ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ТҰҚЫРТҚАН

ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ТҰҚЫРТҚАН

ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІ  ТҰҚЫРТҚАН
ашық дереккөзі

Шенеуніктер «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы арқылы өрескел қателікке бой алдырған сияқты. Себебі, құжат 2014 жылдан бастап отандық кәсіпкерлерге берілетін жеңілдікті алып тастап, есесіне ресейлік және белорустық мемлекеттік сатып алуларға есік ашпақшы. Ең қорқыныштысы сол, заң жобасына қандай да бір өзгеріс енгізуге кеш екен. 

«Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов: «Қазақстан Кедендік одақ аясындағы ұлттық режимді алып тастау жөніндегі халықаралық келісімді ратификация­лау кезінде ойсырай жеңілді. Егер мемлекеттік сатып алуға орыстар мен белорустарды жіберсе, онда жергілікті өнім өндірушілер опық жейді. Демпинг болуы да мүмкін», – деді ашынып. 

Мәселен, тендерлік тапсырыс бойынша кәсіпкер төмендетілген бағамен сатылатын өнімді алуы тиіс екен. Нәтижесінде арзан бағаға – сапасыз өнім алынады. Ал, шын мәнінде, екеуін біріктіруге мүлдем болмайды. Оның үстіне ұйымдастырушылар тендерге түсетін өнімнің бағасын соңғы сәтте ғана жариялайтын көрінеді. Бұл, әрине мемлекеттік сатып алу жүйесін сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналдыратыны сөзсіз. Сондықтан барлық ұсынысты тексеріп, сатып алушыға тек қажетті өнімді шығаруға бағыт беретін арнайы мекеменің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ең бастысы, оның қызметі ашық болуы керек. Ал ашықтыққа мемлекеттік сатып алуды қамтамасыз ететін мемлекеттік қызмет бірыңғай оператор арқылы бақылаудан өткенде ғана қол жеткізуге болады. 

Салыстырмалы түрде айтсақ, мемлекеттік сатып алуға өз ота­нындағы нарықтың 90 пайызын жаулап алған ресейлік жиһаз жасайтын компания қатысты делік. Өндіруші Қазақстанға өнімнің 10 пайызын төменгі бағамен жеткізеді. Бұл жерде Ресей еш ұтылмайды, керісінше еліндегі сауда арқылы жоғалтқанын жауып отырады. Осы жерде айта кететін мәселе – ағаштан өнім жасайтын еліміздің өнеркәсібі аяғынан тік тұрған жоқ. Қазақстан бұл салада Ресей мен Белорусь сияқты алпауыт елдермен бәсекелесе алмайды. Яғни, заң жобасы Кедендік одақтағы Қазақстаннан кейінгі екі мемлекетке ғана үлкен мүмкіндіктер әкелетін сияқты. 

«Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов мұндай бәсекелестіктен еліміз ұтылмаса, ұтпайды дегенді айтады. «Меніңше, бұл мәселені 2018 жылға дейін тоқтата тұру керек еді. Себебі, бұл уақытқа дейін өндірушілер тәжірибе жинақтап, өнімге деген сұранысты қанағаттандыра алады. Ал қазір өнім аз жерде, біз Ресей мен Белоруссияны қалай қуып жетеміз? Бірақ, қанша шырылдасақ та, заң жобасын өзгерте алмаймыз. Бұл 2011 жылы аталған келісімді жүргізіп, мақұлдаған азаматтардың қателігі», – деді ашынып. Сөзінің жаны бар. Отандық өндірушілердің бүгінгі пұшайман халіне көз жеткізген басшының жыларман күйіне қарағанда, жағдай онша мәз емес. Алайда, «Атамекен» басшысы мен отандық кәсіпкерлер неге түстен кейін аттандайды? Заң жобасы талқыланған кезде қайда қараған? 

Ал, Кәсіпкерлердің ұлттық пала­та­сының Экономикалық интеграция­лар департаменті директорының орынбасары Владимир Пак отандық кәсіпкерлер үшін Ресей рыногында әлі де кедергілердің кездесетіндігін айтады. «Кедендік Одақ аясында өз өнімдерімізді экспорттауға кедергілер көбейіп кетті. Мәселен, соңғы жылдары Ресейге шығарылып жатқан автокөліктерді алсақ болады. Осы мәселеге байланысты біз көршілерімізден тиімді жа-уап ала алмай келеміз», – дейді Владимир Пак. Оның айтуынша, бұл ең алдымен отандық шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізеді. «Мәселен, қосымша құн салығы деген бар. Егер Ресейде әлдебір бөлшек жасап шығарып, оны қазақстандық кәсіпкерлер өз өндірісінде шығарса, қосымша құн салығы 20 пайызға дейін артады. Бұл Қазақстандағы шағын және орта бизнесті тұншықтыратын фактор. Егер шағын және орта бизнесті аяғынан тұрғызып алмасақ, басқасының бәрі бекер», – дейді ол. Елімізде кәсіптің маңайында жүрген азаматтар бұл мәселені шешу үшін Кедендік одақтың салық заңнамасына өзгеріс енгізу қажет деген тоқтамға келуде. Соңғы кезде кәсіпкерлер еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікке байланыс­ты басқосулар жиі өткізуде. Осы жөнінде отандық баспасөзде де пікірін ашық білдіріп жүр. 

 Тимур Назханов, ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:

– Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері Кедендік одаққа мүше болып, осы үштік одақ жұмыс істей бастағанда аталған ел халықтарының көңілінде экономикаға оң серпін беретін шығар деген үкілі үміт болды. Алайда, отандық өндірісшілер мен кәсіпкерлер Кедендік одақтың пайдасынан гөрі зияны көп екенін алға тартып, мәселе көтере бастады. Оның себебі де жоқ емес. Мәселен, 2009 жылы Кедендік одаққа кіреміз деп шешім қабылданған кезде, шынын айту керек, қазақстандық шағын және орта кәсіпкерлік саласы оған мүлде дайын емес болатын, әсіресе өндіріс саласы. Еліміздегі осы саладағы сауда мен халыққа қызмет көрсету бағыты әжептәуір қарқынды дамығанмен, ондағы өндірісшілердің үлесі бар болғаны 3,5 пайызды ғана құрайтын. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Қазақ нарығына Ресей шекарасынан асып, қыруар көп өнімдер келіп жатыр. Әрі олардың бағасы біздің тауарлардікіне қарағанда едәуір төмендеу. Оның себебі орыс Үкіметінде отандық өндірісшілерге қолдау көрсету бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Оларда өндірушілерге қажетті мөлшерде несие беру, шетелден келген тауарлар орыс нарығын басып кетпес үшін оларға кедергі қою сияқты оң шешімдер қабылданған. Соның салдарынан біз қазір 70-80 пайызға дейін импорттық тауарларды пайдаланудамыз. Бұл азық-түлікке ғана емес, киім-кешек пен тұрмыстық тауарларға да қатысты мәселе. 

 Дәурен Қайсаров, Жас кәсіпкерлер клубының даму жөніндегі директоры, кәсіпкер: 

– Бүгінде қазақстандықтардың бірталайы мемлекеттік сатып алумен жұмыс істеу арқылы күн көріп отыр. Көпшілік үшін бұл кәсіпке айналды. Мемлекеттік ұйымдар қарапайым қарындаштың өзін мемлекеттік сатып алусыз сатып ала алмайды. Сонымен қатар бүгінгі мемлекеттік сатып алудағы айналымдағы ақшаның өте көп екенін түсінуіміз қажет. Отандық нарық үшін осы күнге дейін жеңілдіктер болғаны белгілі. Енді бұдан былай экономикасы бір саты жоғары дамыған Ресей мен Белоруссия кәсіпкерлері біздің орнымызға мемлекеттік сатып алуға қатыса алады. Тіптен, бағаны төмен түсіріп жібергеннің өзінде отандық кәсіпкерлер шығынға белшесінен батады. 

Динара Мыңжасарқызы