«Күләш» экранға шығатын күн алыс емес
«Күләш» экранға шығатын күн алыс емес
Жуырда «Хабар»
арнасында қазақтың әйгілі әншісі Күләш Байсейітова туралы тарихи телефильмнің
премьерасы болады. Бес бөлімнен тұратын телехикаяда Күләштің 16 жастағы
бойжеткен күнінен бастап 1957 жылға дейін, яғни, өмірінің соңғы кезеңдері толық
қамтылады. Телехикаядағы басты рөлді актриса Әйгерім Уалжанова
сомдады.
«Қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, ұлы тұлға, әнші, актриса
Күләш апамыздың рөлін сомдау – мен үшін мәртебе, үлкен бақыт. Алла Тағаланың
берген бағы деп санаймын.Әрі бұл меніңкинодағы ең алғашқы және еңүлкен рөлім», – дейді Әйгерім УАЛЖАНОВА.
«Күләш» телехикаясы – «Хабар» агенттігінің ауқымды
жобаларының бірі. Сценарий авторы – Тимур Жақсылықов, продюсері – Баян
Есентаева. Түсірілім Орал қаласының ескі бөлігінде жүргізілді. Себебі, ол жерде
XVIII-XIX ғасырда салынған ескі ғимараттар жақсы сақталған. Кинотуынды
авторлары шынайы декорация көрерменге жақсы әсер етеді деген ойда. Костюмжөніндегісуретшілер де үлкен
жұмыс жүргізіп, кейіпкеріне 30-ға жуық образ ойлап тапқан.
«Біз мұндай интерьерді Алматыдан таппас едік. Сол себепті фильмнің
түсірілімі Орал қаласында өтті. Жалпы, фильм сәтті шығады деп ойлаймыз», – дейдіфильмнің
продюсері Баян ЕСЕНТАЕВА.
«Өмірі де, өлімі де жұмбаққа толы әйгілі жан туралы
фильм жасау оңай шаруа емес, әрі Күләш Байсейітова қазақ өнерінің дамуына зор үлес
қосқан айтулы тұлға. Сондықтан, ұзақ уақықа созылған зерттеулерден кейін, әншінің
өмірінің ең бір қызықты, ұрымтал сәттерін біріктіріп, біз осындай бес бөлімнен
тұратын фильм жасауға тырыстық. Бағасын көрермен бере жатыр. Бірақ, бұл
биографиялық емес, көркем фильм екендігін ұмытпағайсыздар», – дейді режиссер Жасұлан ПОШАНОВ
Кинотуындыда Күләштің даусын Астана опералық театрының әншісі
Жәмилә Жәркенбаева салады. Әрине, архивтегі әндер де қолданылады.
Сондай-ақ, фильмнің «Бір сұрақ» деп аталатын ресми саундтрегін дарынды әрі
танымал әнші Жанар Дұғалова орындады. Саундтрек ғаламторға жүктелгелі небәрі
екі аптаның ішінде 20 мыңнан астам көрсетілім жинап үлгерді.
Қазақ операсының дүлдүлі Күләш
Байсейітованың тағдыры қиындау болғаны белгілі. Қарапайым етікшінің қызы Құдай
берген дарыны мен талантының арқасында әлемді мойындатты. Ол осылайша небәрі 24
жасында КСРО-ның халық Артисі атанды.
Қазақтың тұңғыш опералық қойылымы.
Әйгілі «Қыз Жібек» операсының авторы Евгений Брусиловский. Қанабек пен Күләш. Жұмат
Шанин. Есімі күллі қазаққа танымал өнер тарландары. Қазақ музыка өнерінің биік
шыңына шыққан кейіпкерлерді сомдау осы фильм актерлеріне жүктеліп отыр. Күләш өмір
сүрген дәуір, яғни, қазақ өнерінің қарыштап дамыған кезеңін жекелеген тұлғалар
тағдыры арқылы ашу фильмнің басты мақсаты.
«Жасыратыны жоқ, қорқыныш көп болды. Бұл ойдан шығарылған
кейіпкер емес. Өмірде болған, Алаш жұрты білетін үлкен қоғам қайраткері,
белгілі тұңғыш режиссер. Осы рөл бұйырғаннан кейін шыны керек, уақытымыз аз
болса да осы кісі жайлы кітабын алып оқып, мағұлмат жинай бастадым», – дейді фильмде Жұмат Шанинді сомдайтын жас актер Әсет ИМАНҒАЛИҰЛЫ.
Телехикаяға жергілікті
театрлармен қатар, көршілес Ресейдің Самара қаласынан да актерлер шақырылды.
Евгений Брусиловский «Қыз Жібек» операсына енген
50-ден астам ән мен күйді өңдеді. Композитордың, сондай-ақ, әйгілі «Гәкку» әнін
де жаңаша түрлендіргені мәлім. Міне, осы идеяның қалай туғаны фильмде көрініс табады. Фильмде қолданылған пәуеске Оралдағы Пушкин
музейінен алынған. Кезінде осы арбаға ақынның өзі де отырып, Ақжайықты аралаған
деседі. Жұлдызды сәті туған жәдігерлер жалғыз бұл ғана емес. Фильмде сол кезеңнің
суреттері қанық болуы үшін музейде сақтаулы өзге де көптеген заттар қолданылды.
«Бір күні Евгений Брусиловскийді сомдайтын Самара қаласының
жас актері Алексей екеуміздің сахнамызды далада, мұражайдан алынған ескі ат
арбаның үстінде түсіреміз деді. Жер саз
балшық. Атымыз оң жаққа бұрылса, арбамыз сол жаққа кетеді. Сол жаққа бұрылса, оң
жаққа кетеді. Сөйтіп, қатты қорықтық. Алексейдің «Тоқтасақ қайтеді, шамалы ақырын
жүрейікші» дегеніне қарап, мен де қатты қорықтым. Сондай бір қызық оқиға болды.
Жан деген тәтті ғой», – дейді басты рөлді сомдаушы актриса Әйгерім УАЛЖАНОВА.
Гүл Бекзат