Қайнардың тұнығы: "Жүрген аяққа жөргем ілігеді"

Қайнардың тұнығы: "Жүрген аяққа жөргем ілігеді"

Қайнардың тұнығы: "Жүрген аяққа жөргем ілігеді"
ашық дереккөзі
  Қазақтың осы мақалы қапысыз айтылғанына тағы куә болып отырмыз. Бұл мақалды аға буын әдейі бұрмалап айтатын. Қостанайда облыстық газетте тәжірибеден өтіп жүргенде сан рет естідік, шабытты бөтелкемен шақыратын байырғы қаламгерлер “жүрген аяққа жүз грамм ілігеді” дейтін. Мақал мен өлең жолдарын өзгертіп айту – шығармашылықтың бір саласы. Қазақтың қаптары көп ұлттық болмысының көрінісі. Әттең, зерттеушісі жоқ. Болмаса, “Қуансаң қуана бер әкетайым, мен сенің пенсияңа жармасамын” деген сияқты талай өзгертілген тіркестерді естіп едік. Өз бауырымыз сонау жетпісінші жылдары “Дән егіп дәндеген, Қазағым мықты ғой” деп өлеңдететін. Бұл – бөлек тақырып, біздің айтпағымыз басқа еді. Қаншама жыл бойы бір сөз тіркесінің аудармасын таппай жүрдік. Анығында мән бермедік. Іздемедік. Ал, тура сол мағынаны беретін сөз қазақ тілінде ықылым заманнан бері бар екен. Бізден ықылас болмаған. Ынта жетпеген. Түптеп келгенде жанымыз ашымаған. Жанымыз ашымаған соң ешқайсымыз білек түріп, белсеніп шықпағанбыз. Хош. Мән берілмей жүрген тіркес телевизияға тән “сурдо аударма” еді. Біз бірінші бөлігін сол қалпы қалдырып, екіншісін аудара салдық. Сонымен әлгі балаларға арналған мультфильмдегі бір жағы ит, бір жағы мысық сияқты бірдеңе пайда болды. Негізі, “сурдо” – мылқауларға түсіндіретін тіл. Бірақ, бадырайтып олай атау – мәдениетсіздік. Өз басымыз мылқауды бес-алты жасымызда көрдік. Шешеміздің әпкесі, яғни нағашы апамыз біздің үйге қыдырыстап келгенде қасында бір қыз болды. Мылқау екен. Сонда нағашы апамыз оған әлденелерді саусақпен түсіндіріп беретін. Ана қыздың саусақтары қимылдап кеткенде шапқан аттың аяқтары ілесе алмастай еді. Кейін тоқсаныншы жылдар соңында Қазақстан халықаралық міндеттемелерді өз мойнына ала бастағанда телевизия өз жаңалықтарының бірін “сурдо” аудармамен беруге тиісті болды. Заң ба, ереже ме, оны реттейтін құжат пайда болды. Құжатты көзіміз көрмесе де, онда “сурдо” деген сөз жазылғаны хақ. Міне, соның аудармасын іздемей-ақ, тым оңай таптық. Түркиядан жолықтырдық. Ол елден тоқсаныншы жылдар ортасында Шер-ағаң “ұшақ” сөзін ұнатып әкеліп еді. Біз… …ойымызда ештеңе жоқ теледидардан жаңалықтар көріп отырдық. Түріктің көп арналарының бірі. Бадырайтып атап, жарнама жасап қайтелік. Арна Оңтүстік Африка Республикасының ақсақалы Нельсон Манделаның қазасына орай қаралы жиында мылқауларға арналған аудармашының шын мәнінде саусақтарын бет-албаты қимылдата бергені туралы бейне сюжет /бұл да – жартысы қазақша, жартысы халықаралық терминнен түзілген тіркес/ берді. Сюжеттің тақырыбы “ишарат тілі” деп жазылды. Жоғалған туысымыз табылғандай, атып тұрдық. Қаншама жыл бойы қалай санамызға кірмеген? Иә, «сурдо-ның” қазақшасы – ишарат. Қай бір жылы Тәжікстанда жер тітіреп, үш бірдей қыстақты қалың көшкін басып қалғанда сол жаққа суыт аттанғанбыз. Памир баурайындағы қаралы өзбек арасынан (бірінде өзбек, екіншісінде тәжік көп, кеңестердің жерді межелеу саясатының жемісі) “зілзала” сөзін естіп, Гиссардан жазылған репортажымызға қосқан едік. Кейін кірігіп кетті. Өзіміздің ол сөзді дұрыс жазғанмен, дұрыс айта алмайтынымыз басқа әңгіме. Кемістік кімде болмайды. Оны жасырып керегі не? Айтпақшы, кемістігін шебер жасырған кейіпкер де біздің әдебиетте бар. Жұмекен Нәжімеденовтің “Ақ шағыл” романындағы Сақал Сатым. Бойымызға оның да қулығы сыймаған соң не жорық! Қалтайша айтқанда “біз де періште емеспіз”. Орыс тілінен тікелей аударылған “жер сілкіндіге” қарағанда, “зілзала” жасанды емес, табиғи сөз екені даусыз. Себебі, жанды нәрсе ғана сілкінуі керек. Ер-тоқымы алынғанда мініс аты сілкінеді.Қоқиланған қораз сілкінеді. Жауыннан соң торғай сілкінеді. Ал, жер жансыз. Сілкінбеуі керек. Оны бабалар білген. Сондықтан бұл құбылысты “зілзала” деген. Өткен ғасырдың орта тұсында аудармашы ағалар “зілзаланы” ысырып, “жер сілкінді” деген жасанды тіркес тудырды. Тәубе, біз үйіріне қайта қосқан “зілзала” айтылып та, жазылып та жүр. “Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады” деген бар. Біз де дәндеп қалсақ керек. Сонымен енді түрік арасынан тауып “ишарат тілін” қотанға қосып отырмыз. Қазақтың байырғы бір сөзі ортамызға оралса, оны “сурдо аударма” сүзгілеп тастамас деген тілек бар. “Жүрген аяққа жөргем ілігетіні” рас екен. Ал, баяғы “жүз грамм” күн тәртібінен түскелі қашан! Қайнар Олжай     17 желтоқсан. Ескишахир. Түркия.