Шетелден келген көліктер неге арзан?

Шетелден келген көліктер неге арзан?

Шетелден келген көліктер неге арзан?
ашық дереккөзі

Отандық автонарықта көлік бағасы арзандап жатқанына да бірнеше ай болды. Ресей рублінің күрт төмендеуінің әсерінен өткен жылдың соңында қазақстандықтардың көрші елден арзан көлікті толассыз тасымалдағаны белгілі. Мұның зардабын еліміздегі автосалондар тартты. Отандық көлік саудасы тұралап қалғандықтан, Қазақстан автонарығындағы баға да бірден төмендеген еді. Айына орта есеппен 30 көлік сататын автосалондар жыл соңында 10 көлікті әрең өткізуге мәжбүр.

Ресейден жаппай көлік сатып алу отандық көлік шығарушыларды әбден тығырыққа тірегені айтпаса да түсінікті. Өйткені арзан тауарға сұраныстың артуы – нарық заңдылығы. Оның үстіне, еліміздегі көлік бағасының көпке қолжетімді еместігі де жасырын емес. Отандық автосалондардан көлік сатып алуға қауқары жетпегендерге Ресей рублінің құнсызданып, ондағы көлік бағасының төмендеуі жағымды жаңалық болды. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сай одаққа мүше мемлекеттер арасында кедендік кедергілердің жоқтығы көрші елдердің автокөліктерінің өтімділігін одан әрі жоғарылатты. Соңғы уақытта Ресейден шығатын көліктер ғана емес, сол елде құрастырылатын оңтүстіккореялық және жапондық автокөлік түрлеріне де сұраныс артыпты. 2014 жылдың қараша-желтоқсан айларында Ресейден елімізге 34 мыңға жуық көлік жеткізілген. Ал қазір бұл көрсеткіш 50 мыңға жетті. Сондай-ақ, көрші елдегі жағдайды пайдаланған кейбір алыпсатарлар көлік саудасын әп-сәтте қыздырып үлгерді. Осы жағдайлардың барлығы еліміздегі көлік саудасының төмендеуіне әсер етті. Тұтынушылардың сұранысы төмендегендіктен, компаниялар көліктердің бағасын арзандатуға мәжбүр. Халықтың үлкен сұранысына ие «Toyota Camry 50» автокөлігінің құны Ресейдің автосалондарында 1 миллион рубльге жуық, яғни 17 мың доллар шамасында болды. Сол сәтте дәл осы көлік үлгісі қазақстандық автосалондарда 35 мың долларға бағаланған. Міне, екі елдегі баға айырмашылығы жер мен көктей, яғни, Қазақстандағы көлік бағасы Ресейге қарағанда екі есеге қымбат. Сарапшы мамандар болса, тұтынушылардың көрші мемлекеттің автонарығын жағалағаны отандық автосалондар үшін үлкен сабақ болады деп қорытындылауда. Мамандардың айтқанындай болды да. Еліміздегі автосалондарда машина құны жыл басында бірден 30 пайызға, кейін тіпті, 40 пайызға дейін төмендеп кетті. Соның салдарынан отандық темір тұлпар саудалаушылар шығынға батқан. Өйткені нарық заңына сәйкес елдегі автокөліктер бағасы төмендесе де, тұтынушылардың талғамына талас болмай тұр. Ресей автомобильдері бәрібір де отандық көліктерден әлдеқайда арзан. Қазақстан автобизнес қауымдастығының ұсынған деректері бойынша, отандық автонарықта ресми түрде 7774 жеңіл және жүк көлігі сатылған. Елімізде құрастырылған автомобильдердің де сатылымы азайыпты. 2015 жылдың қаңтар айындағы құлдырау көрсеткіші – 62,21 пайызға жеткен. Ішкі нарықтағы қазақстандық автокөліктердің саудасы 12,04 пайызға азайды. Жыл басынан бері жаңа автомобильдердің саудасы 11,53 пайызға қысқарған және 205,7 миллион долларға көлік құралдары сатып алынған. Отандық автомобиль өндірушілер 25,1 миллион долларға көлік сатқан, ал бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 55,96 пайызға төмен. Коммерциялық мақсаттағы автокөліктер сатылымы да 40,69 пайызға құлдырады. Отандық автокөлік сатылымының құлдырағаны туралы Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтылған. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті. ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осы отырыста отандық автоөндірушілерді қолдау үшін 20 миллиард теңге бөлінетіндігін хабарлады. Еліміздің көлік нарығындағы сауда-саттық көлемі 20 пайызға төмендеді. Соңғы бес жыл ішінде автокөліктер бағасы біртіндеп құлдырай бастағаны байқалуда. Былтыр елімізде құрастырылған 37 мың темір тұлпардың 32 мыңы ғана сатылыпты. Шетел нарығына жұтылып кетпес үшін енді қазақстандық автосалондар отандық көліктердің үлесін одан әрі арттыруды көздеп отыр. Елімізде шетелдік танымал маркалы машиналарды құрастыру қарқын ала бастағанымен, көлік нарығындағы импорттың салмағы басым. Бүгінде сатылымдағы көліктердің 80 пайызға жуығы шет мемлекеттерге тиесілі. Ал ресейлік автокөліктер үлесі мұның жартысынан көп. Өз елімізде қолжетімсіз болғандықтан, қазақстандықтар өзге елдердің өніміне құмар. Көлік тасымалдаушылардың көпшілігі автокөлікті Челябинск, Самара, Новосібір, Саратов, Омбы қалаларынан жеткізеді екен. Қазақстанда құрастырылған көліктер қарапайым халықтың қалтасын біраз жұқартатындықтан, таңдау әлі де көрші елдің темір тұлпарларына түсіп тұрғаны жасырын емес. Ал бұл жағдай өз кезегінде отандық машина жасау индустриясының аяғына тұсау салды. Биылғы жылы «СарыАрқаАвтопром» ЖШС 20 мың көлік құрастыруды жоспарлаған болатын. Алайда компания өз жоспарынан бас тартуға мәжбүр. «СарыАрқаАвтопром» тек 8500 ғана машинамен шектелмек. Тығырықтан шығар жол іздегендер жан-жақтан дабыл қақты. Ресейден жеткізіліп жатқан көлік нөпірі отандық автоөндірісті тұралатып тастайды дегендердің сөзінде жан бар. Тіпті, бұл ұсынысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жиынында Үкімет мүшелерінің құлағына да жеткізген. Сөйтіп, Ресейден келетін көліктерге шектеу қою мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл мәселе ақпан айының басында Мәскеуде болған екі ел үкімет басшыларының бас қосуында талқылануы тиіс болған. Алайда бұл жиыннан кейін Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев шектеу қою мәселесін Ресейдің шешетіндігін ғана айта алды. Ал тәуелсіз автомобиль одағындағылар Ресей көліктерінің тасымалдануына тыйым салынса, автокөлік нарығы 10 пайызға қымбаттайды деп отыр. «Егерде автокөліктерге қатысты шектеу нақты қойылатын болса, елдегі көліктер бағасының шарықтауына әкеп соғады. Ресми диллерлер мен көлік алыпсатарлары тағы да бағаны көтереді. Салдарынан көпшілік жұрт темір тұлпарға қол жеткізу үшін біраз ақшасынан қағылатын болады», – дейді тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков. Кәсіпкерлер сырттан келетін көліктерге тыйым салу арқылы шығынды қысқартып, шетке кеткен қаржыны қайтаруға болатындығына сенімді. Ақпан айында «Колеса» порталы Ресейде «Lada» автокөліктерінің 9 пайызға, ал «Toyota» компаниясының барлық модельдері 20 пайызға қымбаттағанын жазған болатын. Сондай-ақ, порталда Қазақстандағы автокөлік бағасының Ресеймен теңесуі мүмкін деген болжамын да ұсынған. Десек те, еліміздегі автокөлік бағасы бәрібір қымбат болып тұр. Жалпы, заң жүзінде Ресей автона­рығында сатылатын темір тұлпарлар өзге елдің азаматтарына сатылмайды. Алайда мұның да шешімін тапты сатып алушылар. Мысалы, алғысы келген автокөлікті Ресей азаматы сатып алып, оны артынан қосымша ақшаға қазақстандықтарға қайта саудалайды. Осындай жолмен қол жеткізген көліктер де бәрібір отандық темір тұлпарлардың бағасынан әлдеқайда арзанға түседі.