздің болашағымыз, ұрпағымыз, өмірдің қызығы. Тілі балдай ұл-қыздарымызды бағып-қағып, бесіктен кейінгі тәрбиені үйрету үшін алғашқы қадамдарын нық бассын деп, балабақшаға береміз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» сәбилердің ең алғашқы білім ұясы – балабақшасы болып табылады.
Сол бүлдіршіндердің білім ұясының бірі Таукент поселкесіндегі «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-ң «Демеу-Таукент» филиалына қарасты соңғы үлгіде салынған «Таукент гүлдері» балабақшасы. Балабақшадағы ересек топтардың бірі «Қалампыр» тобында ашық сабақ өткен болатын. «Жеміс-жидектер» тақырыбындағы ашық сабағын топтың тәрбиешісі Баударбекова Гаухар өткізді. Болашаққа қадам басқалы жүрген 5 жасар бүлдіршіндер бұл сабақта қоршаған ортамен танысты. Бау-бақшада өсетін жеміс-жидектер мен көкөністердің адам ағзасына берер пайдасы мен олардан алатын дәрумендер туралы айтылып, бүлдіршіндер сабаққа қызыға араласып кетті. Бөлме ішінде ойыншықтардан бау-бақша мен егістік жасалып, сабақ бақша айналасында өтті. Сабақ барысында қазіргі таңдағы консервантталған тамақ өнімдерінің зияны туралы айтылып, күнделікті алма, жүзім, өрік, анар, тағы да басқа жидектер мен көкөністер – сәбіз, картоп, қияр, қызанақтарда болатын дәрумендер туралы толық түсіндірілді. Балалар бұл сабақтан жалыққан жоқ, өз ісінің білікті маманы Г.Баударбекова сабақ барысында қызықты ойындар ұйымдастырды. Балалардың күнделікті теледидар алдынан тапжылмай көретін «Маша мен Аю» орыс ертегісіндегі кейіпкер Маша да бүлдіршіндермен бірге қызықты сабақ жүргізіп, балалардың ой-өрісін дамыту мақсатында үлкен көмек берді. Дәл осындай ашық сабақ 3 жастан асқан сәбилердің «Жауқазын» орыс тобында «Қуыршақтар» тақырыбына өтті. Ашық сабақты топтың тәрбиешісі Жанира Мұстафаева мемлекеттік әнұранмен бастап, бүлдіршіндерді патриоттық тәрбиеге баулитынын байқатты. Сабақ барысына гүл ханшайымы кірісіп, бүлдіршіндер гүл аттары мен түстерін атап шықты. Сабақ толық орыс тілінде өтіп, мақсаты толық қамтылды. Балалар санауды, түстерді айыруды орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде білетінін байқатты. «Жауқазын» және «Қалампыр» тобының ашық сабақтарына бүлдіршіндердің ата-аналары қатысты, ал «Таукент гүлдері» балабақшасының меңгерушісі мен балабақша әдіскері өз дәрежесінде өткен сабаққа оң баға берді.
Бауыржан Бекзатов
Оңтүстік Қазақстан облысы