Жаңалықтар

ҚАЙРАТ ТУРАЛЫ МҰРАҒАТТЫҚ ДЕРЕК АЗ БА?

ашық дереккөзі

ҚАЙРАТ ТУРАЛЫ МҰРАҒАТТЫҚ ДЕРЕК АЗ БА?

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматыдағы Цезарь кинотеатрында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді. Деректі фильмді түсірген «Алматы» телеарнасы. 

Деректі фильмді көруге көрермен көп жиналыпты. Белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар да осында. Қайрат Рысқұлбековтің туыс-туғандары да жиылған. Қайраттың есімі қазақ үшін ерекше. Ол – Желтоқсанда тұтанған қазақ рухының көрінісі. Ол – Қазақтың тәуелсіздік жолындағы соңғы күресінің батырларының бірі. Ұлт үшін, ұлттың азаттығы үшін күрескен, сол күрес жолында жанын қиған арда ұлдардың бірі. Ол – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің басты қаһарманы. 

Қайрат 1966 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Бірлік ауылында дүниеге келді. 1983 жылы орта мектепті бітіріп, әскер қатарына алынды. Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарды. 

1986 жылдың тамызында әскер бөлімшесінен Алматыдағы Құрылыс институтына жолдама алған жас өрен сыннан сүрінбей өтіп, оқуға түседі. Оқуға жаңа түскен жалынды жас 16-17 желтоқсан күндері қазақ жас­тарымен бірге, қаймықпай алаңға шығып, қанды қырғында қайсарлығымен көзге түсті. 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері Қайратты «Алматыда төбелеске қатысты» деген желеумен ұстап алып, түрлі айыпты мойнына салды. Жас өренді ату жазасына кесті. Ату жазасы 20 жылдық бас бостандығынан айыру шешіміне ауысқанымен, Қайрат Семей түрмесінде белгісіз жағдайда көз жұмды.

Осылайша, кеңестік импе­рия­ның құрбаны соңғы сапарға аттанды. Қа­зақстанның тәуелсіздік алу жолында мерт болған өрімдей жас­тың ерлігі бүгінгі қазақ ба­ласына үлгі. Бүгінгі жас ұрпақ Қайраттың, Ләззаттың, Ерболдың ерлігін ұмытпауы тиіс. Қанды Желтоқсандағы бастарын оққа да, отқа да төсеген қайратты жастардың өрлігі әрқашан да есте. Тарих жадынан бір сәтке де шығаруға болмайды.

Бүгінгі әңгіме, Қайраттың ер­лігі қақында түсірілген деректі фильм төңірегінде. Ең әуелі, де­рек­ті фильмнің тұсаукесері «тосынсыйларға» толы болды. Ұйымдастырушылардан кеткен ағаттық па, кім білсін, әйтеуір сәтті басталған деректі фильм жартысына келгенде даусы шықпай қалды. Жүргізуші «техникалық ақау» деп түсіндіруге тырысқанымен, ол «ақау» таяу уақытта жөнделе қоймады. Тіпті, ол ақауды жөндеу жарты сағатқа созылды. Жиылған қауымның мазасы кете бастады. Арлы-берлі сенделістер көбейді. Шыдамы жетпеген кейбіреулер залдан шығып кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп, «бес минутта іске қосылатын ақау» жарты сағаттан соң, әзер басталды. Бұл – бір.

Екіншіден, деректі фильм тым солғын дайындалған. Деректі фильмді түсірген топтың асығыс-үсігіс жасағаны көзге ұрып тұр. Тіпті, жүргізуші Қайрат туралы мұрағаттық деректердің аздығын айтады. Қайрат туралы бұған дейін де талай шығармалар жа­зылып, талай публицистикалық ма­қалалар шықты. Бір ғана мысал, публицист Көлбай Адыр­бе­кұлының «Казахское дело» автор­лық бағдарламасы аясында мұрағат деректеріне сүйенген Желтоқсан тақырыбында бірнеше топтамалық мақалалар шыққанын байқамаған сыңайлы. 

Одан бөлек, фильмде Қайрат­тың рухы сезілген жоқ. Жасандылық басым. 

«21-де жасым бар, 

Қайрат дейтін затым бар.

Еркек тоқты құрбандық,

Атам десең, атыңдар», – 

дейтін бір ауыз өлеңінің өзі ес­тіген жүректі дір еткізбей қоймайтын Қайраттың өр рухын деректі фильмнен байқай алған жоқпыз. Қайрат арқылы бүкіл желтоқсаншылардың келбетін беруге болатынын ұй­ым­дас­тырушы топ ұмытып кеткен сияқты. Қайрат арқылы тәуелсіздік жолындағы азаттық күресінің лебі есіп тұру қажеттігін де түсіруші топ аңғармаған. Бұл Қайратқа ғана арналған деректі фильм емес, бұл – бүкіл желтоқсаншылардың бет-бейнесі. Сол себепті де, «Қайрат Рысқұлбеков» деректі фильмі – ерекше болуы тиіс еді. Деректі фильмді көріп отырып, «әттеген-ай» деген тұсымыз да осы. 

Гүлзина Бектас