Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірткен Рахат Әлиев пе?
Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірткен Рахат Әлиев пе?
Естеріңізде болса, 2006 жылы ақпанның 11-і күні Алматыда саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағарлары Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынның мәйіті табылған болатын. Бұл іске Рустам Ибрагимов және тағы басқа тоғыз адам айыпты деп сотталған.
Рустам Ибрагимов саясаткерді өлтіруге тапсырыс беруші ретінде сол кезде парламент сенатының аппарат жетекшісі қызметін атқарған Ержан Өтембаевты атаған еді. 2006 жылы тамыздың 31-і күні айыпталушыларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру, ал Ибрагимовты тікелей ұйымдастырушы және орындаушы ретінде өмір бойы түрмеде қамау жөнінде үкім шығарған.
Алайда, 2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні жасалған мәлімдемеде «2012 жылғы 16 сәуір күні түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Ибрагимов қылмыстың бұдан бұрын сот органдарына белгілі болмаған жайлары жазылған арызбен Қазақстан Жоғарғы Сотына жүгінді. Бұл арызда ол бірінші рет адам өлтіруді жасағанын мойындады, оны қалай жасағанын егжей-тегжейлі бейнелеп берді, сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші шын мәнінде Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екенін көрсетті» делінген.
Енді Бас прокуратура Ибрагимовтың айтқандарын тексермек. Прокуратура өкілінің айтуынша, «2013 жылы 11 желтоқсан күні Қазақстан бас прокуратурасы Жоғарғы сотқа Алтынбек Сәрсенбайұлы, Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынды өлтіру жөніндегі іс бойынша шығарылған үкімді ішінара қайта қарау қажеттігі туралы қорытынды жолдаған».
Динара Дүрмән