АРАҚ ІШІП, АЙУАНҒА АЙНАЛҒАН...

АРАҚ ІШІП, АЙУАНҒА АЙНАЛҒАН...

АРАҚ ІШІП, АЙУАНҒА АЙНАЛҒАН...
ашық дереккөзі

Лұқпан хакім: «Адамның 362 тамырының біреуі ғана харам», – депті. Кейде адамдардың санаға сыймайтын айуандық әрекет жасағанын естігенде, бір тамыры ғана емес, тұла бойы харамдай тірлік жасайтыны несі деп таң қаласың. Пешенеге жазылғаннан қашып құтыла алмайсың дейміз. Бірақ пешенеге екі нәрсе бірдей жазылады, соның жақсы жағына бару адамның өз қолында болады екен. Ол әркімнің өзіне байланысты. Ал психологтар адамдардың қатыгез, қайырымсыз болуына, әділетсіздігіне таңғалу – тастың төмен қарай құлдырауына, жалынның жоғары қарай жануына таң қалғанмен бірдей дейді. 

Сот алдында тұрған Батырбек Әуелбаев есімді жігіт Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы, Гүлістан ауылында осыдан 33 жыл бұрын дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Еліміз егемендік алған жылдары ата қонысқа көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған. Ақмола облысының Целиноград ауданында әйелімен, кәмелет жасына толмаған үш сәбиімен бірге өмір сүрген. Тепсе темір үзетін жігіттің орта білімнен артық білімі болмауына байланысты бір мекемеде күзетші болып жұмыс істепті. Әйтеуір екі қолға бір күрек, жұмыссыз үйде отырмағанына шүкір дейсің мұндайда. Батырбектің бір кемшілігі – ішімдікке әуестігі. Ол ішімдік ішкен күні отбасы кәдімгі тозақ есігі ашылғандай күй кешеді екен. Әсіресе буыны бекімеген тоғыз жасар Бағлан, сегіз жасар Дархан және бес жасар Шакира жандарын шүберекке түйеді. Өмірдің парқын ойламақ түгілі аузы құрғамай ішуден азғындап, орда бұзар жастан сәл асқан Батырбекті сот 8 жасар ұлын ұрып өлімші халге жеткізіп, 5 жасар қызын қасақана азаптап өлтіргені үшін соттады. Иә, Батырбекті аздырған арақ болатын. 

Түркі елдерінің барлығы 2013 жылғы ұлыстың ұлы күнін қарсы алып, қуанып жатқан күндердің бірінде үйге мас болып келген Батырбек ашуланып, әдеттегі дағдысымен әй-шай жоқ жұлына бастаған. Әкесінің жұдырығына әбден еті үйренген үлкен ұл Бағланның бар арманы кіші екеуін соққыдан сақтап қалу. Оңтайлы тұсты пайдаланып, қос бауырын қолқалап, ең түкпіргі бөлмеге кіргізіп, есікті іштен құлыптап алды. Бұл олардың әкелері мас келгенде істейтін әдеттері. Мас әке ұрынарға қара таба алмай сол бойы жатқан да ұйықтап қалған. Тура бір сағат өткесін балалардың даусынан оянып кетіп, ашуланып, айғайды салды. Кейін ересектеу Бағлан сотқа: «Әкем Дархан мен Шакираның ойнап, айғайлаған даусынан оянып кетіп, екеуіне қатты ашуланды. Сосын есікті аша алмағасын қабырғаны сындырып, біздің бөлмеге кірді. Ана екеуі қорқып жылай бастап еді ол онан сайын ашуланды»,– дейді сол қаралы күнді есіне түсіріп. 

Содан қолына іліккен кіші ұлын жерден көтеріп алып, қайтадан жерге лақтырған. Осы әрекетін бірнеше рет қайталаған. Оған қоса сынған қабырғаның гипсакартон жұлындыларын алып сабаған. Содан кейін оның қармағына бес жасар Шакира іліккен. Шакираны да бас асыра айналдырып, басымен жерге ұрғылап, бірнеше рет лақтырған. Мұны азсынған жауыз әке сәбиді көтеріп алып, ыстық пештің үстіне отырғызып қойып, қызының әкелеп жалынғанына қарамай қинаған. Содан кейін ғана оны тулақша лақтырып жіберіп, түк болмағандай тәтті ұйқыға кеткен. 

Бағлан бұл уақытта анасымен хабарласып, әкесінің өздерін ұрып жатқанын айтыпты. Аналарының қолынан келгені тек көршісінің үйіне телефон соғып, балаларды үйден алып шығуын өтіну болған. Көрші әйел барғанымен Батырбек балаларды бермеген. Көрші хабарласып, мән-жайды айтып, оның өзінің тезірек үйге жетуі қажеттігін айтқан.

Балалардың анасы З.Тошпулатова жұмыстан тек 18-00 де келген. Есікті ешкім ашпағасын терезеден қарап, балаларының әр жерде қансырап жатқандарын көрген. «Есік ішінен жабылып тұр екен. Есікті итеріп, ілгекті сындырып ішке кіргенімде Дархан мен Шакираның бет-ауыздарының қан-қан болып жерде жатқандарын көрдім. …Дархан мені көргенде: «Мама, папам Шакираны өлтіріп тастады-ау, даусы шықпайды», – деп қарындасын көрсетіп жылады. Шакираны өлді деп ойлағаным жоқ, әкесінен қорқып ұйықтап қалған шығар деп жерден көтеріп алып, бет-аузын суық сумен жудым, бірақ қызым сол кезде-ақ ес-түссіз күйде жатыр екен. Қызымның құйрығы мен саны үлбіреп күйіп қалыпты, тіпті іріп кеткен…», – деп кейін сотта қан жылайды сәбиін сақтай алмаған ана. Сөйтіп жүгіріп барып көршілерінен көмек сұраған. 

Көрші Н.Жұмабаева сотта бұл отбасын көптен бері білетінін айтты. Балалардың анасы үнемі күйеуі ішіп алса өзін, балаларын да ұратынын, олардың қорқынышпен күн кешіп жүргендерін айтқан. Сол күні де оқиғаның басы-қасында болған. Екі баланы көлік тауып аудандық ауруханаға жеткізуге көмектескен.

Аудандық аурухана дәрігерлері басынан бірнеше соққы алған Дарханның өмірін сақтап қалғандарымен басы мен денесінде сау-тамтығы қалмаған Шакираны аман алып қала алмаған. Шакира ауруханада тілге келместен көз жұмған. 

Сотта Батырбек кінәсін мойындап, өзіне өлім жазасын беруді сұрады. 

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өз үкімімен Әуелбаев Батырбек Сафарұлын ҚР ҚК 96-бабының 2-бөлігі, «д,о» тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге он төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айырды және өзінің зайыбына 1 000 000 теңге моральдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарды. 

«Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмаған және солардың ақыл-ойы мен іс-әрекетінің игілігін пайдаланып, жемісін тұтына алмаған қоғам ауыр дағдарысқа ұшырайды», – дейді Әл-Қайс. Осындай отбасыларды тізімге алып, сәбилерді қорғауына алатын арнайы мекемелердің қалай жұмыс істеп отырғандығы таң қалдырды бізді. Тек алдағы уақытта мұндай сұмдыққа жол берілмесе екен дейміз. 

 Айсұлу Рүстембек,

Ақмола облыстық сотының

 баспасөз хатшысы