Нақты ғылым қазақ тілін керексінбей тұр
Нақты ғылым қазақ тілін керексінбей тұр
Ол өз кәсібін құрылыс саласында бастаған. Кез келген істің көзін тапқан ғана кәсібін өрге домалата алады. Арман Байқадамның да кәсіпкерлік саласындағы жобалары сәтсіз емес.Ол өз кәсібін құрылыс саласында бастаған. Кез келген істің көзін тапқан ғана кәсібін өрге домалата алады. Арман Байқадамның да кәсіпкерлік саласындағы жобалары сәтсіз емес. Бүгінде білдей Baikadam Holding-тің тізгінін ұстап отыр. Бірнеше кәсіпті меңгеріп, бизнес-инженерлік салада өз ісін жақсы игерген маманның латын қарпіне көңіл аударуының сыры неде деп ойлағанбыз әуелде. Ал, оның жауабын кәсіпкердің өзі айтқан.
– Арман мырза, естуімізше, сіз кәсіпкер екенсіз. Құрылыс саласында бірқатар жетістікке жеткен кәсіпкердің латын қарпіне ерекше ықылас аударуының сыры неде?
– Жалпы, жеке кәсіппен айналысуды бала кезімнен армандадым. Құдайға шүкір, кәсібімді бастағаныма, төрт жыл болды. Негізгі кәсібімді құрылыс саласынан бастағам, бүгінде энергетика саласында еңбек етіп келемін. Ал латынға қызығуымның сыры неде дегенде, кез келген компания өзінің даму жолында стратегиялық жоспарын жасайды. Еліміздің 2050 деген стратегиялық жоспары сияқты, біздің компаниямыздың да өзіндік жоспары бар. Сол сияқты алдағы уақытта біз құрылыс саласында жүре береміз бе, әлде, басқа саламен айналысамыз ба, бұл болашағын ойлаған кез келген кәсіпкердің қаперінде болатын зат. Қай салада жүрсек те, енді жиырма-отыз жылда барлығы да электронды болары сөзсіз. Керек десеңіз, бес-он жылдың ішінде. Ол кезде біз қай бағытта жұмыс істейміз? Мен үшін IT бағытының жөні бөлек. Сол бағытта жұмыс жасайтын болсақ деген ойдан, латын қарпіне ауысу идеясы туды. Егер біз болашақта электронды бағытта жұмыс жасар болсақ, қазақ тілінің жағдайы қандай болады дегенді де бір сәт ойлануымыз керек. Біз латын қарпіне көшпесек, қазақ тілінің де жұтылып кету қаупі бар. Сіз нақты ғылымдарды тізіңізші. Нақты ғылымдарға математика, физика, химия, биология, медицина, кибернетика, ғарыш саласы кіреді. Бұл саланың бәрі баяғыдан қазақша сөйлемейді. Құрылысыңыз да, энергетикаңыз да, қаржы саласы да мүлдем қазақша сөйлемейді. Түсініксіз жазылған, қазақша аударылған мардымсыз кітаптар мен оқулықтар бар. Негізгі оқулықтардың бәрі өзге тілде. Өнер мен мәдениет, әдебиетте қазақ тілі сайрап тұр. Ол деген бүгінгі қоғамның, жалпы, ғылымның 10-15 пайызынан аспайды. ХХІ ғасырда қоғамды нақты ғылымсыз дамыту мүмкін емес. Егер біз қазақ тілін нақты ғылымға енгізе алмасақ, бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз қиын. Бәлкім, орысша, ағылшынша сөйлейтін мемлекет қалыптастырармыз. Даму көшінен қалып қойған кейбір ауылдарда қазақ тілі сақталар. Мұның өзі болжам ғана. Бірақ, ол өркениетке ілесе ала ма? Ары кетсе, бес-он жыл өмір сүретін шығар. Бір ғана мысал, әлемнің дамуына орасан ықпал ететін жүздеген компаниялар бар. Мәселен, IBM, APPLE, SONY және тағы басқалар. Бұл компаниялар әлемнің дамуын өзгертеді. Бұл компаниялардың өнімдері біздің тілімізді жұтып жіберуі мүмкін. Шығып жатқан технологиялардың қарқыны сұмдық жылдам. Біз оның соңынан ілесіп үлгере алмаймыз. Ілесу үшін қазақ тілін жинап қойып, ағылшынша сөйлеуіміз керек. Сондықтан, латын қарпіне ауысу мәселесі ұлт болып жоғалып кетпейік деген ойдан туған дүние. Графикада тұрған ештеңе жоқ, ең бастысы тілдің жаны болса болды. Мейлі ол латын, мейлі ол кириллица болсын, ең бастысы, қоғамның бәсекелестігін арттыратын тіл болса болғаны. БҰҰ-да алты тіл бар. Сол алты тілдің арасына қазақ тілі қосыла ала ма? Бәсекеге қабілетті бола ала ма? Жыр, эпос, ауыз әдебиеті жағынан келер болсақ, қазақ тіліне жететін тіл жоқ әлемде. Бірақ қазақ тілінде ғылымның тілі дамымағандықтан, жаңағы алты тілге төтеп бере алмайды. Менікі, осыдан туған ой.
– Латын қарпіне көшу бір жылда немесе бес жылда бітетін шаруа емес. Өзіңіз білесіз, Түркия мен Өзбекстанда латын қарпіне көшу кезінде бірқатар кемшіліктерді бастан кешірді. Латын қарпіне көшу жолында қандай қателіктерге жол бермеуіміз керек? Қандай кезеңдерден өтуіміз керек?
– Мен мұны құрылыс саласымен түсіндіріп берейін. Құрылыс саласын бастамас бұрын, оны жобалау деген болады. Жобалау жұмысын бастамас бұрын, ең әуелі, жоспарын құрамыз. Мәселен, Түркияда Ататүріктің шешімімен бір күнде латын қарпіне көшуді бастап кеткен. Былайша айтқанда, үйді салуды бастаған. Біздің ұсынып отырғанымыз, үйді салмас бұрын, оны жобалау жұмысы. Оның техникалық, экономикалық сараптамасы. Жеті рет өлшеп, бір рет кесу. Егер жобадан қате жіберсеңіз, сіздің құрылысыңызда үлкен қателіктер болады. Жоба дұрыс болса, құрылыстың да сапасы жақсы болмақ. Түріктердің қателіктерге жол беруі жиырмасыншы ғасырдың басында өтті. Қазір техниканың дамыған уақыты. Латынға өту үшін жоғары технологияны пайдалана алсақ, ешқандай қиындық болмайды. Шындап келгенде, бір айдың ішінде латын қарпіне көшуге болады. Бұл жерде қолды байлайтын стандарттарды бекіту, заңнамалық актілерді шығару. Методикалық әдістемелік дайындап, оқушыға үйрету жағынан қиындықтар болуы мүмкін. Оның өзі ары кетсе екі-үш жылда шешілетін мәселе. Неғұрлым тез өтсек, соғұрлым ақшаны да үнемдейміз. Сондықтан, бұл мәселеде, арқаны кеңге салып, ұзақ уақыт керек деп отыратын заман емес. Техника қарыштап, ерекше жылдамдықпен дамып келеді. Сол себепті де бізге латынға тез өтіп кету керек.
– Латын қарпіне көшу мәселесі басталғалы бері бізде бірізділік жоқ. Зиялыларымыздың көбі «қаншама жыл жинаған жауһарларымыздан айрылып қаламыз ба?» деп қауіптенеді. Шындығында солай ма?
– Негізі біз архивке алаңдаймыз. Ұлттық кітапхананың қорында, менің білуімше, алты миллионға жуық кітап бар. Алты миллион кітаптың бәрі қолдан-қолға түспей оқылады дегенге сену қиын. Оның қаншасына кеңестік солақай саясат ықпал еткен. Жастарымызды тәрбиелейтін біршама классиктеріміздің шығармалары болмаса, көбіне оларды қызықтыратын өз мамандығына қажетті дүниелер ғана. Өйткені, ол сол сала бойынша өз нанын тауып жейді. Архивті аудару мәселесіне келер болсақ, жаңа технология дамыған уақытта ол кітаптарды сканермен тез аудара аласыз. Мәселе, жоғалып кетпеуде емес. Мәселе, тұтынушыда. Кез келген кирилл қарпінен латынға бір сәтте аударуға болады. Олардың байбаламдарын маман ретінде мен түсіне алмаймын. Олардың өздері де түсінбейді. Егер олар IT маманына хабарласып, «кітапты қанша уақытта аударасың» деп сұрар болса, «5-10 минутта» деп жауап берер еді. Түсінесіз бе?
– Сонда «латын қарпіне көшуге қарсымыз» деп, ашық хат жазып жүрген ағаларымыздың қаупі неде?
– Олардың басты кемшілігі – түсінбеушілікте. Ол кісілер, меніңше, қазіргі әлемнің дамуын түсінбейді. Ойлау жүйесі де ескіше. Кеңес дәуірінің ұраншыл бағытын әлі күнге ұстанып келеді. Әлем сағат сайын өзгеріп тұрғанын, ақпараттың ағыны күшті заманда, мұндай процестің керектігін, ол кісілер түсіне қойған жоқ. Себебі, ойлау жүйелері кертартпа күйде қалып қойған. Ғылыми негіздемеге келер болақ, олардың айтып жүргені негізсіз. Олардың арасында белгілі бір саланың маманы жоқ. Тіл маманы ғана емес, арасында ядролық физика, медицина саласының маманы, өндірістік химия ғылымының маманы, математиктер бар ма? Сандық технология, астрономия, биотехнология, гендік инженерия саласының мамандары көрінбейді.
– Нақты ғылым саласының мамандары латын қарпіне көшуді қолдайды деп ойлайсыз ба?
– Нақты ғылым саласындағы мамандарға келер болсақ, жоғарыда айтып кеткен мамандық иелері, оның ішінде медицина саласында жүрген мамандар латын қарпіне баяғыдан көшіп кеткен. Дәрі-дәрмектің бәрі латын қарпінде жазылады. Диагноздар латынша жазылады. Дәрігерлер мұны күнделікті өмірде қолданады. Бірізділікке келер болсақ, латын қарпін даярлау филолог, не болмаса, тарихшының жұмысы ғана емес. Бұл жұмысқа нақты ғылым өкілдерін шақыру керек. Бәрі бірлесе отырып шешетін дүние. Мәселен, IT маманы немесе тіл маманы ұсынды делік. Технологияны меңгерген мамандар қазақ тіліне тән үндестік заңын түсіне бермейді. Ал тіл маманы ұсынса, біз жобалаған жиырма алты әріптен асып кетеді. Нақты ғылым мен қоғамдық ғылымның өкілдері бірлесіп, қарастыруы қажет еді. Сондықтан, бірізділік болған жоқ. Мен кішкентайымнан математикаға жүйрік болдым. Пифагорды жаттап өскен адаммын. Жас кезімде әлем саннан тұрады дегенді түсінбейтін едім. Қазір түсініп келемін. Осы заманда сандық технология дейміз. Барлық затымыз санға келіп тіреледі. Одан кейін ағылшын филологиясын оқыдым. Қазақ тілін бір кісідей білем. Осының бәрін ұштастыра білуге тырыстым. Кәсіпкер, ағылшын тілінің маманы болумен қатар, қазақ тілінің төл заңдылықтарын да білу міндет. Сосын Стив Джобстың принциптерін басшылыққа алып, неғұрлым қарапайым, неғұрлым күрделендірмей, ыңғайыма келтіріп, жасауға тырыстым.
– «Арман Байқадам» жобасын кімге көрсеттіңіз?
– Ең бірінші, жақын жолдастарыма көрсеттім. Оның ішінде, тіл мамандары да бар. Кәсіпкерлер де бар. Нақты ғылым саласындағы мамандар бірден қолдады. Тіл мамандары қарсы шығып, өздерінің пікірлерін дәлелдеуге тырысты. «Қазақ тілінің төл табиғатын құртасың» дегендер де болды. Бірақ ақырында менің жобамның дұрыстығына көз жетті. Қосылды. Түсінді, зерделеді. Қазір үш докторант, бір магистрант бірігіп, осы мәселені қозғап отырмыз.
– Нақты тіл мамандары бар ма арасында?
– Нақты тіл мамандары дегенде, екі докторантымыз, бір магистрымыз филология факультетінде оқыған. Ішінде мен ғана Еуропаның бизнес мектебінің докторантымын.
– Тіл білімі институтына осы жобаны ұсынып көрдіңіз бе?
– Ұсынған жоқпыз. Бізде мемлекеттік институттар бар. Олардың ұсынған нұсқаларын қарап шықтық. Онда да кәсіби мамандар бар шығар. Алайда, олардың тәжірибеден гөрі, теориялық білімдері басым, шетелдік, еуропа тілдерімен салыстыру тәжірибелері кемшін көрінді. Мен бұл жобаны әлеуметтік желілердің талқылауына салдым. Сол арқылы қоғам ішінде тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Тіл мамандары тарапынан әзірге қарсылықтар бола қойған жоқ. Конструктивті диалог болды. Көпшілік қолдау білдіріп отыр. Жалаң ұлтшылдыққа салынған кейбір адамдар болмаса, жалпы, қоғамдық қарсылықтар болған жоқ.
– Әлеуметтік желіде қай кезден бастап, талқылана бастады?
– Осы жылдың 24 қазанынан бастап, әлеуметтік желіде жобамызды талқылауға ұсындық. Күніне бірнеше пікірлер айтылып жатыр. Қолдаушылар өте көп. Қарсы пікір білдіргендер де бар. Оның өзі ғылыми практикаға негізделмеген сауалдар төңірегінде.
– Сіз ұсынған нұсқада латын әліпбиі 26 әріптен аспайды екен. Мұның себебі неде? Қазақтың төл әріптері жұтылып кетпейтініне кепілдік бере аласыз ба?
– Постиндустриялдық мемлекетке айналу үшін, оның негізгі шарты – есептеу, смарт, сенсор технологияларын меңгеру. Алдыңғы қатарлы ел болу үшін, біздің тіліміз ағылшындар салып кеткен 26 әріптен тұруы қажет. Ондай болмаса, есептеу және басқа да жоғарғы технологияларды жасай алмаймыз. Онда бізде ерекшелік болмайды. Қазіргі кезде басты мақсат – коммуникативтік тілмен қатар, бағдарламалауды (программирование) ұтымды ұштастыру. Дәл осы салада ағылшын тілі аясында программалауда тотальды жетістікке жеткен әлемде IBM сынды компания жоқ. Егер біз қазақ тілін латынның 26 графикасы аясында есептеу, смарт, сенсор технологияларды программалайтын болсақ, ағылшын тілімен қатар бәсекеге түсе аламыз.
– «Қазақ тілінің жағдайын түзеуге латын қарпінің ықпалы зор» дейсіз. Сонда латын қарпіне көшсек, қазақ тілінің мәселесі шешіледі деп ойлайсыз ба?
– Бүгінде қазақ тілінің әлеуеті өте шектеулі. Нақты ғылымдар саласындағы терминдеріміздің көбі латын қарпінде. Латын қарпіне көшсек, қазақ тілі нақты ғылым салаларына емін-еркін еніп кетеді. Осы арқылы тілдің проблемасын түбегейлі шешеміз. Қазақ тілінде ешқандай дау болмайды. Термин мәселесі түбегейлі шешіледі. Орфография мен орфоэпия нақты орын алады. Еріндік, езулік мәселесі де өз қалпына келеді. Латын қарпі арқылы тілдік нормаларды жөндеп аламыз.
– Орысша оқып, орысша сөйлейтіндер латын қарпін қолдайды деп ойлайсыз ба?
– Орысша ойлап, орысша сөйлейтіндердің көпшілігі ағылшын тілін жақсы біледі. Оларға латын қарпі қиындық тудырмайды. Ойлау жүйесі артта қалып қойған адамдар болмаса, олар бұл мәселеде қазақтілділерден әлдеқайда озық. Керісінше, орыс тілділер үшін латын қарпі қазақ тілін үйренуге көп мүмкіндік береді.
– Сіз ұсынып отырған жобадан бөлек, жүз шақты жоба бар. Сіздің жобаңыздың ол жобалардан қандай айырмашылығы, ерекшелігі бар?
– Көбісімен танысып шықтым. Менікі жақсы, олардікі жаман деп айтпай-ақ қояйын. Кез келген кәсіпкердің бір ғана принципі бар: бәсекелестікке төтеп беретін графика жасау. Дәл қазір сол бәсекелестік ортаға салған жалғыз ұсыныс – осы ғана. Қазақ тілінің үндестік заңы мен латынның 26 әрпі үйлесім тапқан ешқайсысы жоқ.
– Арман Байқадам ұсынған жобаны бекіту мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Әлеуметтік жүйелерде мұны барынша түсіндіріп келеміз. Мәселен, «Жеті ғасыр жырлайды» атты жинағын латын қарпінде жазып көрдік. Латын қарпінде тамаша оқылады. Меніңше, ешқандай қиындық жоқ сияқты.
– Кәсіпкер ретінде өз жобаңыздан пайда табамын деп ойлайсыз ба?
– Бұл жобаны нарыққа шығару, оны бекіту жолында, керісінше, қыруар қаржы жұмсаймын. Тіл мамандарын тартып, зерттеп-зерделеу, жұмыс істеудің өзі біршама уақытты кетіреді.
– Кәсіби менеджерлер ақшаны шығаруды емес, шыққан ақшадан пайда табуды ғана ойлайды емес пе?
– Жоқ. Ақшаны емес, нарықты бірінші кезекке қоямыз. Біздің латынға өтуіміздің өзі үлкен нарық болады. Біз бағдарламаларды қазақшалауға күш жұмсаймыз. Астанамыздың Алматыдан Астанаға көшуінің өзі үлкен нарық болды. Бұл да солай. Қазақ тілі, математика, өзге де сала-сала бойынша оқулықтарды дайындау, қанша адамға жұмыс болады?! Өзіңіз ойлап көріңізші, Майкрософтты орысшаға аударудың өзі де үлкен жұмыс емес пе? Құрылыс саласында ABC, бухгалтерияда 1С іспеттес, барлық саладағы, керек десеңіз мемлекеттік құжат алмасу (документоборот) LOTUS-NOTES, қорғаныс саласындағы бағдарламалардың барлығын өзге елден сатып алмай, отандық мамандар жергілікті өнім ретінде қазақша жазып шығамыз. Сондықтан, мұның экономикалық эффектісі жоғары болады. Кемінде 10-20 жылдық жұмыс.
– Кәсіпкердің латын қарпіне көшуге жоба ұсынуы, қазақ тілін дамытамын деуі патриоттықтан туындап отыр ма?
– Өзім, өзімнің отбасым тілден көріп отырған жоқпын. Мен бірнеше тілді меңгергенмін. Балаларым да солай. Бірақ латынға көшу – қазақ тілі, қазақ ұлты жоғалып кетпесе деген қауіптен туындап отыр. Қазақтың әлемдік бәсекелестіктегі әлеуеті артар еді. Тұтынушы ел болып қашанға отыра береміз? Қазақтың дәурені де жүру керек. Елбасымыз айтып кеткендей, ХХІ ғасыр – қазақтың дәуірлейтін кезеңі, алтын ғасыры болады деген ойдамын. Ол дәуір латын қарпімен тікелей байланысты.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС