Ресей қырғыздарды қорқыта алмады
Ресей қырғыздарды қорқыта алмады
Өзім дегенде өгіз қара күші бар өзімшіл Кремльдің бетін қырғыздар қайтарды. Күштеп өткізгісі келген Кедендік одаққа. Айқайшыл айырқалпақтылар «Егер талабымыз орындалмаса, Одаққа мүше болмаймыз! Бізді қорқыта алмайсыңдар!» деп қатты ашуланды. Бірақ бұл отаршыл саясатты ұстанатын Кремльді тоқтата алмасы анық.
Ұртоқпақ саясатқа құмар Кремль ықпал ету аумағын күшпен кеңейтуге шындап кіріскендей. Алдымен Қазақстан мен Беларусь арасында құрған Кедендік одаққа Украина мен Арменияны мүшелікке өткізуге жанықты. Бірақ ол әрекетінен түк шықпады. Өзбекстан мен Түркіменстан бұл бірлікті қолдай қоюы неғайбыл. Өткенде Бакуге «10 күннің ішінде Кедендік одақ туралы ойыңды ашық айт» деген талап қойды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Әзірбайжан Кедендік одаққа өту арқылы Таулы Карабахты қайтарып алуы мүмкін. Мәселен, Кремльдің Бакуді КО-ға тартуын 1921 жылғы саяси ахуалмен теңестірген армян саясаттанушысы Степан Григорян: «Армения сол кезде әскери күшін ғана емес, экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық ынтымақтастығын бір қолға өз еркімен берген. Осының салдарынан жерімізден айрылдық. Егер Әзірбайжан Кедендік одаққа мүше болса, Таулы Карабахтан айрыламыз», – дейді. Әзірге Баку кесімді шешімін айтқан жоқ. Алайда, әзірбайжан олигархтары бұл ұсынысқа қарсы шығуда. Өйткені олар «КО шеңберіндегі шектеулер бизнесімізге нұқсан келтіреді» деп қауіптенеді
Ұрда жық саясатқа құмар Кремль бүгін тізесін енді қырғыздарға батырмақ болған. Бірақ Бішкек наразылық танытты. Анығында, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев: «Қырғызстан халқының мүддесіне сай келетін жолмен ғана жүреміз. Қырғызстанның ынтымақтастық шеңберіндегі ұсынары аз болса да, Бішкектің талабы ескерілмейінше, Қазақстан, Ресей, Беларусь құрған Кедендік одаққа өтпейміз!», – деп ашық айтты.
Жуырда ғана Қырғызстанның бірінші вице-премьері Жоомарт Оторбаев Қырғызстанның Кедендік одаққа мүшелікке өтетін «Жол картасын» қараша айында Еуразиялық комиссия Қырғызстан өкілдерінің қатысуынсыз-ақ бекіткенін мәлімдеген болатын. Алайда, алдыңғы күні өзіне қысым жасағысы келген ресейлік билікке ашуланған Атамбаев: «Сендер мені әлі күнге білмейсіңдер ме?! Мемлекетке зиян келтіретін бірдеңені қолдату үшін мені сатып алу әсте мүмкін емес! Біздің талаптарымыз орындалса ғана Кедендік одаққа өтеміз. Ал Атамбаевты қорқытып-үркіту, қоқан-лоққы жасау мүмкін емес! Ендігі әбден шыңдалғам!», – деді.
Білдей бір президенттің бұлайша бұлқанталқан болуы – өзін КСРО-ның заңды мұрагері деп білетін Ресейдің империялық пиғылының дәлелі. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» деген қағидаға жиі жүгінетін Мәскеу өз дегеніне күш көрсету арқылы жетуге кетары емес. Экономикалық әлеуеті бұрын КСРО құрамында болған елдерден әлдеқайда қуатты Ресей Орталық Азиядағы саяси және экономикалық ықпалын күшейтуге жанталасып жатыр.
Нәзия Жоямергенқызы