Жаңалықтар

АТАМБАЕВ «АҚ ҚЫЛЫШТЫ» ҚЫНАБЫНАН СУЫРДЫ

ашық дереккөзі

АТАМБАЕВ «АҚ ҚЫЛЫШТЫ» ҚЫНАБЫНАН СУЫРДЫ

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күресті бастағанын газеттің 14 қарашадағы санында «Жетінші қабатқа жеткен жемқорлық» деген мақаламызда жазған едік. 4 қарашада өткен өлкенің Қауіпсіздік кеңесінің кезектегі отырысынан кейін көп өтпей, 12 қарашада мемлекет басшысы «Билік органдарындағы саяси және жүйеленген сыбайлас жемқорлықтың себептерін жою бойынша шаралар туралы» жарлыққа қол қойған.

Сөйтіп, қырғыз қоғамындағы «жети баштуу ажыдардың» (ажыдар – аждаһа, айдаһар) басын шабу үшін қырғыз ажосы (көне түркі тіліндегі «ай деген ажа жоқ, қой деген қожа жоқ» мақалды есіңізге түсіріңіз) қылышын қыннан суырды.

«Нысанаға» бірінші ілінгені Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешінің депутаты Ақматбек Келдібеков болды. 20 қарашада республиканың бас прокуратурасы депутатқа сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қыл­мыс­тық ісі қозғағанына байланысты, сол күні ол Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитеті тарапынан қамауға алынған. Келесі күні бас прокурор Аида Салянова Жоғарғы Кеңешке шақыртылып, Ақматбек Келдібековтің қамалуы бойынша түсіндірме берді. Бас прокурордың айтуынша, Келдібеков Әлеуметтік қорды (министрлік санатындағы), содан кейін Мемлекеттік салық қызметін басқарғанда және Жоғарғы Кеңештің төрағасы болып тұрған кезде мемлекеттік қазынадан отыз миллион сомға жуық ақшаны қымқырғаны үшін айып тағылған. Келдібековтің қамалуы оның жақтастарының ереуілімен қосталды. Олар «тергеу кезінде Келдібеков үй қамағына шығарылсын» деген талапты қойған. Істі қайта қараған апелляциялық сот «2014 жылдың 19 қаңтарына дейін тергеу абағында қалдырылсын» деген шешімді күшінде қалдырды. 2 желтоқсанда Келдібековтің «кіші ота­ны» Ош облысының бас қаласы Ош шаһарында оны қолдаушылардың бүлігі осы шешімге көрсетілген қарсылық болатын. Осы бүлік тағы бір «үлкен оқиғаның» келіп шығуына себеп болды. Ош қаласының мэрі Меліс Мырзақматов, кейбір мә­лі­меттерге қарағанда, «қарсылық қозғалысын тоқтатқанның орнына, оған дем бергені үшін» Бішкекке шақырылып, Премьер-министр Жантөре Сатыбалдиевтің бұйрығымен қызметінен босатылды. Бірақ, ресми түрде Үкімет бұған саяси реңк берген жоқ. Жақында Ош қаласының мэрін сайлау өтеді. Соған байланыс­ты құзыретін тоқтатуы керек. Мэрді қалалық кеңештің депутаттары сайлайды. М. Мырзақматовтың Ош қаласында беделі жоғары. Қалалық кеңеш депутаттарының тең жартысы оның партияластары. Сондықтан, алдағы сайлауда ол Оштың мэрі бола қалса, таңданыс туғызбайды. 

«Мырзақматовтың шуына»­ Біш­кек қаласының мэрі Иса Өмір­құ­ловтың қызметінен босатылуы тұспа-тұс келді. 2 желтоқсанда республиканың бас прокуратурасы Иса Өмірқұловқа Бішкек қаласындағы Жеңіс саябағының жер телімін бөліп алып, басқа мақсатқа пайдаланды деп айып тағып, қылмыстық іс қозғағанына байланысты қала басшысы өз ықтиярымен қызметінен кетті. Ел ішінде «Келдібеков сияқты ол неге қамаққа алынбайды?» деген өсек-аяң тұтанып барып басылды.

Бірі абақта, бірі үйінде отырған Ақматбек Келдібеков те, Иса Өмірқұлов та өздерін айыптымын деп есептеп отырған жоқ. Ал енді, Меліс Мырзақматов қолы босап, мэрдің орынтағына қайта отыруға қызу даярлықтарды «шоң» қарқынмен жүргізіп жатыр.

Президент Алмазбек Атамбаев жемқорлыққа қарсы қылышын суырды.­ Қазірше кішігірім жыландардың «басы шабылып» жатқанымен ел күдіктенген «ажыдарлар» аман-есен.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» 

Қырғызстандағы тілшісі