Жаңалықтар

ЖАҢА ИДЕЯ – АЛДАР КӨСЕ, ЖАҢА КАДР – ТАЗША БАЛА

ашық дереккөзі

ЖАҢА ИДЕЯ – АЛДАР КӨСЕ, ЖАҢА КАДР – ТАЗША БАЛА

Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыт ішінде ұлттық кадрлар күш алмақ тұрмақ, қол жеткізген позициялары мен бағдарынан айрыла бастады. 

Өндірістік техника, жоғары технология білікті мамандарының арасында ұлттық кадр­лар аз. Мысалы, ақпарат технологиялары, физикалық-химиялық сараптау мен зерттеу, электроника, өлшеу техникасы, автоматика жөніндегі ұлттық кадрлар мөлшер саны өндіріс алпауыттары «Қазмырышта» – 6 пайыз, «Үлбі металлургия зауытында» – 2 пайыз шамасын құрайды. Оның ішінде ұлттық санатынан хабардары бірен-сараң екенін ескерсек, өндірісіміздің аты «ұлттық», заты ұлттық емес екенінің біраз себептері айқындалады. (Автор аталған мекемелерде жұмыс істеген). Республикамызда мезгіл-мезгіл болып жатқан техногендік тектес апаттар, қыруар қаражат жұмсалып, бірақ дұрыс құрылымданбаған немесе мүлдем жұмысқа қосылмаған технологиялық үдерістер, лағып кеткен жасанды жер серігі, 2013 жылғы ұлттық бірегей тестілеуге қатысқандардың 30 пайызға жуығы ең төменгі межеге де шыға алмауы – кадрлар идеологиясы қырларының үгітілу сипаттамалары.

Кеңес үкіметі кезіндегі бастауыштан бас­тап жоғары квалификациялы кадрлар дайындауды қамтитын біртұтас механизм құрып бітті деуге болады. Соңғы жиырма жылда бізде кәсіби жұмыскерлер, конструкторлық бюролар мен технологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының техникалық және инженерлік кадрлар әзірлеу жүйесі мейлінше ыдырап, азып-тозғаны жайында Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты, экономист Валентин Макалкин ашып айтқан.

Өткен ғасырдың 70, 80-жылдары ұлт­жанды ұстаздардың, жетекшілердің күш- жігері арқасында үлгілі дәріс, тәлім алып, өндірісте шыңдалған кәсіби мамандардың соңғы легінің өзінің жасы 50- ге таяп қалды. Негізінен соңғы жиырма жыл ішінде білім алған жаңа дәуірдің кадрлары – текесінен айрылған киіктей бей-берекет, әркім өз күнін өзі көруге мәжбүр. Экономиканың әрқилы салаларындағы кадрлардың білім, кәсіби деңгейінің құлдырап бара жатқандығы жайында айтылып та, жазылып та жүр. Өндіріс өкілдері жыларман халде. Әсіресе инженерлік – техникалық кадрлар ролінің маңыздылығына Елбасы бірер рет ден қойғандай болды да, «алдаркөселік» технологияларды жаңаша меңгерген билік сатысындағылар оған қол шапаттап, бас шұлғумен құтылды. «Инновациялық тазша бала» – кадрлар өтірік айту өнерін шыңға шығарып, Тазша баланың тағдыры шындап болатынын дәлелдеуде айтарлықтай табыстарға қол жеткізумен келеді. 

«Өтірікшілер мен алдауыштардың сыры, ерте ме, кеш пе, ашылады, олардың күні өтеді» – деп жүріп ұлттың күнін өткізіп алмай тұрғанда ұлттың өзін-өзі анықтауына талпынысы – адамзат жаратылысына тән қоғамдастық заңдылығынан туындайды.

Ұлттық идеяның сақтаушысы және жаңғыртушысы ұлттық кадрлар даярлауда мынадай тұжырымдамалар өзекті болып қала бермек.

Бірінші. Аталмыш тұрғыдан ел эконо­микасының қай салаларын дамытатынымызды, соған сәйкес өндіргіш күштерді шоғырландыру, кадрлар қажеттілігін және оларды әзірлеу шараларын жоспарлау. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша «вахта» тәсілімен ерсілі-қарсылы сабылған халық, мамандықтары бойынша қызмет таба алмай сенделген жас мамандар – жер-жерде жұмыспен қамтамасыз ету, білім беру маркетингі жүйелерінің, мүмкін – жүйесіздіктерінің, істеп отырғаны.

Екінші. Әсіресе ірі кәсіпорындарды еліміздің ғылыми – технологиялық жетіс­тіктері мен ізденістері нәтижелерін, біліктілігі, кәсіпкерлік деңгейі жоғары кадр­лар дәрменін (потенциалын) пайдалануға мүдделендіру, мысалы, кәсіпорындардың аталып отырған шараларды дамытуға жұмсаған қаражаттарына салық жеңілдігін жасау.

Осы жерде қаламға оралатын екі нәрсе бар. Ол – техника ғылымдары докторы, профессор Ғ.М. Мұтанов айтқандай, «республикадағы ірі кәсіпорындар жұмысы жолға қойылған өндірістерді, шикізаттарды экспорттауда жасалған жағдайларды қолданып тәп-тәуір пайда табуда. Сондықтан да әзірге өздеріне ұсынылып отырған ғылыми жетістіктерге оншалықты мүдде танытпай келеді» және екінші нәрсе – еліміздің өндірістеріне иелік мүмкіндігі бар шет елдік компаниялар, солардың ырқына берілген байшікештер қазақтың көсегесі көгеруіне бастары ауырып жүрген жоқ, оларға ұлттық кадрлардың сауатсыздығы мен шарасыздығы тиімді – аңқау халық алдауға жақсы.

Үшінші. Инженерлік – техникалық кадр­лар әзірлеудің мемлекеттік стратегия деп танылуы. Бұл жөнінде тарихтың тасқа таңба салғандай мысалы – өткен ғасырдың отызыншы жылдары терең әлеуметтік дағдарысты бастан кешкен Германияның бас-аяғы он жыл ішінде, яғни қырқыншы жылдардың басында Кеңес үкіметі, Ұлыбритания, Франция, АҚШ сияқты әлемдік биліктегі аты аян елдер әскерлеріне қарсы бір мезгілде соғыса алатындай қуатқа қол жеткізуінің бірден-бір себебі – инженерлік-техникалық кадрлар корпусын даярлаудағы жүйелі жетістіктері.

Инженерлік-техникалық кадрлар әзірлеудің мемлекеттік стратегиясы мектеп білім беру бағдарламарын мейлінше қамтып, техникалық факультативтік сабақтар, сыныптар мен үйірмелер жандандырылуы қажет. 

Төртінші. Әсіресе техника салаларында пайдаланылатын орыс тілін жеткілікті үйренуді жалғастыру. Техникалық салаларда кадрларды мемлекеттік тілде даярлауда қажетті нормативтік-құжаттық база жетіспейтіндігін мысалмен айтсақ, өндірісті автоматтандыру жүйелерін жобалауға қатысты отыздан астам негізгі ГОСТ-тардың, нормативтік құжаттардың бәрі орыс тілінде. Өндірістік технология орыс тілінде. Жоғарыда аталған «Қазмырышқа», «Үлбі металлургия зауытына» жұмыс сұрап келген мемлекеттік тілін жетік меңгерген, орысша білмейтін қазақ инженер асқан бейшара болып көрінер еді. Латыншаға көшетін болсақ қазіргі барымыздың өзінен айрылып, мамандардың буын жалғастығы үзіліп, мәңгірудің сауатсыздандыру арқылы іске асатын «гумандық» жолына түсуіміз әбден ықтимал. Қазақтың ғылыми-техникалық прогресс соңында жетім тайлақтай ілініп келе жатқан бір себебі – латын тілін емес, өндірістік технологиялар тілін білмейтіндігі. Ондай тайлақ біреулерге жем болады.

Бесінші. «Алдаркөселік», «тазша балалық» идеологияны тыйуымыз керек. «Алдап, өтірік айтып есеңді қайтарасың, пайда көресің» деген тәрбиемен бала жасынан бастап сананы улауды тоқтатқан дұрыс. Бұндай теріс ықпалмен өсіп келе жатқан, әлі оң мен солын айыра алмайтын баланың біреуде бар, өзінде жоқ нәрсені (талантын немесе, мысалы, планшетін) әділетсіздікке бағалап, «есесін қайыруға» талпынуы әбден ықтимал, бұл – психологиялық себеп-салдар байланысы айқын құбылыс. Қазақтар арасында үкіметті не банкты, не біреулерді «алдап соққандар» туралы қызыға айтылатын әңгімелер үйреншікті көрініс.

Не нәрсенің де, оның ішінде ертегілердің де, әдеттің де, технологиялардың да, озығы бар, тозығы бар. «Ата салтымыз еді» деп өркениет жетістігіне ілеспейтін, кейде – кертартпа, орта ғасырлық ұстанымдармен қалып қоймай, екінші жағынан – «жаңашылдық деген осы» деп реформалармен әуегейленіп барды жойып, бұза бермей, жұмыс істеп тұрған, уақыт сынағына ысылған жүйелердің артықшылығын сақтай отырып, ұтымды пайдаланатындай салмақталған ұйғарым – ұлттық идеялогиямыздың маңызын түзуге тікелей қатысы бар факторлар.

Жанбай Өзденбаев, 

ғылым кандидаты